Қазақстан • 03 Қараша, 2023

Суармалы жерге ерекше қамқорлық керек

147 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында қамтылған өзекті мәселенің бірі – еліміздегі су шаруашылығын дамыту. Еліміз үшін, мемлекет үшін аса маңызды осы салада өз алдына жеке Су ресурстары және ирригация министрлігін құру кеш те болса қолға алынғаны өте дұрыс қадам болды.

Суармалы жерге ерекше қамқорлық керек

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Су – шектеулі ресурс, оның көлемінің азаюы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мемлекет басшысы  Жол­да­уында «Ішкі су ресурстарын үнем­деп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр... Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек... Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет», деп нақтылай тапсырма берген болатын.

Республика бойынша бүгінгі таңда тозығы жеткен су қоймаларының үлес сал­ма­ғы – 20 пайыз, су тораптары – 38 па­йыз, каналдардікі 46 пайызды құрайды. Олар күрделі жөндеуді керек етеді.

Әсіресе жекеменшік иелігіне өтіп кет­кен су қоймалары мен каналдардың жағдайы өте қиын. Олардың иелері өз объектілерін жөндеуге ешқандай шығын шығармастан шаруалардан пайдаланған судан ақша жинаумен ғана айналысып келген. Жергілікті жерлердегі шағын су қоймалары мен тоғандардың, бірқатар арық пен коллектордың иесі жоқ. Сон­дық­тан бұл объектілердің бәрін тех­ни­калық инвентаризациядан өткізіп, пас­порт­тауға тура келеді.

Үкімет алдағы жылы қалпына кел­ті­руді, күрделі жөндеуді керек ететін су қой­малары мен гидротехникалық ғима­рат­тардың, каналдардың тізімін бекі­тіп, республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлуге тиіс. Бұл шаралар облыстар мен аудандарда да қолға алынып, атқарылғаны жөн.

Бүгінде азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі, атап айтқанда, қант, күріш, жүгері, өсімдік майы, көкөніс, жеміс-жидектер мен жүзім, мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті жоғары белок­ты жемшөп дақылдары суармалы жерлерде өндіріледі.

Кейінгі жылдары суармалы жерлердің құнарлылығы мен өнімділігі төмендеп, мыңдаған гектар жер айналымнан шығып, халық тығыз орналасқан өңірлердің жағдайы ауырлай түсуде. Жер ресурстарын басқару агенттігінің ақпаратына қарағанда, елімізде 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жерлер көлемі 300 мың гектарға азайып, 575 мың гектар суармалы егістік жер ауылшаруашылық айналымынан шығып қалған. 20 мың гектар суармалы жер жекеменшік үй, жол, өндіріс орындарын салуға және басқа мақсаттарға берілген. Ал пайдаланылып жатқан суармалы жерлер тұзданып, құнарлылығы мен өнімділігі төмендеуде, ауыспалы егіс жүйесі жоқтың қасы, егістік құрылымдары жетілдіруді қажет етеді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары еліміздегі суармалы жер көлемі барлық егістіктің 6 пайызын құрап, егіншілік өнімдерінің 30 пайызы өндірілген болса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмендеп кеткен. Халқы тығыз, негізінен суармалы егіншілікпен айналысатын Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында суармалы жерлердің 15-35 пайызы пайдаланылмайды. Ал қолданыстағы суармалы жерлердің өнімділігі 25-50 пайызға төмендеген. Басқа облыстарда да жағдай мәз емес. Елорда халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі мол Ақмола облысында 2000-жыл­дардың басында болған 38,5 мың гек­тар суармалы жердің небәрі 6-7 пайызы ғана пайдаланылуда. Кезінде өзін-өзі көкөніспен қамтамасыз етіп отырған облыс бүгінде, оны сырттан тасымалдайды. Бұл Мемлекет басшысының халық саны тез өсіп келе жатқан Астана қаласына азық-түлік белдеуін жасау жөніндегі тап­сыр­ма­сының өз деңгейінде орындалмай отырғанын көрсетеді.

Егер суармалы жерлердің гидро­ме­лио­­ра­тивтік жағдайын жақсартып, тиісті агро­техникалық нормалар мен ере­же­лерді сақтасақ және жоғары сұрыпты тұ­­қым­дарды қолданатын болсақ, гектар мол­шылығын 1,5-2 есеге арттыруға мүмкін еді. Анығына келгенде, елімізді азық-түлік өнім­дерінің барлық түрімен қамтамасыз етуге (лимон, апельсин, бананнан басқа) біздің жағдайымыз толық жетеді. Ол үшін суар­малы жерлерді интен­сив­ті пайдаланып, мемлекеттік қол­дау мен ин­вестиция тар­ту шараларын күшей­туіміз керек.

Ауыл шаруашылығының «алтын қоры» болып есептелетін суармалы жерлер кім­­нің меншігінде болмасын, ел игілі­гі­не қызмет етуге тиіс. Сондықтан заң талап­тарына сай жер пайдаланушыларға суар­малы жердің құнарлылығы мен өнім­ді­лігін арттыруға қатаң талап қоюмен бірге, оларды мемлекет тарапынан қолдау керек.

Ал енді қалыптасқан жағдайдың се­беп­­­­теріне келсек, ауыл шаруашы­лы­ғын­­­дағы жекешелендіру барысында шаруа­­­шы­лықтар ұсақталып, бұрынғы ішкі шаруа­шы­лық каналдар мен кәріздік жүйе­лер, тік дренаж ұңғымалары шаруа­шы­лықара­лық объектілерге айналып, көп­шілігі ие­сіз қалды. Ұсақ шаруа қожа­лық­тарында қаржы, техника болмай су және кәріз жүйелері уақтылы тазаланбай, ұйық басып, су тарту қабілетінен айырылып, жерасты суларының көтерілуіне, жер­дің сорлануына, батпақтануына әкелді. Суар­малы жерлерге ағымдағы және күр­де­лі тегістеу жұмыстары көптен бері жүр­гізілмеуде. Бұл суды пайдалануда ысы­рапшылдыққа себеп болып отыр.

Бірінші кезекте суармалы жерлерді, оның гидромелиорациялық инфра­құ­рылым жүйелерін толық түгендеуден өткізіп, есебін алып, меншік иелерін анық­тап, ол жүйелердің тұрақты сапалы жұ­мыс істеуін қамтамасыз ету керек. Ал пай­даланылмай жатқан 575 мың гектар суармалы жерді бюджеттен қаржы бөлу, инвестиция, заем тарту және жеңілдетілген несиелер беру арқылы кезең-кезеңмен ауыл шаруашылығы айналымына қайтару қажет. Сонда біз әр гектар суармалы жерден орта есеппен 500-700 мың теңгенің өні­мін өндіргенде, республика бойынша ауыл­­шаруашылық өнімдерін өндіруді 250-300 млрд тең­­геге арттырамыз.

Ал қол­даныстағы 1,4 млн гектар суар­малы жердің өнімділігін көтеру үшін олардың мелиоративтік жағдайын жақ­сар­туға күш салуымыз керек. Ол үшін қо­мақты қаражат, арнайы техникалар қажет. Себебі суармалы жерлер тәлімі жерлермен салыстырғанда гектарына 1,5-2 есе артық қосымша шығындарды талап етеді. Атап айтар болсақ, олар каналдар мен кәріз жүйелерін тазалау, тік дренаждарды күтіп ұстау, оның насос­та­рын, электр желілерін жөндеп, пай­далану, сор шаю және тағы басқа жұ­мыстарды қамтиды. Суды үнемдеп пайдалану үшін суармалы жерлерді жыл сайын ағымдағы тегістеуден, 3-4 жыл сайын күрделі тегіс­теу­ден өткізіп тұру қажет. Егістік жер тегіс болмаса суару барысында бір жер көлденіп, ал бір жерлерге ылғал шықпай шөлденіп, су ысы­рапшылығына жол беріледі, егін өнімділігі төмендейді, ең бас­тысы суармалы жер істен шығады. Міне, жоға­ры­дағы аталған гидромелиоративтік жұ­мыс­тарды атқару үшін қосымша қара­жат, арнайы техникалар, өндірістік базасы бар мамандандырылған кәсіпорын қажет. Ал ұлтарақтай жеріне егін егуге, тұқым, жанармай алуға, техника жалдауға қаржы таппай отырған шаруалардың жоғарыда аталған мелиоративтік шараларды атқаруға мүлдем шамалары кел­мей­ді. Нәтижесінде, шаруалар өз проб­лемаларымен өздері қалып, суармалы жерлер істен шығып, құнарлылығы мен өнімділігі төмендеді. Өзі жетпей жатқан ағын су ысырап болды.

Суармалы жерлерді тұзданудан сақтап, судың деңгейін төмендету үшін жұмыс істейтін тік дренаж ұңғымаларын қалпына келтіру, оны пайдалану шаруалар мен су пайдаланушылар кооперативтерінің шамасы келмейтінін көпжылдық тәжірибе көрсетті. Сондықтан бұл ұңғымаларды ұстау, жөндеу және пайдалану жөнінде республикалық коммуналдық мекеме ашылып, суармалы егіншілікпен айналысатын аудандарда ауылшаруашылық та­уар өндірушілермен кооперация негізінде бірлескен кәсіпорындар құрылып, жұмыс істеулері керек. Сонымен қатар ұңғымалар тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған жағ­дай­да олардың суын да қайталап да­қыл­дарды суаруға болады. Суармалы жерлерде суды үнемді пайдаланудың бір жолы  – қазіргі заманғы су өлшеуіш құралдарын орнату және су ресурстарын пайдалануды басқарудың автоматтық жүйесін енгізу. Ауыспалы егісті, озат тәжірибе мен жаңа технологияларды енгізіп, еңбек өнімділігін көтеруге, ағын суды үнем­деп, топырақ құнарлығын арттыруға, мол өнім алуға қол жеткізу үшін ұсақ шаруа­шылықтарды кооперация негізінде ірілен­ді­руді жүйелі түрде іске асыру қажет.

 Бүгінде елімізде 1 гектар суармалы жерге ағын су нормадан артық жұм­са­лады, су пайдалану коэффиценті төмен. Рес­публика бойынша су пайдалану коэф­фи­циенті 0,72 болса, Жамбыл, Оң­түс­тік Қазақстан, Қызылорда облыстарында ол 0,6 ғана болып отыр. Егер еліміз бойынша су пайдалану коэффициентін 0,82-ге көтерсек, 127 000 гектар жерді сулан­ды­ратын 1 млрд 272 млн текше метр су үнемделеді екен. Дамыған елдерде 1 текше метр суға 2,5-6,0 кило ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілсе, бізде небәрі 0,4-0,8 кило немесе 6-7 есе аз өндіріледі. Ал 1 кило өнім өндіруге дамыған елдерде 160-400 литр су жұмсалса, бізде 1200-2500 литр ағын су жұмсалады.

Су үнемдеу технологиясының ең озық түрі – егістікті тамшылатып суару әдісі. Бұл тәсіл суды 2-3 есе үнемдейді, тыңайт­қыштарды пайдалану коэффициенті 2 есеге, гектар өнімділігі 3-4 есеге өседі, нәти­жесінде еңбек өнімділігі артады. Бүгінде осы тәсілмен суарылатын жер көлемі елімізде небәрі 280 мың гектарды ғана құрайды. Сондықтан да Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың га кеңейту туралы тапсырмасы өте маңызды. Бұл тапсырма – өте өзекті. Оны тиімді атқару үшін Үкімет бірінші кезекте елі­міз­де тамшылатып және жаң­быр­латып суару жүйелеріне қажетті құрал­дар шы­ғаратын зауыт салуды шешуге тиіс. Әйт­пе­се бұл тапсырманы орындау өте қиын болады. Суарудың осы тәсілін өн­діріске енгізу үшін шаруаларға субси­дия­лар мен жеңілдетілген несиелер бе­рілу­ге тиіс.

Мамандардың есебі бойынша суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға жыл сайын қажетті қаражат бөлініп отырса, ол гектар өнімділігін 30-35 пайыз арттыруға ықпал етеді екен. Нәтижеде, республика бойынша суармалы жерлерден қосымша 120-130 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі, яғни мемлекет тарапынан бөлінген 1 теңге 5-6 теңге болып қайтарылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді субсидиялау жыл сайын сараланып, же­тіл­діріліп отыруы керек, ол тауар өн­ді­рушіні қолдап, оны мол сапалы өнім алуға ынталандыруға тиіс, әсіресе, суармалы жерлерде егілетін дақылдар жоғары нормативте субсидиялануға тиіс. Себебі жоғарыда айтылғандай 1 гектар суармалы жерге жұмсалатын шығын, тәлімі жерлерге қарағанда анағұрлым жоғары және алынатын өнімде 1,5-2 есе көп. Суармалы жер пайдаланушыларды мемлекеттік қолдауды күшейтумен бірге, олардың жерді тиімді пайдаланудағы жауапкершілігін де көтеруіміз қажет. Жер ресурстарын басқаратын комитет пен оның аумақтық құрылымдары және жергілікті атқарушы органдар пайдаланылмай жат­қан және құнарлылығы төмен­деген жер­лерді қайтарып алу тетігін же­тіл­діріп, бақылауды күшейте түсуі керек.

Бүгінгі таңда республикада суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігі туралы нақты деректер жоқтың қасы. Сондықтан республикалық ақпарат бюро­сы­ның статистикалық мәліметтерінде суар­малы жерлердің көлемін, өнімділігін мелиоративтік жағдайын облыстар бо­йынша көрсететін деректер болуы керек. Бұрыннан айтылып жүрген «Мелиорация туралы» заңның аса қажет екенін тағы да баса айтқым келеді. Бұл заңда жерді мелиорациялау бойынша мемлекеттік органдар мен жер пайдаланушылардың жауапкершілігі, су шаруашылығына қа­тыс­ты мемлекеттік реттеу шаралары, ме­лиорация жұмыстарын жүргізетін кадр­­лар­ды дайындау мен қайта даярлау және тағы басқа да мәселелер нақ­ты­ла­ну­ға тиіс.

Суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруа­шы­лығының «алтын қоры» ғана емес, ол – сол өңірлерде тұратын халықтың өмір, тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры. Суармалы жерлердің жағдайы жөнделсе, елімізде азық-түлік молшылығы болады, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті артады, импорт азаяды, республика халқының жағдайы жақсарады.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

экономика ғылымдарының докторы

 

Астана