Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Тарихи сапар
Келіссөз алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін Шығыс залына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға ілтипат білдіріп, жылы қарсы алды.
– Президент мырза, біз үшін бүгін үлкен оқиға. Сіздің сапарыңызды бәріміз құптаймыз. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін. Оған ешқандай күмәнім жоқ, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның Еуропа одағындағы басты және сенімді серіктесі, сондай-ақ ел экономикасының ірі инвесторының бірі екенін атап өтті.
Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстарға жоғары баға берді.
– Президент мырза, ресми сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Астанаға келіп, Сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Осы сапарды ұйымдастырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл сапар біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, соның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді тағы да нақтылай аламыз. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаймыз. Біз экономикалық тұрғыдан серіктес елдерміз. Сондай-ақ Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық-стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыта түсетін маңызды келісімдерге қол қоямыз. Сізбен жүздесіп, ортақ күн тәртібін талқылау мүмкіндігі туғаны үшін қуаныштымын, – деді Франция Президенті.
Мемлекеттер басшылары қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогті нығайтуға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Тауар айналымы 4 миллиард долларға жетті
Екіжақты кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Франция Президентінің Астанаға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретінін және көпжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік жасайтынын атап өтті.
– Франция – Қазақстанның Еуропа одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 миллиард долларға жетті. Биылғы сегіз айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артты, яғни 2,7 миллиард долларды құрады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Франция бұған дейін ел экономикасына шамамен 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Энергетика, құрылыс, аэроғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронның өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтіп, екі ел халықтарының игілігі жолындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға Қазақстанның дайын екенін жеткізді.
Келіссөз барысында тараптар жасыл энергетика, логистика, транзит, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру және білім беру салаларындағы алдағы ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындады. Мемлекет басшысы мәдени байланыстарды дамытуға ерекше назар аударып, француз мәдениеті мен тілін Қазақстанда ілгерілету қажет екенін айтты.
Өз кезегінде Эмманюэль Макрон екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің қабылданғанына 15 жыл толғанын атап өтіп, Францияның өзара мүддені көздейтін түрлі саладағы екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
– Екіжақты экономикалық қарым-қатынастар, соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңартылатын энергетика салаларындағы байланыстар алдағы уақытта тың серпінмен дамиды деп ойлаймын. Біз бұрынғы жобаларға да, жаңа бастамаларға да инвестиция салуды қолдаймыз. Бүгін өте өзекті мәселелерді талқыладық. Бұдан бөлек мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз да қарқынды дамып келеді. Білім-ғылым салаларында нақты келісім бар. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ-француз университеті өз жұмысын бастайды, – деді Франция Президенті.
Сонымен қатар екі ел басшылары өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты тұрақты қарым-қатынастың маңыздылығына назар аударып, халықаралық ұйымдар аясындағы диалогті тереңдету қажет екенін атап өтті.
Ынтымақтастықты дамыту – ортақ міндет
Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Президент, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Эмманюэль Макронға алғыс айтты. Сондай-ақ Францияны Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атап өтті.
– Биыл екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылғанына 15 жыл толды. Достық пен өзара қолдауға негізделген осы ынтымақтастықты одан әрі нығайту – ортақ міндетіміз. Біз бірге күш жұмылдырып, көздеген мақсатқа жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Сондықтан бүгінгі сапардың мән-маңызы айрықша, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Президент Эмманюэль Макронмен мазмұнды келіссөз жүргізіп, екіжақты байланысты нығайту жөнінде нақты келісімдерге қол жеткізгеніне назар аударды.
– Франция – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесінің бірі. Биылғы сегіз ай ішінде сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсті. Яғни 2,7 миллиард долларға жетті. Сондай-ақ Франция негізгі шетелдік инвесторларымыздың қатарына кіреді. Кейінгі 15 жылда Франциядан Қазақстанға 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды. Бүгінде біз энергетика, атом өнеркәсібі, тау-кен, химия, машина жасау, құрылыс заттарын өндіру, аэроғарыш және фармацевтика салаларында маңызды жобаларды жүзеге асырып келеміз. Елімізде «Alstom», «Total Energies», «Orano», «Vicat» сияқты 170-тен астам француз компаниясының табысты жұмыс істеуі – соның айқын дәлелі, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында сауда, экономика және инвестиция салаларындағы ықпалдастықтың ауқымын кеңейтуге баса мән беріліп, шикізат, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, жеңіл өнеркәсіп, денсаулық сақтау, инновация, қаржы және басқа да секторларда тың жобаларды қолға алу маңызды екені атап өтілген.
– Бұл әсіресе, қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде аса өзекті. Осы ретте Стратегиялық минералдар саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларацияға қол қойылды. Сондай-ақ «Boehringer Ingelheim», «Total Energies», «Alstom» компанияларымен келісімдерге қол жеткіздік. Оған жаңа ғана өздеріңіз куә болдыңыздар. Бұл келісімдер екі ел үшін де пайдалы болмақ. Жоспарланған шараларды тиімді іске асыру мақсатында бірлескен инвестициялық жобаларды министрліктер деңгейінде ілгерілету керек. Ол үшін арнаулы жұмыс тобын құруды ұсындым, – деді Президент.
Тарихи байланыстың тамыры терең
Сонымен қатар екіжақты келіссөздер барысында «жасыл» экономикаға көшуге және климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерге назар аударылған. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға екі елдің мүддесіне сай келетін бірқатар нақты ұсыныс айтқанын, еліміз Францияның «One Planet Summit» бастамасы аясында бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін нақтылағанын мәлімдеді.
Бұған қоса, президенттер мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың маңызды екенін ескеріп, білім және ғылым бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізген. Мемлекет басшысы француз мектептерін ашуға, француз тілін үйретуге, академиялық байланысты арттыруға бағытталған бірқатар келісімге қол қойылғанын айтты.
– Тарихымызда екі елге ортақ деректер аз емес. Халқымыздың біртуар перзенті Абай француздың атақты ақыны Жан де Лафонтеннің мысалдарын қазақ тіліне аударған. Алаш қайраткерлерінің көбі француз тілін жетік меңгеріп, француз елінің жоғары мәдениеті мен саяси тәжірибесін зерттеген. Қазақтың белгілі әншісі Әміре Париж сахнасында ән шырқап, талайды тамсандырған. Күш атасы Қажымұқан Францияның астанасында өнер көрсетіп, көрерменді таңғалдырғаны баршаға белгілі.
Біз мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың маңызын ескеріп, білім және ғылым саласындағы жобаларды қолға алуға ерекше көңіл бөлдік. Осы орайда елімізде француз мектептерін ашуға, француз тілін үйретуге, академиялық байланысты арттыруға бағытталған бірқатар келісімге қол қойылды. Біз мұны жоғары бағалаймыз.
Сондай-ақ біз аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Әлемдегі түрлі саяси шиеленістер, экономикалық дағдарыстар елімізді алаңдатып отыр. Әрине, барлық түйткіл бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс.
Жалпы, бүгінгі келіссөз өзара сенім және түсіністік жағдайында өтті. Осының нәтижесінде Қазақстан мен Францияның қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Ең бастысы, қазіргі стратегиялық бағытымыз – екі ел халқының да кең қолдауына ие болғаны ерекше қуантады, – деді Қ.Тоқаев.
Екі ел басшылары аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, әлемдегі түрлі саяси шиеленістер мен түйткілдер бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс деген байламға келген.
Өз кезегінде Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Президентке алғыс айтып, екі елдің ынтымақтастығын одан әрі кеңейту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Францияның ұстанымдары көптеген мәселеде сәйкес келетініне назар аударды.
– Сіздің еліңіздің рөлі мен географиялық орналасуы, сондай-ақ оның аумағының үлкендігі біз үшін өте маңызды. Сондықтан бүгін экономикалық ынтымақтастығымыз жан-жақты талқыланды. Бүгін қол қойылған құжаттар – осының айғағы. Президент мырза, Сіз Қазақстанда жұмыс істеп жатқан француз кәсіпорындарының маңызына арнайы тоқталдыңыз. Француз компаниялары сауда және энергетика салаларында ұзақмерзімді серіктестік орнатты. Компанияларымыздың басқа да салаларда бірлесе жұмыс істегенін қалаймыз. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары белгілі. Олар – энергетика және аэроғарыш өнеркәсібі салалары, – деді Эмманюэль Макрон.
Сонымен қатар Франция Президенті Қазақстанның әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
– Компанияларымыз бұл іске оң септігін тигізе алатынына сенімдімін. Біз нарықты нығайтуға үлес қоса аламыз. Бұл ретте аусылға қарсы вакцина өндірісі жобасын жүзеге асыру туралы маңызды келісімге қол қойылды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында орнатылған серіктестіктің келешегі зор. Президент мырза, Сіз халықтарымыз арасындағы байланыстардың маңызды екенін айттыңыз. Біз білім беру бағытындағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар келісімге қол қойдық, – деді Франция Президенті.
Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Франция басшылары Бірлескен мәлімдеме жасады және екі елдің ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігі тобын құру және оның жұмыс істеуі туралы келісім;
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында халықаралық (француз) мектептер ашуға және Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында француз тілін оқытуға қатысты келісім;
Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық пайдалы қазбалар бойынша ынтымақтастық туралы бірлескен ниет декларациясы;
«QazBioPharm «ҰХ» АҚ мен «Boehringer Ingelheim Animal Health France» компаниясы арасында Қазақстан Республикасында аусылға қарсы вакцинаны жергілікті өндіру бойынша ынтымақтастық, лицензия және жеткізу туралы келісім;
Энергияны жинақтау жүйесі бар, жиынтық қуаты 1 ГВт жел электр стансаларын салу жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын туралы келісім;
«Қазақстан Республикасында теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрамды, сондай-ақ теміржол техникасының қосалқы бөлшектерін өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету» жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялар туралы келісім.
Қазақ-француз бизнес-форумы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон қазақ-француз бизнес-форумының ашылуына қатысты.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстанда экономикалық өсім көрсеткіші 4,7 пайыз деңгейіне жеткенін, әсіресе, мұнайдан тыс салаларда елеулі үдеріс бар екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттыруды стратегиялық мақсат етіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасына шетелден инвестиция тарту ісіне айрықша мән берілетінін мәлімдеді. Қазақстанға шетелден келген тікелей инвестиция көлемі Орталық Азиядағы басқа елдерге салынған инвестициялардың жалпы көлемінен асып түседі.
Президент Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастық нәтижелі дамып келе жатқанына назар аударды.
– Қазіргі күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 30 пайызға артып, 4 миллиард долларға жетті. Осы оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Франция – біздің экономикамызға 19 миллиард долларға жуық қаржы құйған ең ірі халықаралық инвесторлардың бірі. Биыл алғашқы алты айда француз серіктестеріміздің Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 50 пайызға артты. Бұл – таңғаларлық өсім әрі елімізге деген жоғары сенімнің белгісі, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бүгінде елімізде екі жүзге жуық француз компаниясы жұмыс істейтінін айтты. Олардың ішінде энергетика секторында – «Total Energies», «Orano», «Air Liquide», өнеркәсіп саласында – «Airbus», «Saint-Gobain», теміржол саласында – «Alstom», аграрлық азық-түлік өндірісі секторында – «Lactalis» және «Danone» компаниялары бар.
Сонымен қатар Президент өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарына тоқталды. Ықпалдастықты дамытуда энергетика секторының әлеуеті зор. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – Франция нарығына шикі мұнай жеткізетін негізгі мемлекеттің бірі. Еліміз экспорт көлемін арттыруға дайын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұнай және газ қорын геологиялық барлау, уран экспорты, жел, күн және гидроэнергетика салаларында ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
– Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында және Еуропа тұтынатын ядролық отынның төрттен бір бөлігінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Атом энергетикасы Францияның энергетика секторында 63 пайызды құрайды. Осыған орай ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге орасан зор әлеуетіміз бар. Ауаға таралатын көміртегі шығарындыларын келешекте нөл деңгейіне жеткізу мақсатындағы мүддеміз сәйкес келеді. Франция сияқты, Қазақстан да өз аймағында бұл сала бойынша көшбасшы саналады. Жаңартылатын энергия көздеріне келер болсақ, жел, күн және гидроэнергетика бағыттарындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық көптеген ірі компания Қазақстанға келіп жатыр. Жалпы қуаты 1ГВт болатын жел стансасы паркін салу мақсатында француздық «Total Energies» компаниясының 1,3 миллиард доллар көлемінде инвестиция құюға ниет білдіруі – соның айқын дәлелі. «Жасыл» сутегі саласы да зор әлеуетке ие. Жоба табысты жүзеге асырылса, Қазақстан экспорттаушылардың ондығына кіре алады. Біз өмірлік маңызы бар өндіріс, технология және сараптамалық білім алмасу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз, – деді Қазақстан Президенті.
Кооперацияның тағы бір бағыты – аса маңызды шикізат материалдарын өндіру және өңдеу.
– Жаһандық технологиялық революция дамыған сайын, сирек кездесетін металдарға сұраныс геометриялық үдеріспен өседі. Жалпы, 2040 жылға қарай ондай металдарға сұраныс төрт есе, соның ішінде литий элементіне қажеттілік 10 есе артады деген болжам жасалып отыр. Қазақстанда жалпы құны 46 триллион долларға бағаланатын 5 мыңдай барланбаған кен орны бар. Осы ретте аталған саланы бірлесе игеру ісінде еліміз сенімді серіктес бола алады. Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасына қажетті 30 сирек кездесетін металдың 16-сын өндіреміз және Еуропа нарығының фосфорға деген қажеттілігінің 70 пайызын қамтамасыз етеміз. Еліміздің аумағында кен орындарының 9 түрі бар. Тиісті инвестиция табылса, оларды игеруге болады. Осыған орай француз компанияларын өзара тиімді серіктестік орнатуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық азық-түлік секторын ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты деп санайды.
Президент жаһандық азық-түлік тапшылығы жағдайында еліміз ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2 есе арттыруды көздеп отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы мал шаруашылығы және егін шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Көлік-логистика саласы ықпалдастықтың тағы бір өзекті бағыты ретінде аталды.
Президент еліміздің Транскаспий халықаралық көлік бағытын немесе «Орта дәлізді» дамытуға барынша күш салып отырғанына назар аударды.
– Бұл – Еуропа мен Азия арасындағы сенімді жеткізу тізбегін қамтамасыз ететін ең қысқа әрі анағұрлым өміршең бағдар. Тасымал көлемі өсіп келеді. Сондықтан біз жыл сайынғы жүк тасымалын 10 миллион тоннаға дейін жеткізу үшін серіктестерімізбен бірге инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына белсенді кірістік. Енді бұл бағыттағы іс-әрекетімізді Трансеуропалық көлік желісімен және Еуропа Одағының «Жаһандық қақпа» бастамасымен ұштастыру маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, биотехнология және медицина салаларындағы ынтымақтастықты жолға қою үшін мүмкіндік мол. Биотехнология кластерін дамыту мақсатында Ұлттық «QazBioPharm» биофармацевтикалық холдингі құрылды. Президент көптеген жетекші компания Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғы өндірісін дамытуды жоспарлап отырғанын атап өтіп, француз компанияларын да осы бағыттағы ықпалдастыққа шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестиция тарту ісіндегі артықшылықтарына тоқталды.
– Бүгінде әлемнің 78 елінде базасы бар 2 100-ден астам компания АХҚО-да жұмыс істейді. Олар тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл өңірге инвестициялық капитал тартуға ықпал етіп отыр. Біз АХҚО-дағы француз компанияларының саны артуын және Қазақстанда алғашқы француз банкінің ашылуын қуана құптар едік. Бұл қадам біздің инвестиция және қаржы салаларындағы ынтымақтастығымызға тың серпін береді, – деді Президент.
Сонымен қатар жиында Франция Президенті Эмманюэль Макрон сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсатын жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстанның бұл бағыттағы бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Эмманюэль Макронның айтуынша, Қазақстан – Еуропа мен Азия арасын байланыстыратын алтын көпір. Франция Президенті серіктестікті көлік бағыттары, ең алдымен «Орта дәліз» арқылы дамыту маңызды деп санайды. Эмманюэль Макрон Францияның аталған көлік магистралін өркендетуге өз үлесін қосуға дайын екенін айтты. Франция басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың перспективасы зор екенін атап өтті. Эмманюэль Макрон сөзін қорытындылай келе, өзара мүддені көздейтін көптеген саладағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Маңызы зор келісімдер
Мемлекет басшысы қазақ-француз бизнес форумы аясында Францияның бизнес құрылымдарының басшыларымен кездесті.
«Lactalis Group» компаниясының бас директоры Эмманюэль Беньемен әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы аталған кәсіпорын Қазақстан нарығына 20 жыл бұрын келген алғашқы француз компанияларының бірі екенін атап өтті. Бүгінде бұл кәсіпорынның бірнеше зауыты мен сүт фермалары елімізде табысты жұмыс істеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық сын-қатерлеріне байланысты агроөнеркәсіп және азық-түлік өнімдерін өндіру салаларындағы ынтымақтастықтың мән-маңызы артып келеді. Осыған орай Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісіне инвестиция тартуды ынталандырады.
Эмманюэль Бенье қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, «Lactalis Group» компаниясының ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашу жоспарымен бөлісті.
Содан кейін Мемлекет басшысы «Boehringer Ingelheim France» компаниясының президенті Кристиан Вайзенді қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық «QazBioPharm» холдингі мен Францияның «Boehringer Ingelheim» компаниясы арасында технологияларды беру туралы қол жеткізілген келісімнің маңыздылығын атап өтті. Бұл Қазақстанда аусылға қарсы вакцина өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының айтуынша, ветеринария саласын дамыту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады.
Қазақстан Президенті елімізде биотехнология кластерін құру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын және осы саладағы отандық ғылыми сараптама жасау ісін дамыту үшін «QazBioPharm» ұлттық биофармацевтикалық холдингі құрылғанын айтты.
Сонымен қатар Президент «Semmaris» компаниясының бас директоры Стефан Лаянимен кездесті. Стефан Лаяни Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін ірі хаб құру жөніндегі бірлескен жобаның іске асырылуына қатысты мәлімет берді. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан инвестициясының жалпы көлемі 150 миллион долларды құрайды. Компания өз тарапынан жобаны жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде технологиялар мен Францияның озық тәжірибесін трансферт жасайды.
Халық өмірінен сыр шерткен «Этноауыл»
Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға ресми сапарына орай халқымыздың бай мәдени мұрасымен таныстыратын арнайы «Этноауыл» көрмесі ұйымдастырылды.
Мемлекеттер басшылары бастаған делегацияны көрме алаңында Жас көрермендер театрының әртістері мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі ән шашумен қарсы алды.
Франциядан келген жоғары мәртебелі меймандар жеміс-жидекпен безендірілген «Көк базарды», қолөнер бұйымдарын және қазақ суретшілерінің картиналарын, сондай-ақ отандық дизайнерлер әзірлеген ұлттық сән үлгілерінің дефилесін тамашалады.
Сонымен қатар шетелдік қонақтарға Ұлттық музей қорындағы экспонаттардан («Алтын адам», «Берел жылқысы», «Сармат көсемі», «Қыпшақ жауынгері» т.б) жасақталған «Ұлы дала алтыны» экспозициясы, Ықылас Дүкенұлы атындағы мұражайдағы ұлттық музыкалық аспаптар таныстырылды.
«Этноауыл» аумағында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронға балуандарымыз қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін, жас жеткіншектер асық ойынын, ал саятшылар мен құсбегілер тазы иттері мен қыран құстарын көрсетіп, халқымыздың аңшылық дәстүрі туралы әңгімелеп берді.