Астанадағы «Қазмедиа» орталығының 21-қабаты «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының тұрақты пікірталас алаңына айналды. Бұл жолы ұйымдастырушылар «Жастар еңбек нарығында: қажеттілік, мүмкіндіктер мен перспективалар» тақырыбында талқылау өткізді. Жиынға мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, ғылыми-сараптамалық және академиялық қоғамдастықтардың өкілдері қатысты. Қатысушылар алдымен Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленген әлеуметтанулық зерттеумен танысты.
– Жастардың мамандық таңдауына бірнеше фактор әсер етеді. Біз оның негізгі бес себебін анықтадық. Респонденттердің басым көпшілігі болашақ қызметінің жалақысына аса қатты мән береді. Бұл шамамен 56,7 пайыз. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі – 44,9 пайыз. Жұмыстың мәртебесіне, беделіне зейін қоятындар – 37 пайыз, ал тегін оқу мүмкіндігіне (соның ішінде мемлекет, ұйымдардың тағы басқалардың грантына) ие болғандар – 34,7 пайыз. Өзінің ынта-жігерімен, қалауымен мамандық таңдағандар 22 пайызды ғана құрайды. Еңбек саласы мен алынған білімнің сәйкес келмеуінің негізгі себептері ретінде сауалдамаға қатысқандардың 23,5 пайызы жалақының төмен деңгейін, ал 21,5 пайызы алған мамандығы бойынша жұмыс орындарының тапшылығын атады. Сонымен қатар осы уақытқа дейін жұмысқа орналасудың жиі қолданылатын әдістерінің бірі – достарына, туыстарына, таныстарына жүгіну, – деді орталық директоры Айсұлу Ерниязова.
Құжатта көрсетілгендей, отандастарымыз әсіресе өнеркәсіп, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы және қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істегісі келеді. Сондықтан «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болжау және зерттеу департаментінің директоры Дмитрий Шумеков жастар санының өсуіне байланысты әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымға елеулі жүктеме түсуіне дайын болу қажет екенін айтады.
– Еңбек нарығы демографиялық тақырыптан алыс болмайтыны белгілі. Аумақтар бойынша жастар ең көп шоғырланған қала – Алматы (722,9 мың адам немесе қала тұрғындарының 33,4 пайызы), Түркістан облысы (682,1 мың) және Астана (468,4 мың адам немесе елордалықтардың 34,6 пайызы). Одан кейінгі орындарда Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы тұр. Кейінгі жылдары елімізде туу көрсеткіші жоғары, жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Сол себепті алдағы он-он бес жылда жастардың үлесі еселеп артпақ. Есептеулер бойынша 2030 жылы елде – 5,9, 2036 жылы – 7, 2050 жылы 8 млн жас болады деген болжам бар. Демек біртіндеп еңбек нарығына шығатын жастардың саны артады. Биылдың өзінде шамамен 142 мың түлек жоғары оқу орнынан түлеп ұшқан. Ал 350 мың бала бірінші сыныпқа қабылданған. Сонда 2030 жылға қарай 2000 жылдан кейін туылған балалардың 80 пайызы еңбек нарығына келеді деген сөз. Сондықтан оларды болашақта толық жұмыспен қамту мәселесін қазірден саралап, жүйелеген жөн, – деді ол.
Жастардың жұмыссыз қалуының алдын алу үшін еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы мамандарды даярлау ісін жолға қою қажет. Өйткені еліміздегі колледждерде жыл сайын 130-140 мың студент оқу бітіргенімен олардың 77 пайызы жұмыс табады да, 17,6-сы жеке кәсібін ашады. Ал 11 пайызы түрлі себепке байланысты еңбекке араласа алмай қалады. Бір айта кетерлігі қызметке орналасқандардың да көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрмайды. Пікірталас алаңында сарапшылар 35-ке дейінгі азаматтар арасында еңбек қызметіне арналған білім беру стандартының маңызы төмендегенін атап өтті.
– Еңбек нарығының қажеттіліктері мен дипломы бар түлектердің арасында елеулі алшақтық бар. Биыл біз шамамен 1 500 жұмыс беруші арасында әлеуметтік сауалдама жүргіздік. Нәтижесінде, жұмыс берушілердің басым көпшілігі жаңа қызметкерді таңдарда нақты бір салада, дәл сол мамандық бойынша дипломның болуы маңызды емес екенін мойындады. Оларды маманның тәжірибесі көбірек қызықтыратынын аңғардық. Бұл – парадокс. Өйткені «Оқу орнын енді тәмамдаған түлекте қандай тәжірибе болуы мүмкін?» деген сауал ойға оралады. Салдарынан жас мамандардың қарым-қабілеті жұмыс беруші тарапынан төмен бағаланады. Яғни жұмыс беруші тәжірибесі жоқ маманға жоғары айлық төлемейді, – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия және үлкен деректерді талдау департаментінің бас сарапшысы Мадияр Алдияров.
Статистикаға сүйенсек, халқымыздың 27 пайызы – жастар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде оларды техникалық және кәсіптік бағытта білім алуға тарту мақсатында шәкіртақы көлемі ұлғайтылып жатыр. Әрі қайтарымсыз гранттар мен жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген микрокредиттер беру де қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде жалпы сомасы 21,3 млрд теңгеге 4 734 микрокредит беріліпті. Сондай-ақ биыл Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасына сәйкес, азаматтарды еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру тетігі қайта қаралды.