Білім • 03 Қараша, 2023

Түйткілді мәселелер түгесілген жоқ

209 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ балалар әдебиетіне деген ескі көзқарасты өзгертуді, ең алдымен, Қазақстан Жазушылар одағының казіргі басқармасы бастасын дейміз. Ол бастап та жатыр. Бұрын жылдық қорытынды жиналыстарда балалар әдебиеті туралы баяндамалар ең соңында жасалатын. Бұл бір өзгермейтін қалыптасқан дәстүр сияқты еді. Соңғы жылдары әдебиеттің бұл саласы жайындағы әңгімені алдымен қозғауға қол жеткіздік деп айта аламыз.

Түйткілді мәселелер түгесілген жоқ

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Екінші бір өзекті мәселе – Мәдениет және ақпарат министрлігі балалар кіта­бын шығаруды жалпы топқа қо­сып жібермей, жеке тендер жарияласа деген ой. Шүкіршілік дейік, ел Прези­ден­тінің және жекелеген депутаттар мен тиісті министрлік өкілдерінің қайта-қайта қозғауымен балалар әде­биеті кітап­тарын басып шығаруда ілге­рі­леу ны­шандарының бары анық. Дегенмен бұл саладағы орындалуға тиісті мәсе­лелер әлі де толық шешімін таба алмай келе жатыр. Айталық, жас оқырман­дар­ға арналған кітаптарды мемлекет қаржы­сынан шығаруда ойланатын жайттар баршылық.

Қаптаған баспалар арасында осындай тендерді алуға қайысысы лайықты деген мәселені әлі де жете зерттеп, маркетинг жұмыстарын жүргізу керек. Кімнің ұсынатын сомасы арзан болса, жеңісті соған бере салумен барлық мәселе шеші­ле қоя ма? Біздіңше, мына мәселелерге жеткілікті назар аударылмай келеді.

Ең болмағанда кітаптардың мәтіндері еш қатесіз таза шығарылып жүр ме? Яғни бұрын шығарған өнімдерінің са­палық көрсеткіші ескеріле ме? Онда­ғы редакторлар мен корректорлардың базалық білімі қандай? Талап бойынша, бұл мамандардың филологиялық немесе журналистикалық білім болуы керек емес пе? Өкінішке қарай, кей­бір баспалардың бұл аталған орындарында басқа мамандық иелері де жұмыс істейтін көрінеді. Соның салда­рынан жас оқырмандарға арналған өнім­дердің кейбірі орфографиялық, тіпті пунк­туациялық қателерге толы.

Кітаптарды безендіретін суретшілер мен графиктердің, дизайнерлер мен бет қаттаушылардың да өз қызметтеріне қан­шалықты сай екендігін ескеру керек. Өйткені балаларға арналған кітаптардың безендірілуі, талапқа сай тартымды болып шығуы осы аталған мамандықтарға тікелей байланысты.

Үшінші айтарымыз, балалар әдебие­тіне қалам тартатын авторлар қатары жоқ емес, баршылық. Кейінгі жас буын өкілдерінің ішінде де талапкер­лер саны көбейе түсуде. Мәселе – солар­дың жазғандарының көркемдік-эстети­калық сапасы қандай екендігіне байла­нысты. Көбінің көңіл көншіте бер­мей­тіндігін жасыра берудің қажеті жоқ. Қол­жазбаларды таңдаудағы тиісті комиссия мүшелері мен баспа редакторларының қаттырақ көңіл бөлетін мәселелері, міне, осы арада.

Қазіргі таңда фэнтези, мистикалық бағыттағы туындыларды жазудың ауқы­мы кеңейе түсті. Ал соның жас ұрпақ­тың таным-түсінігін эстетикалық тұр­ғыда қалыптастырудағы рөлі қандай? Бұл әдебиеттанушы ғалымдардың, ұстаздар мен әлеуметтанушылардың арнайы зерттеп, зерделеуін қажетсінеді. Мемлекетіміздің келешек мүшелерін қалыптастырудағы көркем әдебиеттің рөлін мойындайтын болсақ, бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.

Жас оқырмандарға, әсіресе керегі – шапшаң дамып келе жатқан бүгінгі заманның тынысын білдіретін реалистік шығармалар. Жас қаламгерлердің ол жағына бара бермей, жоғарыдағыдай жеңіл бағыттарды таңдауға жаппай бет бұруы – бүгінгі өмір шындығын жете білмегендіктен, зерттеп жазуды қиын­сынатындығынан.

Бұл айтылғандар – тек менің ойым ғана емес, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы жанындағы Балалар әдебие­ті кеңесі мүшелері А.Естен, Б.Қошым-Ноғай, Б.Үсенбаев, Д.Мамырбаева, Б.Бо­лат­ханова, С.Дүйсенбиев, Ә.Бай­бол, тағы бас­қалары тарапынан бір ар­на­ға құйыл­ған ортақ пікірлер. Жуырда бол­­ған кезекті отырыста талқыланған мәсе­­лелер қатары бұдан да ауқымды.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, қазіргі балалар әдебиетін әрі қарай дамыту үшін бұл бағытта жұмыс істеп жүрген авторлар контингенті де, жауапты орындарда отырған мемлекеттік лауазым иелері де жан-жақты ойластырса екен дейміз.

 

Нұрдәулет Ақыш,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы жанындағы Балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы