Ұлттық ғылым академиясының президенті, биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закария жас ғалымдардың ғылыми бастамаларына қолдау білдіру мақсатында мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес талантты жастарды ғылыми ортаға тарту мақсатында академия жанынан ғылымның басым бағыттары бойынша жас ғалымдардың жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында 500-ге тарта жас ғалым бар. Астана және Алматы қалаларында, жоғары оқу орындарында аталған жұмыс топтарының бірнеше отырысы өтіп, ғылымды дамыту бойынша және «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына қатысты ұсыныстар қаралды. Бұл форум жас ғалымдардың жетістіктерін насихаттап, ғылымға деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз», деді ол.
Қазіргі кезде елімізде 3 млн-нан аса жас бар екенін ескерсек, олардың орташа жасы – 32. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ақылбек Күрішбаев форумды өткізудегі мақсат – жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігі мен ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, су ресурстарын тиімді пайдалану, қоршаған орта мен экология мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын дәріптеу мен ел экономикасының индустриялық-инновациялық дамуына жәрдемдесу екенін атап өтті. Биыл форумға қатысу үшін 500-ден аса өтініш келіп түскен. Жас ғалымдарды қызықтырған ғылым салалары бойынша 7 секция жұмысы ұйымдастырылып, ғылыми жетістіктер көрмесі, коммерцияландыру, шетелдік жоғары рейтингті журналдарға мақала жариялауға қатысты шеберлік сағаттарына мән берілді. Форумның ықпалын арттыру мақсатында еліміздің 4 облысынан 70-тен аса дарынды мектеп оқушылары шақырылып, үздік ғылыми жұмыстарын таныстырды.
Пленарлық отырыста Қытай ауыл шаруашылығы университетінің профессоры, PhD Вэнфэн Лю егіншілік және егін суарудың маңыздылығына қатысты тәжірибесімен бөлісті. Ол қазіргі кезде әлемдегі су тапшылығының алдын алу, жас дақылдарды суару мәселесін көтерді. Қытай елі өкілінің айтуынша, ауыл шаруашылығында су жетіспеушілігі өнімнің бітік шығуына кері ықпалын тигізеді. Бұл ретте ғалымдарға жаңа технологиялардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Ендігі кезекте тәжірибеге енетін жоба жас дақылдарды қурап қалудан сақтап, уақтылы ылғалдандырып отырудың заманауи технологияларын қарастырады. Вэнфэн Лю атап өткендей, әлемде туындап отырған азық-түлік қорын сақтау және оны тұрақты көбейтіп отыру үшін әлем ғалымдарының бірлескен зерттеулері қажет.
Ғалымдарды Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жас ғалымы, биология ғылымдарының докторы Индира Бейшованың жылқы тұқымдастар генетикасын зерттеудегі жобасы қызықтырды. Ол жылқы тұқымын таңдау, өсіру әдістері, сұрыптау және жұптау қағидалары, асылдандыру, сонымен қатар жылқының тұқымына генетикалық зерттеу жүргізу туралы айтып берді. Толық геномдық SNP талдауы негізінде отандық жылқы тұқымдарының генетикалық құрылымы мен геномдық бірлестіктерін зерттеу барысында еліміздің әр өңірінен жабы, адай, найман, мұғалжар, көшім және Қостанай тұқымдары іріктелген.
Бүгінде адамзат денсаулығына қауіп төндіретін жұқпалы аурулар, қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәселесінде де ғылымда жаңа әдістер іздеуге тура келеді. Осы орайда еліміздегі фармацевтикалық препараттар нарығының импорттық өнімге тәуелділігін негізге алатын болсақ, дәрі-дәрмек өндірісі сын көтермейді. Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орталығы директорының орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты Байкен Баймаханова микробиологиядағы тәжірибелерге тоқталып, еліміздегі фармацевтикалық компанияның көбі импорттық субстанцияларды таблеткалаумен ғана айналысатын болса, аталған консорциум «ғылыми-зерттеу – технологияны әзірлеу – өндіріске енгізу – коммерцияландыру» толық циклін жүзеге асырып отырғанын жеткізді. Орталықта биологиялық және медициналық препараттарды шығару үшін «Өнеркәсіптік микробиология» зауыты жұмыс істейді. Қазіргі кезде консорциум мамандары 10-нан аса биопрепарат әзірлеген. Орталықта өндірілген ішек аурулары және грибоктарға қарсы суппозиторийлер, сонымен қатар дәнді-дақылдар өнімділігіне ықпал ететін препараттар, мал шаруашылығына арналған биопрепараттар өндірісіне сұраныс артып келеді.
Форумда Беларусь ұлттық ғылым академиясының химия және жер туралы ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы Алексей Труханов «Беларусь Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдарының зерттеулері», Ғылым және жоғары білім министрлігі Жобалық кеңсесінің жобалар тобының басшысы Айдын Сәбитов «Ғылымға бейімделген стартап-жобаларды коммерцияландыру», Варшава жаратылыстану ғылымдары университетінің профессоры, PhD Ярослав Чорманский «Қашықтықтан зондтау су, орман және жер ресурстарын ұтымды пайдалану құралы ретінде», Париж технологиялық институтының профессоры Ансельм Бруно «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен тіршілік, азық-түлік және қоршаған орта бойынша Париж технологиялық институтының ынтымақтастығы туралы» тақырыптағы зерттеулерімен бөлісті.
АЛМАТЫ