Тарих • 02 Қараша, 2023

«Аққоянның жұты»

353 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 20-жылдары қазақ халқы үшін үлкен нәубеттің бастау алған уақыты болды. Ұлан-ғайыр қазақ даласында бірыңғай мал өсірумен айналы­сып келген қазақ ауылдары кеңестік саясаттың сынақ алаңына айналды.

«Аққоянның жұты»

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Билікке келгенімен шаруашылық жүргізуге қырсыз коммунистер жалаң ұранмен халықты да, халықтың бірден-бір күнкөріс көзі – малды да қырды. Бұл жағдай Қазақ елінің басқа жерлері сияқты Маңғыстауда да көрініс тапты.

1920 жылға дейін Ашғабадқа бағынып келген Маңғышлақ уезі «Адай уезі» аталып, жерінің кеңдігіне байланысты бірден губерниялық мәртебеге ие болды. Қазақ автономиясына қосылған күннен бастап, уезд үлкен қиындыққа тап келді. Баку мен Красноводск, Ресей Каспий теңізіндегі кемелерін түгел алып кетті, кеме арқылы беріліп тұрған байланыс жүйесі үзілді. Мал баққан елмен уезд орталығында сауда айырбасын жасап келген орыс, армян саудагерлері мен көпестері жаңа билік келген соң өз елдеріне қайтты. Мал өнімдері өтпей, жұрт астық, азық-түлік, тұрмыстық заттар айырбасынан айырылды. Іргелес Қоңырат, Хиуа шекараларын жапты. Балық шаруашылығын Астрахандағы Балықодағы иемденді, жергілікті халыққа балық аулатпады. Тұз кәсіпшіліктерін дағыстандықтар иеленді.

Адай уезі қазақтарына биліктен келген нәубет қана емес, табиғаттан болған зұлмат та ауыр соққы болды. «Аққоянның жұты» деген атпен тарихта қалған бұл зұлмат өңірдегі бұдан кейінгі келеңсіз оқиғалардың «себепкері» еді.

1921-1922 жылдың қысында Адай уезінің Арқа беттегі аудандары жұтқа ұшы­ра­ды. Жұт Табын ауданының 3 болыс елінің ма­лын жойды. Мал ғана қырылып қалған жоқ, адам өлімі болды. Тірі қалғандары Хорезм жаққа жер ауып кетті. 1924-1925 жыл­дың қысында Адай уезінің 15 болы­сын­да қуаңшылық салдарынан жұт болды­. Бұлар – І және ІІ Маңғыстау, ІІ, ІІІ, ІV Бозашы, І, ІІІ, ІV, VІ, VІІ Адай, Түпқараған, Жеменей, Шилі-Сағыз, Жем-Сағыз, Доңызтау-Аққолқа, Ұлы Сам болыстары.

Шаруашылығы шашыраған маң­ғыс­тау­лықтар 1927 жылдың қысында «Аққоянның жұтына» килікті. Жұт билік тарапынан болған салық қыспағымен қосарланып, халықты сансыратты. «Аққоян» бұған дейін түбекте болған жұттың бәрінен де ауқымды, тігерге тұяқ, үрерге ит қалдырмаған алапат жұт еді. Жұттың алғашқы нышандары 1926 жылдың қуаңшылығынан байқала бастады. Жаз басында шөпті шегіртке отаса, 1927-1928 жылдың қысына мал өте төмен күйде келді, суық түспей-ақ жемшөптің тапшылығынан қырыла бастады.

«Жығылғанға – жұдырық», күзге салым­ жер-жерде оба ошағы шықты. Әуелі Қаратөрткіл, сосын Бозашыдағы обадан­ бас­тапқыда 9, сосын 50 адам қайтыс болды. Уезге «Қосшы» одағын құруға келген,­ сосын ревкомға төрағалық еткен Әмзе Нахимжанның арқа­сында карантин ұйымдастырылып, Сара­то­в­тан дәрігерлер шақыртылды. Қазақстан үкіметі тарапынан Ниязов сияқты сауатты білгір дәрігерлердің жедел жасақтары құрылып, екпе жасауының арқасында індет елге жаппай жайылудан аман қалды.

Дәл 1927 жылдың соңында Адай уезіне округтік мәртебе беріліп, округ орталығы Форт Александровскіден (қазіргі Форт Шевченко) Ойылға көшті. Жұтпен қабаттаса жүргізілген бұл қайта құру Маңғыстауға бөлінетін қаражатқа қатысты да көптеген түсініспеушілік туғызды.

1927 жылғы қарашаның ортасы ауа райы күрт суытады. Ақтүтек боран болып, қалың қар түсіп, ешқандай мал өріске шығып, тебіндеп жайыла алмады. Қар шөгіп жатқан түйенің өркешіне дейін жа­уып тастайтындай қалың болды. Адамдарға жүріс қиындады. Округтік билік республика орталығы Қызылордаға жеделхаттар жаудырды. 1927 жылғы қараша мен 1928 жылғы сәуір аралығындағы жолданған жеделхаттар жұт картинасын толық береді.

«1927 жыл, 30 қараша. Қызылорда. Қазақ Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесіне.

22-23 қарашада қатты боран болды. Мал қырылып жатыр. Сүйекші мен Қаратөбенің арасына қалың қар түсті. Қатынас жоқ. Көмек бере алмай отырмыз. Метеорологтер ауа райының бұдан әрі де бұзылатынын айтады. Ократком Дауылов.»

1927 жыл, 6 желтоқсан. Екінші жеделхат. «Өлкелік партия комитетіне. Жер-Су комиссариатына. Қазаткомға.

Қарлы боран соққалы бір апта. Жағ­да­йымыз аса қиын. Қаржы жоқ.»

«13 желтоқсан. Қызылорда. Шикізат дайындау басқармасына. Еңбек Хал­ко­мына. Өткен жылға тиесілі 15 000 сомды­ және келер жыл есебінен тағы
15 000­ сомды бөлсеңіз екен. Кейін жүнмен қайтарамыз.»

«31 қаңтар. Москва. РСФСР Сауда Халкомына. Бұрын-соңды болып көрмеген қатаң қыс болып тұр. Мал қырылып жатыр. Өнімдерді ешқайда өткізе алмай отырмыз. Іргелес Дағыстан, Әзербайжан республикалары сатып алудан бас тартты. Дағыстан, Солтүстік Кавказ көмектесуге дәрменсіз. Халық аш. Шұғыл көмек керек!»

«19 наурыз. Қызылорда. Боран әлі тынған жоқ. Аяз малдың қалғанын отап жатыр. Аш адамдардың алды жаяулап, Фортқа жетті. Енді малдың жайын емес, адамдарды аштық тырнағынан арашалаудың қамын істеп жатырмыз. Бес тамақтану орны ашылып, 1 158 695 сом жұмсалды.»

«29 сәуір Кеңестер үйі. Қилыбаевқа. Аш­­тар қаланы басып алды. Округке 132 ва­­гон ұн жеткізудің шұғыл шара­сын алың­­дар. Қаржы да керек. Осыған дейін алты жеделхат жібердік, бәрі жауапсыз.­ Жа­уа­п­ты тездетіңдер. ­Ең бастысы – ұн!»

Жан-жақтан адамға азық-түлік, мал­ға­ жемшөп сұратылды. Бірінші кезек­те­ Орталықтан сұратылған 50 мың рубль қарыз қаражаттың алғашқы бөлігі Дағыс­т­­­анға жеткізіліп, оған 15 мың пұт қос­па­лы жем дайындалып, жартысынан көбі Кендірліге жетті. 200 тонна астық тиел­ген арнайы пароход Махачкала-Кен­дірліге 18 ақпанда ғана келді. Астықты алыстағы Бозашы ауылдарына жеткізудің өзі қиын болды. Оның алғашқы партиясы арбамен, түйе керуендерімен жолға шықты. Осындай қиындықтармен астық жеткізудің шаралары мал өлімі мен адам өлімдерін тоқтата алмады. Окрисполком Ресейдің Солтүстік Кавказ елдерінен көмек берілуін сұрап бірнеше хат жолдады. Красноводскіден шыққан жүктерді керуендер арқылы тасымалдауға Түрікмен елі рұқсат етпей, кідіріске тап болды. Окрисполкомнан ол үшін арнайы өкілдер жіберілді. Олардың жетекшісі болып Мыңбай Жалауов бекітілді. «Казшерсть» мекемесі де көмекке келді.

Ақшалай «Казторг», «Казшерсть» ме­ке­мелері көмектескен. «Казшерсть» қа­рызға 25 мың, «Казсельхозбанк» жел­тоқ­санда – 50 мың, ақпанда 25 мың сом бө­ліп, оған жемшөп, азық алынған 56 184 пұт астық жеткізілген. Іргелес Жылой ауда­ны 14 мың пұт шөп, 800 пұт ұн берген.

Осындай жұт көрші Ақтөбе, Гурьев уездерінде де болды. Жергілікті архивтерде сақталған құжаттар жұт ғаламатын көзбен көріп, қолмен ұстағандай жеткізеді. Жұт есебі жүргізілді. Комиссия болыстардан келген өкілдерді тыңдап, жағдайды талқылай келе, Бозашыдағы 4 678 үй – 95, Қарақұмдағы 2 740 үй – 90, Александр Байдағы 4 145 үй 80 пайыз жұтағанын растап, қаулы қабылдады. Жұтаған үш ауданның 8 965 үйінің күнкөріс көзі мүлде жоқ. Еңбекке жарамды адамы жоқ отбасының саны округ бойынша 2 мыңдай.

Уезд орталығы жаз шыға бар малынан айырылып, ашыққан адамдарға толды. Болыстардан барлығы 515 үй алдымен көшіп келді. Аштық, жалаңаштық етек алды. Көрші Дағыстан, Әзербайжан елдеріне жіберілген өкілдер де жергілікті атқарушы орындармен келіссөз жүргізгенімен көмек өте баяу ұйымдастырылды. Жер­гі­лікті саудагерлер де елдегі азық-түлік тап­шылығының жетіспеуін пайдаланып, бағаларын көтеріп жіберді, үкімет жіберген азық-түліктердің өзі саудаға салынды.

Фортта күн жылынғанда іш ауруы көбейді. Аш адамдар қолына не түссе соны жеген. Әсіресе балалар үшін қиын болды, олардың арасында өлім бар. Фортта екі емдеу орны ашылып, 9 582 адам қаралды. Эпидемиологиялық аурудың тарамауына қатаң бақылау қойылды. Дәрігерлер қабылдаудан бос уақытында аштар орналасқан үйлерді аралап, түсінік жұмыстарын жүргізді.

«Округ орталығының Ойылға көшуіне байланысты беріліп келген жарытусыз паек – 5-10 фунт жүгері ұны да тыйылып қалды. Қатық бұлақ көлінен тұз өндіру тоқтады. Фортта басқа табыс көзі жоқ. Ойылға кеткісі келетіндерге көлік болмады. Мен денсаулық Халық комиссариа­тына әлденеше рет жеделхат жіберуге мәжбүр болдым. Адамдарды құтқарудың бірден-бір жолы – тамақтандыру пунктерін ашу. Форт жағдайында асхана ашу қиын. Жабдық алуға, штат ұстауға шығын кетеді. Сондықтан аштар үлесін қолма-қол өздеріне беруді ұйғардық», деп жазады Жұтпен күрес ұйымдастыру бюросының басшысы М.Ниязов.

Жергілікті билікпен келісе отырып, екі дәрігерлік жасақтың бірі қалада қалып, мұнда келген және әлі де келіп жатқан аштарды қарауға қалды. Екінші жасақ (басшысы дәрігер Мәметов) жұтқа қатты ұшыраған Бозашыға аттанады. Жолдың қиындығына байланысты бұл жасақтың жартысын құрлықпен, қалғанын теңіз арқылы жіберуге тура келген. Шебірге 7 күн жүріп жеткен жасақ онда үш апта болады, Бозашыда ел қалмаған. Жасақ сосын Қаратау бойына ауысып, тұрғындарға көмек жасады. Олар далада үш ай болды. 1 008 науқасты қабылдады. 3 911 адам дәрігерлік тексеруден өтті.

Қызыл Крест ұйымының Өлкелік ұйы­мы­ның төрағасы, Өлкелік Халық ша­руа­­шы­лығы комиссариатының өкілі Ниязов дайын­даған анықтама-баянжаз­ба­­сында округтегі жағдай біршама бей­не­­­леніп, тиісті көмек беру сұралды. 25 мау­­сымдағы Ниязовтың баянжазбасында: «... Аштықтан босып Форт-Александровск қаласына даладан келген отбасылардың саны 700-ге жетті. Оларға күнделікті есеппен беріліп отырған жүгері ұнының да бітуі жақын. Даладан келушілер толассыз. Келушілер арасында ішек-сүзек ауруы шығып жатыр. Қосымша қаражат бөлу шарасын алуды сұраймын» деген жеделхат жолдайды. Орталық өздері жіберген өкілінің сұранысын орындай алмайды.

Аштарды есепке алып, үлес белгілеу үшін ерекше комиссия құрылды. Оның құра­мына ауатком төрағасы бастаған бес адам – атком өкілі, кооперациядан, «Қосшы» ұйымынан және «Жұтпен күрес» бюро­сының жетекшісі Ниязов кіреді. Тамақпен қамту кооперацияға тапсырылды. Әр адамға 1 фунт (1 фунт – 400 грамм. Н.Ж.) ұн, 1,4 фунттан ет пен жарма, аздаған шай мен секер үлесі беріледі. Тамақ үлесін ала­тындарды комиссия бекітті. Әр отбасына азық-түлік карточкасы берілді, отбасы мүше­лері жеке-жеке жазылып көрсетілді. Үлес беру 12 шілдеде басталды. Азық түлік­тер арнайы комиссияның бақылауына алынды.

Келе қояр көмек болмаған соң Форт­та­ Аштарға көмек комиссиясының мүше­ле­рі Жұбаев, Құлшаров, Оңғалбаев, Сейіт­қазиев, Нұрмұхамедов, төрағасы болып Сар­қожаев қолда бар астықты 1 800 отбасына бөліп беру мәселесін қарады. Оны бөліп беруді Бағдәулетов, Салықов, Ерпанаев, Меңдалиев, Құлшаров атқарды.

Комиссияның 20 мамырдағы отырысында 108 отбасының, яғни 462 адамның еш үлессіз қалғаны айтылады. Үкімет көмек ұйымдастыруда қауқарсыз болды. Тек мамыр айынан бастап Қазақ үкіметі жұтаған елге мойын бұрған болды. Әрине, бұл жұмыстар да толыққанды жүргізіле қойған жоқ. Біріне қаржы тапшылығы кедергі болса, бірқатарын жүргізуге іскерлік, біліктілік жетіспеді.

1927-1928 жылдардың қысындағы «Аққоян» жұты­ның халыққа тигізген зардабы бұрын-соңды болған жұттың бәрінен де асып түсті. Сол жылдары бұрынғы байлар, қазір тақыр кедейге айналғандар кәмпескеге ілігіп, дүние-мүлкінен түгел айырылды. Молдалар жер аударылды. Дәл осы қиын шақта уезд округке айналып, орталығы мыңдаған қашықтықтағы Ойылға ауыстырылды. «Аққояннан» мал шығыны 80-90 пайызға күрт азайып кеткен маңғыстаулықтарға үкіметтің салығы қосылды. Салық жұтқа дейінгі мал санына салынды, бұл халықты қатты ашындырды.

Жергілікті халық өзбек, түрікмен жерлеріне дендеп, одан әрі Иранға жұмыс, тамақ іздеп жер ауып кетті. Жұттан қашқан елдің әрекеті билік тарапынан «адайлардың кеңестік саясатты мойындамауы» деген баға алды.

Облыстың архив қорында түрікмен жерінде уақытша тұрып, жан сақтауға рұқсат етілген адамдардың тізімі бар. Құжатта 1929 жылдың қарашасында Маңғыстау ұйымдастыру комиссиясы Түрікменстан ССР-ы жағына көшіп бара жатқан 33 отбасына куәлік бергені айғақталған. Жақша ішінде отбасы мүшелерінің саны көрсетіледі. «Осы тізімдегі отыз үш үй (135 адам) нағыз шұбырынды жарлы, осыны растаймын. 1-Қарасу Қошком ағасы». (МОМА, Құжатты араб қарпінен аударған автор).

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Маңғыстаудағы оқиғаларды «Аққоянның» жұтымен байланыстыра қарағанда ғана біз бұл өлкенің тарихын шынайы бағалай аламыз. Халықтың басына түскен ауыртпалық осы 1927-1928 жылдың жұтынан басталды. Арты көтеріліске ұласты. Сол жұтта аштықтан жан-жаққа бытырай көшкен ел араға ғасыр салып, туған топыраққа көшіп келіп жатыр. Иранда қалың қазақ отыр ел жаққа алаңдап.

 

Жанат НҰРМАХАНОВА,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Аумақтық комиссия жұмыс тобының жетекшісі

 

Маңғыстау облысы