Суретті түсірген – Юрий Беккер
– Ереке, қарап отырсақ, Сайлау ағаның объективіне ілінбеген тақырып кемде-кем. Бүгінде қолдарыңызда қаншадай суреті сақтаулы?
– Өз ісін құлай сүйіп, оған бар болмысымен, тұтас жан дүниесімен берілген бір адам болса ол, шүбәсіз – менің әкем шығар. Жарты ғасырға жуықтайтын оның шығармашылығы халқымыздың мәдени-рухани өмірінің тұтас бір кезеңін бүгінге жеткізген тарихи суреттерден тұрады. Нақтырақ айтсам, оның 500 мыңға жуық суреті біздің қолымызда. Барлық негативтерін жинақтағанда 18 қорап шықты. Оларды цифрлы форматқа көшіріп, шетінен жүйелеп, реттеп келе жатырмыз. Дегенмен саралай келе, уақыт талабына, бүгінгі күннің маңызына жауап бере алатын тең жартысын жарыққа шығара алсақ, үлкен олжа болғалы тұр.
– Ал «Ақ пен қара» альбом кітабына мұның қаншасы енді?
– Ары кетсе 20-25 пайызы ғана қамтылған болуы керек. Мұның өзін жарыққа шығару ұзақ жылғы еңбектің жемісі болғанын айтуға тиіспіз. Ал бәрін бірден жариялау үлкен қажыр мен қыруар қаржыны қажет етеді.
– Кітапты өз қаржыларыңызға шығардыңыздар ғой? Жаңа айтып өткеніміздей, ағаның шығармашылық қорында еш жерде кездеспейтін тарихи маңызы зор жәдігерлер жетерлік. Солай бола тұра мемлекет тарапынан я болмаса қоғамдық ұйымдардан нақты қолдау болмады ма?
– Әзірге солай болып тұр. Осы жинақты әке алдындағы перзенттік парызымыз ретінде әпкем Айнұр Сайлауқызы бастап, біз қостап, өз қолымызға алдық. Мұншама тарих далада қалмауы керек қой. Бұл, ең алдымен, ұрпаққа, болашаққа қажет дүние. Алдағы уақытта тиісті орындар тарапынан бұған көңіл бөлініп, қолдау табылып жатса құба-құп. Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ туған жерінің орталығы деп Түркістан төрінде кітаптың таныстырылымын өткіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы лебізхатын жолдап, әкемнің түсірген суреттері ел тарихынан ойып орын алатын маңызды мұра екенін тілге тиек етті. Басқа да зиялы қауым өкілдері ізгі ниеттерін арнап, ықыластарын білдіріп жатыр. Бұл да болса әкемнің еңбегіне, шығармашылығына жасалған құрмет деп есептеймін. Осы ретте ұстаз алдындағы аманатқа адалдық танытып, кітапты құрастыруға бізге көмек көрсеткен Асылхан Әбдірайымұлына ерекше алғыс айтқымыз келеді.
– Асылхан Әбдірайымұлы, кітап неліктен «Ақ пен қара» деп аталды?
– Кітаптың тақырыбын қоярда Айнұр Сайлауқызы екеуміз ұзақ ойландық, ағаның көзін көрген замандастарымен ақылдастық. Бәрі ол кісіні тосыннан түсірудің шебері деп таниды. Сайлау ағаның «ақ пен қара суреттің ғұмыры ұзақ болады» деп айтқан сөзі бар. Кенет осы бір ой кітаптың тақырыбына сұранып-ақ тұрғанын аңғардық. Ол қазақтың небір марқасқа азаматтарымен қатар жүріп, өмір тынысын, еңбектегі елеулі жылдарын тарихқа таспалады. Солардың ішінде Шерхан Мұртазамен рухани достығы ерекше болыпты. Шерағаң ол кісіге «мені анау ақ пен қараңа түсірші, адамның болмысын нақты ашатын, дәл көрсететін осы сурет» деп айтқаны бар. Ақ пен қарада өмірдің философиясы жатыр. Күн мен түн, бар мен жоқ, жақсы мен жаман, бір сөзбен айтқанда өмірдің өзі. Сурет тілінде «ақ пен қара гамма алдауға мүмкіндік бермейді» деген де пайым бар. Ал түрлі түсті суреттер уақыт өте үгітіліп, тек қағаз ғана қалады. Кітапқа енген туындылар да, көрмеге қойылған 74 сурет те өмірдің әр сәтін ақ пен қара арқылы көрсеткен құнды дүниелер. Ағамыздың творчествоға тиянақтылығы сол, әрбір түсірген суретінің күні мен жылын, тіпті сағатына дейін жазып отырған. Бұл бізге кітапты баспаға дайындағанда үлкен көмек болды.
– Ұстазыңыз Сайлау Пернебаевтың мұрасы қайталанбайтын образдарға толы құнды дүниелер екенін қайталаудан жалықпаймыз. Ойға шомып отырған жас Мұқағали, Фариза қарындасына әлденені тебірене жеткізген Әбділда, махаббат жыршысы Әзілханның жан-жарымен сырласып отырған сәті, тағы сол сияқты бірінен-бірі өтетін тарихи суреттердің әрбірі жеке әңгімеге сұранып-ақ тұр...
– Сайлау Пернебаевқа тағдырдың өзі тарту еткен ғажайып сый болар, ол қазақ әдебиетінің алтын дәуірі атанған шуақты кезеңде руханиятымыздың кіл мықтыларының ортасында ғұмыр кешті. Әдебиет пен өнерде оның объективіне ілінбеген тұлға жоқ. Кенен Әзірбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Молдағалиев, Кемел Тоқаев, Әнуар Әлімжанов, Ғафу Қайырбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Бейсенбай Кенжебаев, Немат Келімбетов, Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкей сияқты ақын-жазушылар, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов сынды батырлар, өнер қайраткерлері Нұрғиса Тілендиев, Кәукен Кенжетаев, Ілия Жақанов, Райымбек Сейітметов сондай-ақ, Халифа Алтай, Асанбай Асқаров, Мұстафа Өзтүрік, тағы басқа жүздеген тарихи талант оның кейіпкеріне айналды. Олардың өзара әңгіме дүкен құрып отырған сәттері, риясыз күлкісі, қалың ойға берілген кездері сан қырынан көрініс табады. Бұл кадрлардың көпшілігі тосыннан түсірілген. Сайлау аға олардың көбімен рухани сырлас, пікірлес дос болды. Ең ғажабы, осы айтылған тұлғалардың кейбірінің тұтас шығармашылық жолын айшықтайтын, жеке альбомын жасақтауға болатын бірегей суреттер Сайлау Пернебаевтың жеке қорында сақталған. Биліктегі тиісті ведомстволар лайықты мән берер болса, ағаның қолтаңбасында баға жетпес мол қазына жатыр. Мәселен, бір ғана айтыс өнерінің өзін 32 жыл түсірген. Яғни ол кісінің қорында айтыстың ширек ғасырлық тарихы бар. Сайлау аға өткір мінезді, өз ісін жан-тәнімен сүйген адам. Шерағаң бастаған қаламгерлер оны «айтқыштығы» үшін жақсы көретін. Ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселенің бел ортасынан табылып, азаматтық үнін, көзқарасын жеткізіп жүретін.
– Ербол Сайлауұлы, әкеңіздің өмір өткелдеріне бір сәт көз жүгіртсек...
– Әкем о баста Леңгірде шахтада жұмыс істеген. Ленинградтан келген бір инженер оның винетка жасап жүргенін көріп, сенің орның бұл жер емес, үлкен арманға құлаш серме деп бағыт-бағдар беріпті. Әлгі кісінің сөзі әсер етіп, ол Алматыдағы техникумға киномеханиктің оқуына түскен. 1958 жылы оқуын аяқтап, Қаскелеңде киномеханик боп жұмысқа кірген. 1961 жылы Қаскелең аудандық газетінде фототілші бола жүріп, «Мәдениет және тұрмыс», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақстан әйелдері» сынды бірқатар басылымдарға да өзі түсірген суреттерді жолдап отырған. Бір жолы оның жұмыстары «Социалистік Қазақстан» газетін басқарған Кеңесбай Үсебаевтың назарына іліккен. Жабық конкурс жарияланып, бірнеше мықты фотогердің ішінен әкем 1967 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің штаттағы фототілшісі болып еңбекке араласқан. Сол Кеңесбай Үсебаев атамыз әкеме үлкен ортада өзін қалай ұстау қажеттігін, кәсіби шеберлік, шығармашылық еркіндік, жалпы жан-жақты мықты маман болып машықтанудың барлық жолдарын үйреткен. Әкем 1981 жылға дейін сонда жұмыс істеді. Сондықтан әкеміз ол кісіні ұстазым деп есептейтін. Осынау ғасырлық тарихы бар абыз басылымның біздің отбасымыз үшін орны бөлек. Неге десеңіз, әкем мен анамды осы басылым табыстырған. Анам да осы газетте корректорлық қызмет атқарған. Әкем еңбек жолында еліміздің бар өлкесін аралап, әйгілі адамдарды, тарихи оқиғаларды, табиғат сұлулығын, небір ғажап көріністерді фотоға түсірді.
– Иә, Сайлау Пернебаев түсірген суреттер «Егеменнің» де тарихынан ерекше орын алатыны сөзсіз. Ағамыз 1981 жылы өзінің жемісті жұмысын «Қазақ әдебиеті» газетінде жалғастырып, алғаш фотолаборатория ашқанын білеміз.
– «Қазақ әдебиеті» әкемнің шығармашылық қырын одан әрі ұштады. Қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен қанаттаса жүріп, әдебиет майталмандарының шежіресін жасады. Өзінің бар түсірген туындыларын, қажетті құралдарын, жұмысына керекті дүниелердің бәрін сол өзі негізін қалаған фотолабораторияға жинап отырды. Бұл еңбектің бәрін ол қазақ әдебиетінің келешегі, болашақтың қамы үшін жасады. Осы тұста әкемнің шығармашылық көңіл-күйіне, тұтас өміріне кері әсер еткен келеңсіз оқиғаны да айта кеткенім жөн шығар. 1995 жылы әкем Семей өңіріне Қайырбек Асановпен бірге Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына іссапарға кеткен уақытында, Жазушылар одағы хатшысының шешімімен фотолабораторияны керексіз деп тауып, жаппақ болған. Кейіннен әкем жоғарыға хат жазып, зиялы қауым араласып бұл шешімге тоқтау қойылған. Алайда араға 9 жыл салып, 2004 жылы одақтағылар 33-бөлмені бәрібір жауып тынды. Ондағы құнды мұраларды далаға шығарып тастағанда, біразы жоғалған. Олардың мұндай шешімге келуіне не түрткі болғаны біз үшін әлі күнге дейін жұмбақ. Осы оқиға әкемнің денсаулығына да қатты әсер етті. Өйткені ондағы әрбір заттың, әрбір пленканың әкем үшін орны бөлек еді. Осылайша 18 қорап суретті құшақтап үйімізге алып келдік. Содан бері халқымыз үшін тарихи маңызы зор фотосуреттер шаңырағымыздың бір бөлмесінде сақтаулы тұр.
– Кәсіби маман Сайлау Пернебаев отбасында қандай әке болды?
– Мен үйдегі алты баланың кенжесімін. Әкеміз үнемі іссапарда жүретін, көбіне анамыздың тәрбиесінде болдық. Ол кісінің қандай әке болғанын мен бір ғана мысалмен айтып өтейін. Алтаумызды да қаладағы жалғыз қазақ мектебіне берді. Және мұны мақсатты түрде істеді. Ұрпағынан ұлағат күтпейтін әке жоқ шығар. Бізді үнемі адалдыққа, тазалыққа, туған халқымызды сүюге баулып отыратын.
– Әкеңіздің тарихи мұрасын ұрпаққа жеткізуде тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Асылхан ағамыздың ұсынысымен келер жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әкемнің сурет көрмесін өткізсек деген ойымыз бар. Жоғарыда айтып өткен, қазақ әдебиетінің алтын дәуірін жасаған классиктеріміздің сирек суреттерін сол көрмеде қамтуды жоспарлап отырмыз.Сондай-ақ осы мерейтойлық жыл ішінде атқарылған жұмыстарды кәсіби мамандардың, ғалымдардың қатысуымен өтетін ғылыми-танымдық конференциямен қорытындыламақпыз. Жаңа жылда жас фотогерлердің арасында байқау жариялап, әкеміз сияқты мықты мамандардың ізін жалғастыратын өскелең ұрпақты қанаттандырсақ дейміз. Ал әр суреттің тарихын зерттеу, әке мұрасын зерделеу ісі үздіксіз жалғаса бермек.
Әңгімелескен –
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»