Аймақтар • 05 Қараша, 2023

Батыс Қазақстан: Үш ауданда сайлау өтіп жатыр

267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының үш ауданында пилоттық режімдегі аудан әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Сайлау өтетін Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандарында барлығы 28 884 сайлаушы тіркелген.

Батыс Қазақстан: Үш ауданда сайлау өтіп жатыр

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған әкімдердің сайлау үдерісі басталды. Ауа райы керемет, күн де жақсы. Сайлау өтіп жатқан үш ауданда барлығы 63 сайлау учаскесі бар. Сол учаскенің бәрінде таңғы сағат 6-да сайлау комиссиялары мүшелері келді. Сол жерде сайлауға дайындықты соңғы мәрте пысықтап, бюллетендерді үлестірді, келген байқаушыларды тіркеді. Сөйтіп таңғы сағат 7-де әнұран ойналып, барлық учаске сайлаушыларға есігін айқара ашты. Әрине, барлық сайлау учаскелері алдын ала қажетті дайындықтан өтті. Сондықтан сайлаушылардың дауыс беруіне барлық мүмкіндік жасалған. Осы жолы додаға әр ауданнан үш адам қатысып отыр. Соның ішінде Аmanat партиясы мен Қазақстан халық партиясынан ұсынылған кандидаттар бар. Қалғаны өзін өзі ұсынған үміткерлер. Олар осы күнге дейін сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихатын жүргізіп, бағдарламаларын таныстырып, көп жұмыс атқарды. Енді бүгін сайлаушыларды керемет әсермен, патриоттық сезіммен сайлау учаскелеріне келіп, өз үміткеріне дауыс беруге шақырамыз», деді Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.

Айта кетейік, саяси науқанға құрамында 378 мүшесі бар 1 облыстық аумақтық, 3 аудандық аумақтық, 63 учаскелік сайлау комиссиясы қызмет етіп жатыр.

Бөкей ордасы ауданында 9 141 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскелерінің барлығына керекті құрал-жабдық, интернет желісі қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі 366 сайлаушы арнайы жасақталған кабиналарда дауыс бере алады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы берген мәліметке қарағанда, Бөкей ордасындағы сайлаушылардың ең үлкені 97 жаста болса, 107 сайлаушы алғаш рет дауыс береді.

Ғайса Хамидоллаұлы сайлау учаскелерінде әзірге ешқандай құқықбұзушылық тіркелмегенін айтады.

Тасқала ауданында да сайлау қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Аудандағы 22 сайлау учаскесінің бесеуі аудан орталығы Тасқала кентінде орналасқан. Мұнда 11 мыңға жуық сайлаушы өз таңдауын жасауы керек. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы таратқан мәліметке қарағанда, мұндағы сайлау барысын Аmanat  партиясынан – 22, республикалық «Дауыс» қоғамдық бірлестігінен – 22, «Намыс» қоғамдық ұйымынан – 20, «Ақжол» партиясынан 8 өкіл бақылау жұмысын жүргізіп отыр.

Аудандардан жеткен мәліметке қарағанда, әкім сайлауы көп жерде мерекелік көңілмен, жаймашуақ өтіп жатыр. Мысалы, бөкейордалықтар сайлауға ұлттық киіммен, салт ат мініп салтанатпен барған. Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылының 17 келіні сайлауға бір мезетте ұлттық киіммен барып дауыс берді. Ал дауыс беру ең белсенді, ұйымшылдықпен өтіп жатқан Қаратөбе ауданында 98 жастағы Нәзима Мырзагереева әжеміз сайлау учаскесіне өз аяғымен келіп, таңдауын жасаған. Әжеміз «елдің тыныштығы, өңір мен ауданның тұрақты дамуы үшін дауыс бердім», дейді.

Батыс Қазақстан облысы