Қоғам • 03 Қараша, 2023

Дербестік декларациядан басталады

1293 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық һәм ұлық мереке – Республика күніне орай Пре­зидент Архивінде «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» атты дөңгелек үстел ұйым­дас­тырылып, егемен елге айналудың ал­ғы­шартын құжат жүзінде таңбалап берген декларацияның дайындалуы мен қа­был­дануына байланысты келелі ой өрбітті.

Дербестік декларациядан басталады

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мерекелік жиынға тарихи құжатты әзір­леуге және қабылдауға тікелей атса­лыс­­қан, сонымен қатар сол кезеңдегі қо­ғам­дық талқылаулардың куәгері болған тұлғалар, бүгінгі күні елдің дамуына сүбелі үлес қосып, реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып жүрген мем­­лекет және қоғам қайраткерлері қа­тыс­ты. Сондай-ақ дөңгелек үстел бағ­дар­ламасына сәйкес көпшілік назарына тарихи-құжаттық көр­ме ұсынылды.

– Басқа заңнамалық актілердің ішінде дек­ла­рацияның тарихи рөлі мен орны жайында бүгінгі күні жаңа ойлар айтылып келеді. Тың тарихи-құқықтық көз­қа­растарға сүйенетін болсақ, бұл құжат Қазақстан Республикасының заңнама жүйесінде жаңа, неғұрлым жоғары орын­ға шығарылуға тиіс. 2022 жылғы мау­сым­да Ұлытау облысындағы алғашқы Құрылтайда сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сол жылдың 29 қыркүйегінде тиісті заңға қол қойылды. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», деп атап өтті Президент. Осылайша, «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация отандық жаңа та­рих­­тағы конституциялық маңызы бар тұңғыш акт және қазіргі Қазақстанның мемлекеттілігінің негізі ретінде саяси деңгейде расталды, – деді Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымының депутаттары Оразалы Сәбденов пен Зинаида Федотова, Фи­ло­софия, саясаттану және дінтану инсти­тутының бас директоры Серік Сей­ду­ма­нов, Президенттің Алматы бас­пасөз бюросының меңгерушісі Валерий Жандәулетов, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов ел егемендігін айғақтаған құ­жат­­тың қабылдану тарихын еске алып, сындарлы сәттің беймәлім тұстарынан сыр шертті.

– 1990 жылы 25 қазанда тәуелсіздік декларациясы жобаларына байланыс­ты құрыл­ған комиссия жұмысын қоры­тын­дылау үшін осы комиссияның төр­а­ғасы, академик Салық Зиманов депутаттар алдында баяндама жасады. Ака­­демик Зи­ма­нов сонда алты сағат бойы мінберде тіке­сінен тік тұрып сөз сөйледі. Депутаттар декларацияның 17-ба­бының әрқайсысына жеке тоқталып, әр бапқа дауыс беріп, қызу тартыспен талқылады. Депутаттардың бірауыздан дауыс беруі­мен Қазақ КСР-нің мемлекеттік еге­­мендігі туралы құжат қабылданды. Дек­ларацияға сәйкес Қазақстанның еге­мен­дігі жарияланды, – деп еске алады академик Оразалы Сәбденов.

Академиктің айтуынша, Жоғарғы Кеңес құрамында С.Зиманов, С.Сартаев, Ж.Әбділдин, М.Жолдасбеков, М.Қозы­баев, Ш.Есенов сияқты академик­тер мен Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза сынды қарымды қаламгерлердің болуы оның пәрмені мен тегеурінін арттыра түскен. Тіл, жер, шекара, мемлекеттік рәміздер, қазба байлық, құқық жүйесі, қарулы күш, қорғаныс саласы, халықаралық қатынас, тарихи мұра, рухани байлық – дербестікке ұмтылған ел үшін осының бәрі басы ашық күйі шешімін тауып, қабылдануға тиіс өткір мәселе еді. Тіпті Семей полигоны туралы Жоғарғы Кеңестің «бомба жаруға болмайды» деген шешімі шыққаннан кейін де Мәскеуден М.Горбачев қайта-қайта хабарласып, «тағы да сынақ жасайық, ең құрығанда екі рет жарайық, тым болмаса бір рет жаруға рұқсат беріңіздер, ақысын төлейік» деп жаңа тарихтың бетін жазуға қамданған қалаулыларды ты­ғы­рыққа тіреп жатты. Өтпелі кезеңде өкінішке бой алдырмай, Жоғарғы Кеңес Президиумы бір ауыздан «болмайды» деген табандылығынан айнымай, қарсылық таныта алғанын О.Сәбден осы күні ерлікке балайды.

Тәуелсіз елдің іргетасын қалаған мем­­ле­кет қайраткерлері қатарында 1990 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ғана емес, Жоғарғы Кеңес төра­ғасының орынбасары болып, ұзақ жыл­дар мемлекет құрылысы саласын­да жемісті қызмет еткен Зинаида Федо­то­ваның есімі ерек аталады. Уысында ұстаған одақтың шеңгелінен босанып шық­қанымен, қысым-қытымырлығынан құтылмаған күрделі кезеңде маңызды тарихи құжаттың қабылданған сәті дәл бүгінгідей санасында сайрап тұрады. Тек декларация емес, алғашқы Ата заңды қабылдаған комиссияның бел ортасында Мемлекет басшысының оң қолы бола жүріп жұмыс істеп, заң-құқық саласының беделді тұлғасына айналған Зинаида Леонтьевна егемендік туралы естелігін сағаттап айтудан талған емес.

– Бүгінгі күн биігінен көз салғанда 1990-жылдарды талқылау түкке тұрмай­тын оңай дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ дүние тұтас өзгеріп, тарихты жаңа парақтан ашып жатқан ол кезеңде ха­лыққа қызмет ету деген ұйқысыз түн­дер мен тынымсыз күндер, тәуліктің жеті күні мен 24 сағатында толассыз жал­ғасып жататын қызу жұмыс, бұған қосымша жауапты іссапарлар мен ма­ңыз­ды келіссөздер болатын. Кез келген құ­қықтық акт пен қандай да бір мемле­кет­тік мәселенің шешіміне қарама-қайшы көзқарастардың талас-тартысы мен жан-жақты талқылауынан өтіп барып әрең қол жеткізетін едік. Жаңа мемлекетті кім қандай кейіпте көргі­сі келеді, ашық айтылатын. Тіпті кейде шешім қабылданып қойса да, депутаттар залдан тарамай, талқылауды тоқтатпайтын. Жоғарғы Кеңес академиктерден, білікті заңгерлерден, генералдар мен руханияттың көшбасшыларынан жасақталған қуатты құрам еді. Сондықтан болар, өзге республикалардың заң шы­ға­ру­шы органдары ұрыс-керіс, ашуға бой алдырып, тіпті кейде жағаға жармасып, жұ­дырықтасып жатқанда, біздің білікті қалаулыларымыз заң қабылдарда сал­қын ақыл, байыпты мінез, биік мәде­ниетімен ерекшеленетін, – дейді З.Федотова.

Базбіреулер айтып жүргендей, «кеңес одағымен қимай қоштасып, дербестік алып жатқандардың ең соңында үлкен үйдің жарығын сөндіріп әрең шыққан» елімізге тәуелсіздік төбеден өзі келіп түсе қалған жоқ. Мұндай қиямпұрыс пікірмен халықты адастыруға болмайтынын сол кезеңге куә жиын қонақтары қадап айтты. Мүмкіндігі шектеулі ел үшін тәуелсіздіктің құны тым қымбат болатынын буырқанысқа толы кейінгі тарихи-саяси үдеріс көшінде, егемендіктің елең-алаңында Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен арда азаматтардың қаһармандығымен өлшегенде ғана шын бағасын байқауға болады.

 

Алматы