Жемқорлық • 02 Қараша, 2023

Жолдың жауы – жемқорлық

214 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздің тәуелсіздігі жылдарын­да республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының біразы жаңартылып, бүгінде халық игілі­гіне жаратылып отыр. Алайда об­лыс­тық және аудандық маңызы бар автожолдардың көпшілігі ұзақ жылдар бойы ешқандай жөн­деу көрмей, әбден тозып, жеңіл көліктің жүруіне жарам­сыз бо­лып қалғандықтан, өңір­лер тұр­ғын­дарының, әсіресе ауыл­да­ғы ағайынның ең басты мұқтаж­дығы­ның біріне айналды.

Жолдың жауы – жемқорлық

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мәселен, Солтүстік Қазақстан об­лы­сының Айыртау ауданындағы «Сау­малкөл – Сырымбет – Светлое» бағы­тын­дағы аудандық маңызы бар автомобиль жолы шұрқ тесік болғандықтан, жер­гілікті жүргізушілер мен жолаушы­лардың жүйкелерін жұқартып тұр. Осы туралы орынды реніштерін жүре тыңдаған әкімқаралардан көңілдері қалған айыртаулықтар алтыншы шақы­рылған Парламент Мәжілісінің депутаттарына шағымданған еді. Солардың араласуының нәтижесінде сең қозғалып, өңір басшылығы аталған автожолды күрделі жөндеуден өткізу жайлы жазбаша уәде берген. Бірақ оны нақты іске асыру әртүрлі себеппен созбаққа салынып, биыл ғана қолға алынды. Сөйтіп, жол машақатын көріп жүрген жергілікті тұрғындар: «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ», десіп бір қуанып қалған. Алайда олардың қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылды. Себебі автожолдың бұзылған асфальтының орнына жаңа­сын салып жатқан мердігер ұйым жұ­мы­сының көзге ұрып тұрған шалағай тұста­рын байқаған белсенді азаматтар олар­ды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып, дабыл қаққан еді. Осыған орай біз облыстың сол кездегі әкімі Айдарбек Сапаровпен сөйлескенімізде ол: «Айыртау ауданындағы автожолды күрделі жөндеу барысында жіберілген кемшілікті біліп, өз тарапымыздан ша­ра қолданып жатырмыз. Егер тиісті сапа қамтамасыз етілмесе, онда біз мерді­гер ұйымның атқарған жұмысын қабылдап алмаймыз», деп кесімді сөзін айтқан. Ал жақында  Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Еңбек Исинмен хабарласып, автожолды қалпына келтіру жағдайы не болғанын сұрағанымызда ол: «Мердігер ұйым тексеріс барысында анықталған кемшін тұстардың бәрін өз есебінен түзетіп, үш жылға арналған жөндеу жұмысының бірінші кезеңін толық аяқтады», деді.

Осы мысалдан көңілге түйгеніміз – жол жөндеу сапасына жүйелі қоғам­дық бақылау қажет. «Көптің көзі – көре­ген» демекші, айыртаулық азамат­тар қырағылық танытып, әлеумет­тік же­ліде шу шығармағанда «Саумал­көл – Сырымбет – Светлое» автожо­лын қалпына келтіруге бөлінген қыруар бюджет қаржысы құмға сіңген судай болып, күткендегідей нәтиже бермеуі мүмкін еді.

Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» Жол­дауында: «Автокөлік жолдарының құ­ры­лысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиіс­ті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек», деген болатын. Осы маңызды міндетті ойдағыдай орындау мақсатында  Мемлекет басшысы өз Жарлығымен Көлік министрлігін құрғаны мәлім. Жаңа мемлекеттік орган Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің автокөлік жолдары саласындағы жүйелі кемшіліктерді жоюға бағытталған тиімді шараларды кешіктірмей қабылдаса, құба-құп.

Ауылды жерлердегі автомобиль жол­да­ры­ның тозығы жетіп тұрғанына Мәжі­лістегі «Ауыл» Халықтық-демо­кра­тиялық патриоттық партиясы фрак­циясының Ерболат Саурықов бастаған бір топ депутаты назар аударып, биылғы 31 мамырда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған. Онда мәжілісмендер: «Қазіргі жолдардың сапа­сын осыдан он немесе жиырма жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Бүгінде тозығы жеткен жолдарды күрделі және ағымдағы жөндеуге бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Бірақ осы қаржы көптеген елді мекенде құмға сіңген судай болып жатыр. Оның басты себебі – облыстық маңызы бар, ауыл және аудан аралық жолдарда нормаланған мөлшерден артық салмақпен құм, тас, шағыл, кірпіш, цемент, тұз, т.б. заттарды тиеген жүк көліктері толастар емес», дей келіп, еліміздегі әртүрлі жүк тиелгендегі салмағы 40 тоннадан 80 тоннаға дейін жететін 400 мыңдай ауыр жүк көлігі барлық автожолды жаншып бүлдіріп жатқанына алаңдаушылық білдірген. Мысалы, Түркістан облысында өткен жылы 1 200 километр жолға күрделі жөндеу жасау үшін 51 млрд теңге қаржы жұмсалған. Алайда ауыр жүк көліктерінің жергілікті кен орындарынан шамадан тыс жүк тасымалдауының салдарынан осы жолдың 300 километрі қазірдің өзінде ойдым-ойдым болып, жарамсызданып қалған. Ал «Автомобиль көлігі туралы» заң талабын өрескел бұзған ауыр жүк көліктерінің иелеріне салынған айыппұл көлемі 42 миллион теңге ғана. Бұл – осы автожолды қайта жөндеуге қажет 15 млрд теңгенің 0,3 пайызы ғана.

Міне, осы көптен бері сөз болып келе жатқанымен, түйіні әлі тарқатылмаған көкейкесті мәселені шешу үшін мәжіліс­мендер көліктік бақылаудың жылжымалы бекеттері мен Көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің санын көбейтуді, сондай-ақ қолданыстағы заң­наманы бұзған ауыр салмақты автокөлік иелеріне салынатын айыппұл мөлшерін бірнеше есе ұлғайтуды ұсынған. Депу­таттық сауалға жауап берген Р.Скляр өңірлердегі 48 жылжымалы кө­ліктік бақылау бекетінің 20-сы техникалық ақауларға байланыс­ты жаңа 21 жыл­жы­малы бекет сатып алынатынын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында көлік саласын цифрландыру жүргізіліп жатқандықтан, Көліктік бақылау инс­пекциялары қызметкерлерінің санын көбейту қарастырылмайтынын және ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүк тасудың бекітілген салмақтық пара­метрлерінен асып кеткені үшін кәсіп­керлерге салынатын 40-тан 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұл сомасы әділ болып саналатынын хабарлапты.

Шынтуайтында, бірінші вице-премьер­дің келтірген уәждерімен келіс­пеу қиын. Өйткені автожолдарды бүл­діріп жатқан ауыр салмақты жүк ав­токөлік иелерін қатаң жазаға тартып, осы салада тиісті тәртіп орнату үшін қолданыстағы заңнамада көзделген шаралар жеткілікті. Тек кілтипан – өңірлердегі Көліктік бақылау инспекциялары қызметкерлерінің өздеріне жүктелген міндетті қалай орындап отыр­ғанында болса керек. 2022 жылғы сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл туралы ұлттық баяндамада атап көрсе­тілгеніндей, Көлік комитетінде бюд­жеттің жыл сайын 10 млрд теңгеден астам сомаға ысырап болуына әкелетін сыбайлас жемқорлық схемалары анық­тал­ған. Олар – әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды жасамау, заңды тұлғалардың орнына жеке тұлғаларды жауапкершілікке тарту, асыра жүк тиеуге арнайы рұқсат­тарды формалды түрде ресімдеу сияқ­ты парақорлық иісі мүңкіп тұрған келеңсіздіктер.

Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2021 жылы Көлік ко­ми­тетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инс­пекциясының 11 қызметкерін топтасып пара алғаны үшін ұстағаны ойға оралады. Сол жылы Солтүстік Қа­зақ­стан облысындағы «Петропавл – Мам­лютка» автожолындағы жылжымалы көліктік бақылау бекетінің екі бас маманы жергілікті компаниялардың бірінің «КамАЗ» автомобилін тоқтатып, оның жүргізушісінен «кәсіпорын көліктерінің еш кедергісіз жүруіне қамқорлық жасау үшін» 100 мың теңге пара алғаны әшкереленген. Былтыр Антикор қызмет­керлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен және Талдықорған көлік­тік прокуратурасымен бірлесіп, Алматы облысындағы Көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы мен оның екі бағынышты қызметкерін кәсіп­керлерден жүйелі түрде пара алған­дары үшін ұстағаны мәлім. Ал биыл­ғы тамызда Антикордың баспасөз қыз­меті Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс­тық департаментімен бірлесіп, облыс­тық Көліктік бақылау инспекция­сы басшысының орынбасарын сенімді адамының делдалдығымен кәсіпкер­лерден жүйелі түрде пара алды деген күдікпен қамауға алғанын хабарлады.

Түйіндей айтқанда, көне грек аңы­зын­дағы Авгий патшаның отыз жыл бойы тазаланбаған ат қорасына ұқсап, былық-шылыққа белшесінен батқан автожол саласында тәртіп орнатудың ең ықпалды құралдары елге жанашыр азаматтар тарапынан жасалатын пәрменді қоғамдық бақылау мен жаппай цифрландыру екені анық.