Зерде • 01 Қараша, 2023

Ит ұлыған түн

1061 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Таяуда елорда төрінде «Отандастар» қоры» КеАҚ ұйым­дас­ты­руымен әлем қазақтары бас қосқан форум өтті. Мәртебелі жиынға түркиялық Нұрахмет Гюнеш есімді егделеп қалған аға­мыз келіпті. Бағзыдан бергі бір әдетім, түркиялық көнекөз қазақ­тарды көрсем болды, сонау 40-жылдары Алтайдан ауып, Анадолыға барған алғашқы көштің баяны туралы сұрамай тынбаймын. Әр кез бұрын-соңды хабарым болған бір оқиғаны естимін. Бұл жолы да қызық әңгіме естіп тебірендім. Сонымен...

Ит ұлыған түн

– Бұл оқиғаны анам Қама­рияның аузынан естідім, – дейді ағамыз. – 30-жыл­дары Шыңжаң билігін қо­лына қондырған гоминдан­ пар­тия­сы­ның озбыр өкілі Шың Ши Сайдың кесірінен Өр Алтайдың Сарытоғайынан үріккен ел Бар­көлге ауып барып бес-алты жыл тұрақтапты. Бұл жер де оларға баянды қоныс, тиянақты тұрақ болмаған тәрізді. Өйткені бастарын иіп бағынбаған, айтқанына жүріп, айдағанына көнбеген елге өшіккен қытай­лар ұзынқұрық жалдамалы жандайшаптарын жіберіп, маза бермепті. Оның сыртында халық арасындағы ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған ерлерді «бәтуаласайық» деген желеумен Үрімжіге шақырып алып, бірін қалдырмай жер жастандырған. Кеше ғана бақиға аттанған марқұм ақын Несіпбек Айтұлы:

«Еркіндік болмаған соң ел басында,

Қарамас жүйріксің бе, жорға­сың ба.

Ай менен шағылысқан алтын басың,

Қор болар қой боғындай қор­ға­­­­­сынға», – дегеніндей, «талай боз­дақ, тайпалған талай жорға, осылай тағдырдың кез болыпты кермесіне» (Ахмет Байтұрсынұлы).

 

* * *

Осылай қуғын көріп, жаудың соқ­қы­сынан көз ашпаған ел Бар­көл­ден ауа көшеді. Аспаннан оқ төккен айырпланмен айқаса жүріп, түн қараңғысында қоршап алып жалғыз қара қалдырмай қырамыз деп ентелей ұмтылған қытай әскерімен қара тұяғынан хал кеткенше айқасып, бесіктегі баласы мен ай дидарлы жарын, ақ сүтін беріп асыраған анасы мен жетесіне қорғасын құйып, арқардың мүйізімен саптаған асыл қанжардай қайрап өсірген қарт атасын кәпір жаудан қорғап, арыстандай айқасқан ерлер көшкен елді бастап Бисан тауына барып паналайды. Бұл арада да ұзақ тұрақ болмайды. Өштескен гоминдан әскері кәрін төгіп, өкшелеп қуады...

Ауған ел Ошақтыдан өтіп, Өлгейге жетеді. Әрі қарай Шыны­ған­ға тиіп тұрған Қарадырға тұяқ іліктіреді. Ұйқы-күлкі көрмей Іңіз тауына барып паналайды. Баяғы жау, оқ боратып қуып келеді... Қытай әскерлерімен табан тіреп шайқасын ерлер Қақтың жазығын көктей өтіп, қашқан елді Мажын тауына әкеліп ықтатады. Алда Тибет. Бұл басқа өлке, басқа ел. Шыңжанға бағынбайды. Яғни қашқан халықты түгелдей қырып тастауға бұйрық алған гоминдан әскері осы жерден тізгін тартып, кері шегінеді де, зұлым басшылары сұраусыз-сұрақсыз, қорғаусыз-қамқорсыз қашқан елді қырып тастаңдар деп жауыз дүнгендерге қару-жарақ береді.

Өздерін мұсылман баласы санайтын дүнгендердің жауыздығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қытайдың жалмауыз әскері былай қалып, қаныпезер дүнген-тибеттермен жанталаса айқасқан ел Гансуды артқа тастап, Тұла, Сұр, Ақши деген жерлерден өтіп, Үндістанның шебі Алтыншөге өңіріндегі Нақша атты шағын қалашыққа табан тіреп жығылады. Әбден азып-тозған олар 1941 жылдың күзінде айналасын тау қоршаған Шүршіл ойпатына жиналады. Бұл – Үндістанға өтетін шекара бекеті.

Осы көштің басы-қасында болған Халифа Алтай жарықтық, өзінің өзек­жарды естелігінде: «30-жылдары Алтай­дан ауа көшіп Гансу өлкесіне келгенде біз 18 мың адам едік. Осылардан 5 мың адам Тибетке тірі өттік. 1941 жылы Үндістанға 3 мың адам өтіп, 1942 жылы осыдан 1 мың адам ғана тірі қалдық» деп жазатыны осы.

 

* * *

– Үндістан шекарасында қа­ма­л­­ған елді сол елдің атқамі­нер­­лері қабылдап алуына мына бір оқиға себеп болыпты, – дейді түркиялық қонақ. – Бір қазақ мал қайырып жүріп шекара шебінен байқамай өтіп кетеді. Оны күзетте тұрған солдаттар ұстап алады. Тінтіп көрсе, мойнында тұмар бар екен. Оны ашып көрсе, Құран аяттары жазылған. Алланың әмірі-ай, әлгі жердегі күзет бастығы мұсылман баласы екен. Дереу биліктегі діндестеріне хабар салған: «Мұсылман бауырлар кәпір қытайдан қорлық көріп ауып келіпті». Бұл 1941 жылдың қыркүйек айы.

Ақыры ауған елді Үндістанның ағылшындар бақылауындағы аумақ қабылдайтын болады. Әбден азып-тозған халық ертең шекара асырады деген күні қолда бар арық-тұрағын сойып, сорпаланған болады. Сүйек-саяғын сонау Баркөлден бері көшке ілесіп табаны тесіліп келе жатқан иттеріне тастайды...

 Кешкі мезгіл. Бұл жердің күні Алтайдағы сияқты көктің белдеуін қиялай жүзбейді екен. Тік төбеден шаншылып күйдіреді. Мыңдағын жылдар бойы ыстыққа қақталған Шүршіл ойпаты қуарып тұр. Бұрын мұндай ыстықты көрмеген халық қалқа іздеп талмаусыраса, бұрын киіз үйді айнала көлеңке қуып жамбастап жата­тын иттер тілі салақтап, ықы­лық­ атады. Үздіксіз қара жердің қыр­ты­сын қуырған күнде алаулап бату­ға беттеді...

Кенет... кенет кәрі сексеуілдің түбін­де бұйығып жатқан Жаңға­был шалдың кәрі төбеті ұлып қоя береді. Зарлы да­уыс, запыранды үн, бейне бір қу медиен далада сүйе­гі шашылып, көмусіз қалған 15 мың қазақты жоқтап жатқан сияқты. Кәрі төбеттің мұң-зарына таң­­дана қалған Шәмсия кемпір: «Кет әрі, өз басыңа көрінсін» деп, ашық отқа қақ­­талып, қап-қара болып­ кеткен мыс шәй­не­гін үйкеп әлек...

Бір заманда кәрі төбеттің зарына ала қаншық қосылды. Екеуі тұмсығын көкке шаншып алып қосылып ұлиды. Аздан соң бұл екеуіне көрші қостың иттері қосыла кетсін. Мұндай зарлы ұлуды адам баласы бұдан бұрын ешқашан естімеген. Қыл қобыздың запыран зары сияқты күңірене басталған иттердің үні жалғыз ұлы жау қолында өліп, өзегі өртенген кейуананың мұңындай үздіге үзіле естіледі. Күнде батты алаулап. Іңір қараң­ғы­сымен қосылып, күллі елдің иті қосыла күңіренсін кеп. У-шу ұлыған иттер. Тарғылдана ыңыр­сып, тұншыға құмыққан кәрі төбеттердің үніне, ботасы өлген інгендей зарлана боздап, сың­сып барып сарқыла үзілген қан­шық иттердің мұңлы дауыстары қосылса, анасы өліп, жұртта қа­лып жылаған сәбидің шырылындай тұла бойды шымырлатқан күшік­тер­дің аянышты үзік-үзік ұлуы...

Үлкені бар, кішісі бар, төбеті бар, қан­шығы бар, сырттаны бар, күшігі бар... үш жүз иттің бір мезгілде іңір қараңғысынан бастап, рауандап атқан таңға дейін үздіксіз ұлуын бұған дейін көрген һәм естіген жан баласы жоқ. Өздері азып-тозып, жаудың қолынан өлген жандардың жүзін жасыруға шамасы келмей қансоқты болған жұрт иттердің мына қылығын неге жорырын білмей аң-таң. Кешікпей бұл жұмбақтың да шешуі табылды.

Қалай дейсіз бе? Былай. Таң атып, күн арқан бойы көтерілген мезетте, ортадағы құм төбенің басына жиналған барлық ит соңғы рет жаппай ұлып алады да, көштің келген ізіне түсіп туған мекені Баркөлді бетке алып тартып отырады. О, құдірет, тіпті кішкентай күшіктердің өзі қалмай үйір иттің соңынан бүлкілдеп бара жатыр... Бейшаралар сүйек-саяқ беріп асыраған иелеріне жалтақ-жалтақ қарап қояды...

Иттердің бұл ісін барлық жұрт айтпай-ақ түсінді. Ит болса да хайуандар жат жер, жатырқау өлкеге барудан бас тартты. Сөйтіп, ертең шекара асқалы отырған иелерін тастап, туған жеріне тартып отырды. Осы көрініске қарап көкірегі қарс айырылған бір әйел:

«Айырылып елден сорладық,

Қаңғырдық, қалдық, оңбадық,

Жат елге ауып барамыз,

Бола ма ол жақ панамыз,

Туған жұртын қимаған,

Ит құрлы да болмадық...» – деп жылапты дейді.

Расында, бұл таңғажайып оқиға. Естіп отырып қатты тебі­рен­дік. Осылай Үндістанда 12 жыл тұрып, кейін 1954 жылы Түркия еліне қоныстанған осы ауған елдің бір адамы 80-жылдардың ортасында Баркөл жаққа барып, шекара аспай қайтып кеткен иттер туралы сұрастырған екен. Бұл оқиғадан хабары бар адамдардың айтуы­на­ қарағанда: Шүршілден кеткен иттер үш бөлік болып туған жеріне жет­к­­ен екен. Әбден арықтаған. Кел­ген бетте иелері үй тіккен жұрт­қа келіп жығылыпты. Сол беті тұрмаған. Тіпті ұлымапты. Тек үнсіз ыңырсып жатып, бар­лы­ғы жан тапсырған.