Саясат • 02 Қараша, 2023

Макрон Қазақстанға жасаған алғашқы сапары туралы жазба жариялады

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Франция президенті Эмманюэль Макрон әлеуметтік желідегі парақшасында елге сапары жайында жазба жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz

Макрон Қазақстанға жасаған алғашқы сапары туралы жазба жариялады

«Ұлы державалар қайта гегемон атануға ұмтылып жатқан, ал басқа елдер болжап болмайтын күйге түскен әлемде жаңа перспективалар құруға болатын серіктесің мен достарыңа арқа сүйей алатыныңды білген жақсы. Осындай елдердің қатарында Қазақстан мен Франция бар», деп жазды Э.Макрон. 

Сондай-ақ ол болашақта жастар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтатынына сенім білдірді. 

«Бүгін Қазақстан мен Франция арасында бірқатар келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер арқылы көптеген мәселе өз шешімін оңтайлы табады. Астанада кездескен жастар достығымыздың көрінісі. Олар  мәдениеттеріміз бен тілдерімізді байланыстыратын буын», деді Франция президенті.

Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қарашасында Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Оны елорда әуежайында Премьер-министр Әлихан Смайылов күтіп алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция басшысын Ақорда резиденциясында салтанатты түрде қарсы алды. Мемлекет басшылары арасында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Қазақстан Президенті Эммануэль Макронның сапарын тарихи деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон екіжақты келіссөздер соңында БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапарының соңында Эммануэль Макронды елорда әуежайында өзі шығарып салды. Ал 2 қарашаға қараған түні Франция басшысы Өзбекстанға ресми сапармен барды.

Айта кетейік, бұл Франция Президентінің Қазақстандағы алғашқы сапары болды.