“Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облысының жасотандықтары көтерген “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” акциясы біздің еліміздің барлық аймақтарында кеңінен қолдау табуда. Мыңдаған жас қазақстандықтар елді мекендерді, әсіресе, ауылдарды көркейту, әлеуметтік нысандар салу және оларды жөндеу жөніндегі өз құрдастарының үндеуін жоғары құлшыныспен қолдады.
7 маусымда “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” акциясы Меңдіқара ауданында болып өтті. Бұл шараға “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қатысты. Ол Боровской ауылының орталық мәдениет және демалыс бағында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті, Қостанай педагогика институты, Қостанай педколледж студенттерімен жүздесті. Олар мұнда корттарды, стадиондарды және олардың аумақтарын жөндеуге, тазартуға келген болатын. Ал облыс бойынша акция шеңберінде барлығы 268-ге жуық нысанды абаттандыру жоспарланып отыр екен. Бұларға 20 мың жас қатысады.
Осы күні Нұрлан Нығматулин Рудный қаласындағы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің металлпрокат зауытында болды. Жылдық жалпы қуаты 75 мың тонна металл прокатын шығаратын бұл зауытты үстіміздегі жылдың шілде айында іске қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ, Сарыбай кенішінде болды. Нұрлан Нығматулин: “Нұр Отанның” партиялық бақылау топтары бүгінде аса маңызды деген, ең алдымен, индустриялық-инновациялық бағыттағы нысандарда жұмыс істейді”, деді.
Дәмер ӘБІШ, журналист – арнайы “Егемен Қазақстан” үшін.
Қостанай облысы.