Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
«Атажұртқа оралу әрдайым керемет»
Келіссөз алдында «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министріне рапорт берді. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан шағын құрамда кездесу өтетін залға барды.
Тараптар саяси диалогті нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму келешегін жан-жақты талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.
– Құрметті Премьер-министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Виктор Орбан Қазақстанға шақырғаны және өзіне, Мажарстан делегациясына көрсеткен қонақжайлылығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.
– Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор, – деді Виктор Орбан.
Ынтымақтастық тереңдей түскен кезең
Бұдан кейін Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстанның тарихи тамырластығы және тығыз байланыстары бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болғанын атап өтті.
– Қазақ пен мажар – ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Бұған, құрметті Премьер-министр мырза, сіз өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бүгінгі келіссөздер екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз бар деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес екі елдің сауда қатынастарын дамытуда белсенді рөл атқаруы керек.
– Геосаяси шиеленістерге қарамастан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан аса өсті. Таяу болашақта бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.
Сонымен қатар келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі халықаралық платформа аясындағы өзара ықпалдастықтың келешегі қарастырылды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесіне де тоқталды. Бүгін Астана көшелерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі. Бұл – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тығыз достық қатынастардың тағы бір айқын дәлелі.
Өз кезегінде Виктор Орбан құрметпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына алғыс айтты.
– Құрметті Президент мырза! Біз Қазақстанға әрқашан ерекше қуанышпен келеміз. Біз мұнда соңғы рет пандемияға дейін болған едік. Сол кездің өзінде екіжақты қарым-қатынасымыз өте табысты дамыды. Бірақ коронавирус барлық байланысымыздың қарқынын тежеді. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік. Орта Азия аймағында бізді Қазақстанмен ғасырлар бойғы тарихымыз байланыстырады. Сондықтан сіздердің әрбір жетістіктеріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен әрқашан Қазақстаннан үлкен әсермен қайтамын, – деді Мажарстан Премьер-министрі.
Келіссөз қорытындысы бойынша білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
«Достық» орденімен марапатталды
Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы салтанатты рәсім барысында Виктор Орбанның екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
– Бүгінгі жоғары деңгейдегі сындарлы келіссөздер біздің берік қарым-қатынасымызды тереңдетуге және стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге тың серпін берді. Халықтарымыз арасындағы достық арқауын және өзара тиімді байланыстарды нығайту ісіндегі айрықша рөліңізді ескере отырып, Сізді I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – зор құрмет пен ризашылықтың белгісі. Сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстанның – достас екі халық бірлігінің әрі өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қатынастарды нығайтуға деген ниетіміздің айқын көрінісі. Осы марапат ынтымағымызды одан әрі дамытуға және ортақ игілік жолындағы бірлескен жұмысымызға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Президент.
Қазақстанның жоғары наградасымен марапаттағаны үшін Виктор Орбан Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бар күшін жұмсауға дайын екенін мәлімдеді.
Білім саласындағы байланыс берік
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы бүгін Премьер-министр Виктор Орбанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған нәтижелі келіссөз жүргізгенін айтты.
– Жан-жақты әрі тиімді ықпалдастықты нығайту халықтарымыздың мүддесіне сай келеді. Біз бүгін нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Әсіресе екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға баса мән бердік. Осы орайда тауар түрін көбейтіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану аса маңызды. Қазір еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алады. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент келіссөз барысында инвестициялық серіктестікті одан әрі жандандыру үшін ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді.
– Өзара тиімді жобалар тізімі әзірленеді. Жалпы, осы уақытқа дейін біраз шаруа атқарылды. Жыл соңына қарай Батыс Қазақстандағы «Рожковское» ірі газ конденсатты кен орны ашылады. Онда Мажарстанның «MOL» мұнай-газ компаниясының үлесі 192 миллион доллар болмақ. Сондай-ақ «Globalia» кәсіпорны еліміздің бірқатар аймағында күн энергиясы стансаларын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 150 миллион доллар. Бұдан бөлек, келесі аптада Астанада екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар тараптар көлік-логистика, атом энергетикасы, су ресурстарын басқару, сирек кездесетін металл өндіру бағытындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасында қаржы саласындағы байланыстар да қарқынды дамып келеді.
– Жақында «Equilibrium Capital» компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығында шетелдік қорларды басқару мәртебесіне ие болды. Бұл – осындай мәртебеге қол жеткізген Мажарстанның алғашқы компаниясы. Кәсіпорын жасыл энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қаржыландыра алады. Компанияның Қазақстанда 3 инвестициялық қор құруға ниеті бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қазақ-мажар қатынастарының алтын көпірі ретінде атап өтіп, бұл бағытта айтарлықтай жетістіктер бар екеніне назар аударды.
– Мажар үкіметінің қолдауымен кейінгі 10 жылда Қазақстан студенттері үшін оқу гранттары бөлініп келеді. Көптеген жастарымыз Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Жаңа ғана осы бағдарламаны жалғастыру туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл білім саласындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге жол ашады. Биыл мажар халқының ұлы перзенті Шандор Петефидің туғанына 200 жыл толуына орай бүгін Астанада жаңа көшеге ақынның есімі беріледі, – деді Президент.
Мемлекет басшысы келіссөз барысында жаһандық маңызы бар мәселелер бойынша пікір алмасқанын, бұл ретте екі елдің ұстанымдары ортақ немесе орайлас екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, екі елдің серіктестігі БҰҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, ЕҚЫҰ сияқты құрылымдар аясында табысты дамып келе жатыр.
Өз кезегінде Мажарстан Премьер-министрі осыдан тоғыз жыл бұрын қазақ-мажар қатынастарын стратегиялық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын айтты.
– Кейінгі жылдары бұл бағытта көптеген нәтижелі іс атқарылды. Екі ел арасындағы тауар айналымы едәуір қарқын алғанын көріп отырмыз. Мұны жоғары бағалаймыз. Экономикалық байланыстарды анағұрлым жоғары деңгейге көтеру үшін берік негіз қаладық. Мажарстан халқы сіздермен туыстық байланысы бар екенін біледі. Қазақтар – ортақ тарихымыздың бір бөлшегі. Елдеріміз арасында саяси достықтан бөлек, экономикалық ықпалдастық нығайып келе жатқанына қуаныштымыз. Біз Еуропадағы теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет ретінде көп нәрсені сырттан аламыз. Мажарстанға Ресей мен Қазақстан мұнайы экспортталады. Әзірге мұнай көлемі соншалықты үлкен емес. Әйтсе де тасымалдау арнасы бар. Бұл – еліміздің қауіпсіздігі тұрғысынан өте маңызды қадам, – деді Виктор Орбан.
Сонымен қатар Виктор Орбан Мажарстан компанияларының Қазақстанда мұнай-газ, жасыл энергетика жобаларын бірлесе жүзеге асыруына және атом саласына маман даярлау ісіне атсалысуына мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.