Қаржы • 02 Қараша, 2023

Жеке тұлға банкроттығы: Заңнамалық өзгерістер енгізіледі

269 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жеке тұлғалар банкроттығы басталғалы бері азаматтардан 70 мың өтініш келіп түсіпті. Өтініштер алты ай бойы қарастырылып, нәтижесінде 6 400 адам банкрот деп танылды. Олардың жалпы берешек сомасы – 9 млрд теңге. Алты мыңнан аса адамның 645-і атаулы әлеуметтік көмек алушылар екен. Алдағы уақытта заңға бірқатар өзгеріс енгізілмек.

Жеке тұлға банкроттығы: Заңнамалық өзгерістер енгізіледі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Заң талаптары жеңілдейді

Қаржы вице-министрі Ержан Бір­жановтың айтуынша, банкроттық рәсі­мін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі.

«Жекелеген борышкерлер заңна­малық кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отыр. Қазір заңнамалық өзгерістер дайын­дап жатырмыз. Ол өзгеріс­тер­дің қатарында біріншіден, соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйым­дарының тізбесін кеңейту бар. Екін­ші­ден, азаматтар қосымша құжат­тар­ды қоса беру міндетінен босатылып, қажет мәліметтерді тиісті ұйым­дардың дерекқорынан алу көзделген. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау да жос­парланып отыр. Барлық өзгеріс жеке тұлғалардың құқығын қорғап, мүм­­­кін­ді­гін ұлғайтуға және осы үдеріске басқа да азаматтардың арыздарын қабылдауға мүмкіндік береді. Қа­зір қайтарылған арыздарды алты ай­дың ішінде қайта қарауға болады. Сон­дықтан заңнамалық өзгерістерден кейін қайтарылған арыздар бойынша қайта жүгінуге болады», деді вице-министр.

Оның айтуынша, банкрот деп тануға өті­ніш берген азаматтардың көбі өз қарыз сомасын білмейді.

«Банкроттық үдерісін іске асыру ке­зінде байқағанымыз, көп азаматтар өзінің қарыз сомаларын толық­қан­ды біл­мейді немесе арыздарда дұрыс көр­сет­пейді. Мысалы, Атырау қала­сы­ның тұрғыны өзінде 8 млрд теңге қарыз бар деп арызында көрсеткен. Бірақ біз барлық қаржы ұйымдарынан мәлімет жинағанда нақты қарызы 1 млн 380 мың теңге болды. Қызылорда облысының тұрғыны өзінің қарызын 1 300 теңге деп көрсетті. Қаржы ұйымдарының де­рек­теріне жүгінсек, шын мәнінде, қарызы 1 млн 100 теңге екен. Сондықтан дерек­тер­дің қайшылығын болдырмау үшін болашақта арыз бергенде нақты соманы көрсетпей, деректерді мемлекеттік несие бюросынан жинай аламыз. Сондай өзгерістер енгізгелі жатырмыз», деп бөлісті спикер.

 

Банкроттықты мақұлдамауға не себеп?

Азаматтар тарапынан «банкроттыққа қатысты өтініштеріміз қабылданбай жатыр» деген сыңайдағы шағым да аз емес. Мемлекеттік кірістер комитеті Бере­шекпен және дәрменсіз борышкерлер­мен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Меруерт Сисембаеваның айтуынша, Мемлекеттік кірістер коми­теті өтінім берушінің талаптарға сай немесе сай еместігін алдымен Бірінші несие бюросының ақпаратына сүйене отырып мақұлдайды.

«Соттан тыс банкроттық рәсіміне тек 12 ай бойы қарызы төленбеген азаматтар қатыса алады. Қарыз сомасы 1 600 АЕК-тен асып кететін азаматтардың өтінімдері қабылданбайды. Мұндай критерийге сәйкес келмейтін арнайы топтар бар. Мысалы, азамат банк алдындағы берешегін бес жылдан аса уақыт бойы төлей алмаған жағдайда оған қатысты 1600 АЕК ережесі қолданылмайды. Бү­гінде ол – 5 млн 520 мың теңге. Ал егер азамат атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, онда 12 айға да қарамаймыз. Тиісінше, өтінім беруші соңғы 6 ай ішін­де атаулы әлеуметтік көмекті алға­нын растауға міндетті. Сонымен қатар басым бөлігінде мүлік анықталып жатыр, ол – пәтер, автокөлік және заңды тұлға­лар­дағы үлестер. Жұбайының атын­дағы мүліктер де тексеріледі – олардың қай кезде некелескені және ол мүліктерді қай кезде сатып алғаны мұқият тексеріледі», дейді Меруерт Сисембаева.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, азаматтардың атында ауылшаруашылық жануарларының бар екені де анықталып жатыр екен.

«Бас тартуға себеп болған тағы бір жағдай – қаржы ұйымдарымен бірле­сіп бо­рышты реттеуді дәлелдейтін құжат­тар­дың болғандығы. Ол құжаттар – аза­мат­­тың «менің қарызымды қайта құ­ры­лымдауды немесе қайта қаржы­лан­ды­руды сұраймыз» деп өтінім білдірген ары­зы және банктің оған қатысты қан­дай да бір жауабы. Бұл мәселе банкке және микроқаржы ұйымына қатысты», деп түсіндіреді Мемлекеттік кірістер коми­те­тінің өкілі.

Банкрот атанғанға дейін де, кейін де арнайы қаржылық мониторинг жүр­гі­зіледі. Заң жүзінде қаржылық мони­то­ринг­тің екі түрі бар.

«Бірі – борышкерге қатысты рәсім жүр­гізіліп жатқан кездегі мониторинг. Екіншісі – банкрот деп танылғаннан кейінгі үш жыл ішінде жүргізілетін мониторинг. Біріншісі бойынша алты ай ішінде қаржылық мониторинг жасалып, азаматтың мүлкі бар-жоғы, ақшалай қаражатының бар немесе жоқ екендігі (бұл жерде әңгіме мың, екі мың теңге туралы емес, банктік шоттарында жалпы несие берешегінің 30 пайызы көлемінде ақшалай қаражатының бар екендігі анық­­талады) тексеріледі. Бүгінгі күнге дейін 7673 адам бойынша қаржылық мо­ни­торингтің бірінші кезеңі жүргізілді. Әрі қарай бұл деректер өкілетті органға жолданады», дейді.

Қазірге дейін 224 адамда мүлік бар екені және екінші деңгейлі банктердегі есепшоттарында қомақты қаражат бар екені анықталған. Егер есепшоттағы ақ­шасы банкроттыққа ұсынылып отыр­ған қарыз сомасының 30 пайызынан асып кеткен жағдайда өкілетті орган бұл деректі себеп етіп, банкроттық рәсімін тоқтатуға құқылы.

«Рәсімді бастап қойып, бірақ қайта­дан бас тартып жатқан мысалдар да бар. Заң бойынша бұған да мүмкіндік қарас­тырылған. Арызданып, рәсімді тоқтату – азаматтың еркіндегі шаруа. Тиісінше мұндай арызды борышкердің өзі ғана емес, кредитор да бере алады. Бүгінде 296 азамат бойынша рәсім тоқтатылған. Басым бөлігінде аза­маттар өздері бас тартқан, алайда креди­тор­лар­дың да шағымданған негіздері бар. Көп жағдайда өкілетті органдар аза­маттың ішінара несие сомасын төле­генін растайтын деректерді тауып, банкроттықты тоқтатып жатыр», деді Меруерт Сисембаева.

 

Қай өңірлер белсенді?

Мемлекеттік кірістер комитеті өкілі­нің айтуынша, жеке тұлғалардың бан­к­рот­­тығы туралы заң қабылданғаннан ке­йін қаржы институттары да тәртіпті бола бастады.

«Бұрын банктер адамды мүлде тың­да­майтын. Қазір «енді реттемесек, ер­теңгі күні банкроттыққа тапсырып жі­бе­рер» деп реттеп жатыр. Тіпті клиентке ескертпей-ақ, біржақты тәртіппен реттеп жатқан жағдайлар да кездеседі. Яғни олар сондай жолмен клиентпен жаңа келісімшарт жасайды да, несиені жаңа рәсімделген секілді етіп қояды. Мұндай жағдайда тұтынушы өз несиесі бойынша банкроттық рәсіміне жүгіне алмай қалады. Әрине, заң – жаңа, сондықтан оны жүзеге асыру шеңберінде түрлі ке­дер­гілер туындап жатыр. Оны біз қаржы ұйымдарының дұрыс емес әрекет­тері сал­дарынан деп айта аламыз», дейді Меруерт Сисембаева.

Қаржы министрлігінің ақпараты бо­йын­ша, сот банкроттығына және төлем қабілетін қалпына келтіруге 1200-ден аса азамат жүгінген.

Ең көп банкрот атанған азаматы бар өңірлер көшін Алматы облысы (801 адам), Жамбыл облысы (677 адам) және Алматы қаласы (606 адам) бастайды. Ең аз банкрот деп танылған адамдар Ұлытау (41), Солтүстік Қазақстан (114) және Батыс Қазақстан (127) облыстарында тұрады.

Жеке тұлғалардың банкроттығы тура­лы заңның мүмкіншілігін пайдаланып, банкрот деп танылған азаматтардың 58 пайызы – ер-азаматтар, 42 пайызы – әйелдер. «Ең жасы жоғары банкрот деп танылған азамат – 79 жастағы қария Қызылорда облысында тұрады. Ең жасы 20 жастағы Алматы облысының тұрғыны.

Айта кетейік, 2022 жылы 30 желтоқ­сан­да «Қазақстан Республикасы азамат­та­рының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. 3 наурыздан аталған Заң бойынша банкроттық туралы өтініш қабылдау басталды.

Азаматтардың көбі соттан тыс бан­к­рот­тық процедурасын қолай көріп жатыр. Сол арқылы банк, микроқаржы ұйым­­дары және коллекторлық агент­тік­тер алдындағы борышынан құтылу мүм­кіндігі пайда болады. Азаматтар өті­нішті Халыққа қызмет көрсету орта­лығы (ХҚКО), электронды үкімет порталы (eGov.kz.), e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады.

 

Банкроттық талаптары

Жеке тұлға банкроттығының үш түр­лі нұсқасы бар. Олар – соттан тыс бан­к­роттық, сот банкроттығы және төлем қа­білетін қалпына келтіру процедурасы.

Соттан тыс банкроттық жағдайында банк, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешектер өтеледі. Шарты:

  • Қарыз көлемі 5,5 млн теңгеден (1 600 АЕК) аспауға тиіс;
  • Соңғы 12 ай бойы төленбеген болуға тиіс;
  • Жекеменшігінде ешқандай мүлік болмауы керек;
  • Банкпен займды қандай да бір реттеу жасалмаған болуы керек;

Сот банкроттығы қарыз көлемі 1 600 АЕК-тен (5,5 млн теңгеден) асатын қа­рыздар бойынша жүргізіледі. Сот банкроттығының басты мақсаты – өтінім беруші азаматтың мүлік массасы есебінен кредиторлардың талабын мейлінше максималды түрде қа­нағаттандыру. Егер борышкердің жалғыз тұрғын үйі кепілде тұрған болса, онда кредитор оны сот шешімімен алып қоя алады. Ал егер бас­пана кепілде тұрмаса, кредитор оған үміт ете алмайды. Қалған өтелмеген сома борышкерде сенімсіздік белгілері (мүлікті немесе ол туралы мәліметтерді жасыру, жалған ақпарат беру және т.б.) болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады.

Үшінші мүмкіндік – төлем қабілетін қалпына келтіру процедурасы. Оның шарты бойынша азамат қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеу ережесімен жеңілдете алады. Мұның нәтижесінде борышкерге «банкрот» мәртебесі берілмейді, сәйкесінше банкрот болған азаматтарға қатысты туын­дай­тын зардаптарға ұшы­ра­майды.