Сұхбат • 05 Қараша, 2023

Гүлжамал Қазақбаева: Күлкімді де, көз жасымды да сахнаға сақтаймын

5440 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына жол түскен сайын әңгімелесіп қалуға, сырлы­ сұхбаттарын санаға сіңіріп қалуға тырысатын жақсы адамдар бар. Сондай жанның бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Гүлжамал Қазақбаева. Сахнада сан түрлі бейне тудырып, халқының ықыласына бөленіп жүрген өнер иесі өмірде, керісінше, томаға-тұйық тірлікті сүйеді, жарқ-жұрқ жарнамадан жанын алшақ ұстайды. Мұның сырын актрисаның өзі «Жанымды кірлетіп алудан қорқамын», деп түсіндіреді. Жарты ғасырдан астам ғұмырын киелі сахнаға қызмет етуге арнаған сахнагер өнердегі өнегелі өмір өрнектерінен сыр шертті. Тағдырдың сыйы мен тауқыметін теңдей көтерген қайсар жанның жансарайы да дәл өзіндей шынайы, өнеріндей көркем.

Гүлжамал Қазақбаева: Күлкімді де, көз жасымды да сахнаға сақтаймын

– Зүбәржат, Баян, Құртқа, Ақтоқты, Әсел, Қарагөз, Бопай ханша, Шолпан, Офелия, Алуа… Шығармашылық ғұмырбаяныңызға көз жүгіртсек, кез келген өнер иесі армандайтын рөлдің барлығын бір өзіңіз сомдау бақытына ие болыпсыз. Жалпы, сізді армансыз актриса деуге бола ма?

– Оның рас, қызым. Өзің тізбелеп шыққан арулардың барлығының өмірін сахнада сүру бақытына ие болған актрисаның бірімін. Тек қана Қыз Жібекті ойнамаппын. Қалғанын қалауымша құлпырттым. Өзің айтпақшы, «арманым жоқ актрисамын» десем болатын шығар. Осы үшін де Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Әйтсе де, соның ішінде мен үшін Алуаның орны бөлек. Осы рөлім мені елге танытты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандырды. Одан кейін, әрине, М.Әуезовтің «Қаралы сұлуындағы» Қарагөз де өзім үшін ерекше ыстық бейнелердің бірі.

– Арманы жоқ актриса бала күнін­де қан­­дай қыз еді? Арманшыл болды­ңыз ба?

– Әрине, армансыз адам бола ма екен? Мен соғыстан кейінгі сонау 1949 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауда­нына қарасты Көксай деген кішкентай ауылда өмірге келдім. Ауылымыз атына заты сай, Көксай десе, Көксай еді! Таудың етегінде орналасқан, табиғаты жап-жасыл, мың түрлі гүл өсетін бейне бір жер бетіндегі жұмақтай болған керемет мекен еді. Кішкентай күнімізде тауға көп шығатынбыз, қырдан қып-қызыл боп көздің жауын алар құшақ-құшақ қызғалдақ теретінбіз. Мұндай өлкеде туып арманшыл болмау мүмкін емес шығар, сірә? Одан бөлек, менің тағы бір үлкен бақытым – ата мен әже тәрбиесін көргендігім. Әр кеште атамыз Қазақбай, одан қалды әкеміз, әкемнің інілері батырлар жырын, қазақтың эпостары мен аңыз-әңгімелерін мақамдап оқитын. Өсе келе атам бізге де аңыз-ертегілерді дәл солай әдемілеп мәнерлеп оқытатын. Осылайша, менің кішкентай сәби көңілімдегі Құртқа, Баян, Гүлбаршын мен Қыз Жібектер бейнесі өмірдегі идеалыма айналды. Қазір ойлап қарасам, шынында да, сол шақ менің өнерге, сұлулыққа деген құштарлығымды оятқан болар. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосындағы Баян, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» Құртқа, «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүніс, бәрі-бәрі көз алдымда кино болып өтіп жататын еді. Соларға ұқсағым келетін. Актриса болып, киноға түсуді армандадым. Міне, менің өнер жолын таңдауыма әсер еткен басты себеп осы. Адал болсаң арманда­рың алдамайды екен. Сөйтіп баяғыда, кішкентай күнімде армандаған, көз алдымда кино болып көлбеңдеген Баянды, Құртқаны, Ғабит Мүсірепов­тің «Ақан сері – Ақтоқ­ты­­сындағы» Ақтоқтыны, Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселімдегі» Әселді, Тахауи Ахтановтың «Антындағы» Бопай ханшаны ойнадым. Сөйтіп, бірте-бірте армандарым ақиқатқа айналды.

– Әлбетте әртіс болуды армандамай­тын қыз кемде-кем шығар. Десе де, сахнаға жеткенге дейінгі жолда ұстаз­дар­дың еңбегі ересен. Білуімізше, Мақ­пуза Байзақова «Даусы шықпайды, жа­ғы ашылмайды, оның үстіне аса ұяң қыз екен», деп оқуға қабылдағысы кел­меген кезде атақты Нұрмұхан Жан­төрин «Дауысты шығаруға, жақты ашу­ға болады, бірақ мынадай мөлдір әрі ойлы көзді табу қиын», деп ара тү­сіп, көп үміткердің ішінен сізді таңдап ал­ған екен. Тағдырыңызға әсер еткен жақ­сы­л­ардың шарапаты туралы айтып беріңізші.

– Иә, тағдырдың маған жасаған үлкен тартуы – жолымда тек жақсы жандарды жолықтырғаны. Баяғыда Шәкен Айманов студенттермен кездесу өткізіпті. Сонда бір бала: «Сіз әртістің қандай оқуын бітірдіңіз?» деп сұрапты. Сөйтсе, Шәкен аға: «Мен Қалибек Қуанышбаев деген университет бітірдім», деген екен. Сол секілді оқуға қабылданғаннан бастап сахнада қызмет еткен 55 жылға жуық уақыт аралығында жаным тек жақсылармен жанасыпты. Аға буынның шарапаты өз алдында, жастардың ізеті қандай! Рас, емтихан тапсырғанда Нұрмұхандай ағалардың қам­қор­лығын сезінсек, студенттік кезімізде Қалибек Қуанышбаев сынды корифейлер­ден алған дәрісіміз ғұмырлық азық болды. Театрға келген кездегі Бәйділда Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Сәлима Сат­тарова, Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құлан­баевтай тау тұлғалардың қолдауы қандай еді! Жақсылардың шарапаты деп әдемі қозғадың. Ондай жандар менің өмі­рімде өте көп. Соның бірі – атақты Шол­пан Жандарбекова. Екі жылдық сту­дияда оқып жүрген кезімізде театрда актерлер тапшы болғандықтан, күндіз оқып, кешкі уақытта қойылымға қатысатынбыз. Көпшілік сахнада жүрсек те осы екі жылда Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Шолпан Жандарбекова сынды сахна саңлақтарымен бірге жүріп, бір сахнада өнер көрсеттік. Ол кісілердің ойынын көріп, дауыс мәнерін құлағымызға сіңіріп өстік. Оқуымды бітірген сәтте Шолпан апай маған: «Осында қал, Ақтоқтыны ойнайсың», деп айтқаны есімде. Мүмкін, студент кезімде көзіне түсіп, көңілінде қалдым ба екен... Кейін бұл қамқорлықты Шолпан апаммен Шымкент театрында қайта жолыққанда және сезінгендей болдым. Өзің білетіндей, отбасылық жағдайыма байланысты менің өнердегі жолым Шымкент театры­­нан басталды ғой. Сол кезде театрлар арасында жақсы бір үрдіс болатын. Егер театрлардың репертуарында бірдей қойылымдар болса, әртістер тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдау үшін облыстық театрларға келіп қойылымдарда ойнап жататын. Мен Шымкентте жұмыс істеп жүрген кезде КСРО халық әртісі, Ақтоқты рөлін тұңғыш сомдаған актриса – Шолпан Жандарбекова келіп Құртқаның рөлін ойнамақшы болды. Атақты Құрман­бек Жандарбековтің өмірлік жарын оңтүстік халқы «келініміз, жеңгеміз» деп құрметтеп, қойылымдарда ойнауға жиі шақырып тұратын. Кезекті сапарымен Шолпан апай Шымкент театрына келгенде «Қобыланды» қойылымының дайындығы өтіп жатты. Ал мен Құртқаның рөліне да­йындалып жүргенмін. Бұл театрдағы екінші рөлім еді. Алғашқысы – баш­құрт драматургі Мұстай Кәрімнің «Ай тұ­тылған түн» қойылымындағы Зүбәр­жат болатын. «Қобыланды» жаңадан қойы­лып жатқандықтан, Шолпан апай келіп дайындықты көрді де, репетициядан кейін қасымызға келіп: «Мен Құртқаны ойна­май­мын. Жастың жолын кескендей болмайын, Гүлжамал өзі ойнасын! Батамды берейін», деп өзінің Құртқаға киемін деп алып келген костюмін сыйлап кетті. Бұл сәтті өмір бақи ұмытпаймын. Үнемі айтып жүремін. Сондағы Шолпан апайдың даналығына, өзінен кішіге деген құрметіне риза болдым. Кейін Алматыға, Ғ.Мүсірепов театрына ауысып келгеннен кейін Шолпан апама жолығып: «Сізге ризамын. Кезінде осылай мерейімді тасытып едіңіз ғой», деп айтуға қанша оқталғаныммен, батылым жетпеді ме, әлде сондай үлкен адамның мазасын алғым келмеді ме, әйтеуір сол ризашылық пен риясыз лебіздің ретін келтіре алмадым. Осы бір шектен тыс ұялшақтығым, ұяңдығым үшін қазір өкінемін.

– Бір сұхбатыңызда Төрегелді Қыс­тау­баев деген досыңыздың жұп­та­ры­ңыз жазылмаған қос құрбы Ғазиза Әбді­нәбиева екеуіңізді көргенде: «Әбді­нәбиева бақыт пен нұрдан жарал­ған, оны көрсем өмір сүргім келеді, Қазақ­бае­ва қайғы мен мұңнан жаралған, сені көр­сем өмір сүргім келмей кетеді», деп әзіл­дейтінін айтқан едіңіз. Шынымен де осы­ ­әзілдің астары жай қалжың емес, ауыр тағдырыңыздан да хабар бере­тін­дей...

– Ол енді досымыздың әзілі ғой (күлді). Иә, Төрегелді Қыстаубаев курсымызда оқыған таланты актердің бірі болатын. Кейін халық әртісі атанды. Бірақ, өкінішке қарай, өмірден ерте өтіп кетті. Ал енді тағдырыма келсем, адам тағдырын таңдамайды ғой, пешенесіне жазылғанын көреді. Қазір ойлап қарасам, менің бар өмірім сағыныштан тұратын сияқты...

– Күлкіңіздің астарында да ауыр бір күрсініс бар сияқты...

– Оның да рас, қызым. Сағыныштың кермек дәмін бала күнімнен сезіндім. Ол – ата-анама, бауырларыма, одан соң жан жа­рыма, кейін қызыма деген сағыныш. Сол сағынумен өткен күндерім менің тұ­тас өмірімнің көрінісі іспетті сезіледі кейде...

– Қалайша?

– Бала күнімде нағашы әжемнің абысынының жалғыз баласы жігіт жасына жетіп тұрған шағында көкпарда жазатайым мерт болады. «Жалғызынан айырылып зар еңіреген шеше өмірдің мәнін жоғалтпасын, жұбаныш қылсын» деп сонда нағашы әжем менің анамды сол кісілердің бауырына салып беріпті. Кейін анам тұрмыс құрғаннан кейін үш қызы болса да, кейуанаға қарайлассын деп мені беріпті. Өйткені үлкен әпкем ата-әжесінің, кіші сіңлім өз қыздары дегендей. Айналып келгенде ортаншысы – мен артық болған екенмін. Сөйтіп, қаршадайымнан сол кісінің қолында тәрбиелендім. Тауда тұратынбыз. Әлі есімде, апам жұмысқа кеткенде үйдің төбесіне шығып алып туған ауылым жаққа сарғайып қарап отыратынмын. Бұл сағыныш кейін өмірлік серігім Мырзагелдіні жолықтырғанымда тағы қайталанатынын тіпті де сезбеппін. Сүйіп қосылған серігіммен бар-жоғы алты-ақ жыл отастық. Аяқ астынан жабысқан дерттен екі апта ғана ауырып, ол кісі де мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Сөйтіп, екі баламды құшақтап 25 жасымда зар еңіреп жесір қалдым. Баянсыз бақ деген сол шығар... Алайда, уақыт – емші. Одан бері де 50 жылдай уақыт өткен екен. Қос құлыным ер жетті, өз алдарынан түтіндерін түтетіп, отбасын құрды. Қызым Ләззаттың ­отауы алыстан бұйырған екен. Кезінде білім қуып жүріп, шетелдік азаматпен көңіл жарастырды. Бір жылдай келісім бермей жүрдім. Бірақ қызым да, күйеу балам да дегенінен қайтпады. Ниетінің дұрыс екенін дәлелдеді. Содан амал жоқ, қыздың бағын байламадым. Бүгінде отбасымен Марокко елінде тұрады. Ол да үлкен сағыныш. Шүкір, ұлым қолымда, келінім де керемет жан. Адалынан бұйырған бір абзал жан боп кезікті. Бүгінде бәрі жақсы, немерелерім қасымда, балам мен келінім асты-үстіме түсіп аялайды. Оларға шын көңілден ризамын. Алайда сүйген жарға деген сағыныштың орны бөлек екен. Жарты ғасырға жуықтады, ал менің сағынышым сол күйі сейілмеді.

– Өмірлік серігіңізбен қалай таныс­қан едіңіз?

– Мұндай сезімді адам өмірде бір-ақ рет сезінетін шығар. Жарым Мырзагелді Әуезов театрында мықты актер еді. Екеуміз бір топта оқыдық. Талай қыздың арманы болған жігіт біткеннің сұлтаны еді. Небір сұлулар ғашық болды. Бірақ Мырзагелдінің таңдауы маған түсіп, студияның соңғы курсында оқып жүргенде отау құрдық. Екеуіміз де дипломдық жұмысымызды үздік қорғаған соң, бізді осы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа алып қалатын болды. Бірақ мен оқу бітірген соң аяғым ауыр болғандықтан ауылға кеттім. Жолдасым қалып, осында алты айдай жұмыс істеді. Қанша дегенмен үй жоқ, күй жоқ, жағдай келіспеді. Оның үстіне мен ауылда болған соң, ол да Шымкентке ауысты. Өзі сол өңірдің тумасы болатын. Сөйтіп, екеуіміз Шымкент театрына уақытша жұмысқа орналастық. Үлкен-үлкен рөлдер ойнадық. Екі баламыз өмірге келді. Бірақ арманымыз Алматы болып қала берді. Ол кезде бізден бақытты жан жоқ еді. Бірақ бұл қуанышымыз келте қайырылды. Айдың-күннің аманында арыстай азаматымнан айырылып, аңырап қала бердім. Сол кісінің рухы шат болсын әрі балаларымды ешкімге жәутеңдетпейін деп жеке өмірімді ысырып қойып, қос құлынымның жарқын болашағы үшін белімді бекем будым. Тағдырымды театрға тапсырдым. Міне, содан бері де 50 жылдан асыпты. Шүкір, театрда да, кино саласында да рөлдерім бар. Алла ғұмыр берсе, шамам келгенше алдағы уақытта да өнер үшін тер төге берсем деймін.

– Театрдың бүгінгі жай-күйі қалай? Жиі рөл бұйырып тұра ма?

– Сүйікті қарашаңырағыма, киелі сахнама өкпем жоқ. Театрға жаңашыл ойлы жастар келіп жатыр. Әрқайсысы өз ісінің маманы. Талантты режиссер Фархат Молдағали кезінде Лидия Кәденова, марқұм Сағат Жылгелдиев, Сағызбай Қарабалин және маған арнап «Баянсыз бақ» деген спектакль қойды. Театр сахнасында әлі күнге дейін жүріп жатыр. Дина Жұмабай деген алғыр қызымыз да М.Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» спектаклін қойып, содан басты рөлді берді. Театрдағы өзімнің жақсы көретін бауырларымның бірі Жұлдызбек Жұманбай Сайын Мұратбековтің қос әңгімесін біріктіріп, «Жусан иісі» деген жанды қозғайтын тамаша спектакль қойған болатын. Сол қойылымда да рақаттанып, сағынып ойнайтын жақсы рөлім бар. Жұлдызбек десе ойыма мына бір қызықты оқиға түседі. Режиссерлікке дейін Жұлдызбек біздің театрдың жетекші актерлерінің бірі болды ғой. Өзі сондай әзілі жарасқан керемет жігіт. Кезінде екеуіміз Нұрлан Әбдіқадыров деген қырғыз режиссерінің «Қайдасың, бақыт?» қойылымында бірге ойнағанбыз. Сосын «Пияз бала» деген ертегіде ойнадық. Жемістер патшалығында болып жатқан оқиға. Сонда мен Шие графиняны, ол Апельсинді ойнайды. Бірде шымылдықтың артында бәріміз шығатын уақытымызды күтіп отырғанбыз. Жұлдызбек келіп: «Апай, болашақта режиссер боламын. Мына шие деген немене? Мен сізге кейін картошканың рөлін беремін», деп күлдірген. Айтқандай-ақ Мәскеуде режиссерлікті оқыды. Елге оралғанда маған «Жусан иісіндегі» әженің рөлін берді. Сұм соғыстың қазақ ауылдарына қандай күш салғанын, тылдағы өмірді, қазақ әйелдерінің тауқыметін, өрімдей жас балалардың тағдырын көрсетеді. Керемет қойылым! Сол спектакльді ойнағанда жаным рақат табады. Театрда осындай талантты жастардың өсіп келе жатқанын көріп көңіл марқаяды. Келешектегі театрдың тағдырына сеніммен қарайсың.

– Ал кинодағы рөлдеріңіз ше? Эк­ран­­да өз рөліңізді сомдай алдыңыз ба?

– Аллаға мың мәрте тәубе деймін, осы күнге дейін біраз фильмге түстім. Сериалдарым да бір актрисаның биографиясына жетіп артылады. Әйтсе де кезінде мені театрда актриса ретінде қалыптастырған Райымбек аға Сейтметов болатын. Сәбира Майқанова апам кезінде маған: «Әй, Гүлжамал, мені актриса еткен – Әзірбайжан Мәмбетов, сенің бағыңды ашқан режиссер – Райымбек Сейтметов. Соны ешқашан ұмытпа!» деп айтып отыратын. Осы сөз де, Райымбек ағамның еңбегі де мәңгілік жадымда. Оны ешқашан ұмытпақ емеспін. Сол Райымбек ағам, кейіннен маған арнап спектакль қойған Болат Атабаев, Қуандық Қасымовтар секілді табиғатымды тереңнен түсініп, фильм түсіретін режиссерге, кинодағы барлық мүмкіндігімді ашатын рөлге әлі жетпедім әзірге. Кинодағы өз рөлімді таппаған секілдімін. Көтерер жүгі үлкен, бүгінгі заманның тұтастай келбетін беретін ауқымды фильмге түскім келеді. Кезіндегі Әмина Өмірзақова апамыз сияқты бір ғана рөлімен ел есінде қала алсақ, актриса үшін одан үлкен бақыт жоқ шығар. Өмірге келген соң артыңда із қалғанға не жетсін! Алла сондай бақ бұйыртсын деп тілеймін.

– Шығармашылық жолыңызға үңіл­­сек, өзіңізді жанрдың қай-қай­сы­сында да еркін сынаған амплуасы сан қыр­лы актрисалардың бірісіз. Әсіресе коме­диялық рөлдеріңіз ерекше. Сіз үшін театр мен шынайы өмірдің арасын­да шекара бар ма?

– Әлбетте. Мен – театрда актрисамын, ал өмірде жай ғана ана, әже Гүлжамалмын. Кейіпкерімнің тағды­рымен өмір кешіп кету дағдымда жоқ. Екі аралықты нақты бөліп қарай аламын. Әйтсе де өмірімде мынадай бір жағдай болған. Кезінде Семей полигоны туралы Олжас Сүлейменов пен Баққожа Мұқай бірігіп жазған «Заманақыр» деген спектакль болды. Райымбек Сейтметов ағамыз қойды. Сондағы менің кейіпкерім бір ұл, бір қызы бар Салиха деген әйел: «Көшіңдер» деген бұйрыққа құлақ аспай, «Соғыстан күйеуімді күтемін, келсе таппай қалады», деп ескі жұртта қалып қояды. Жарылыстың салдарынан баласының қос жанары бірдей көрмей қалады. Ал қызының тағдыры одан да ауыр. Алты бала туады, алтауын да жерге береді. Жетінші баласы томар болып туады. Күйіктен күйеу баласы асылып өледі. Соншама тауқыметтен кейін кемпірдің шашы аппақ қудай болып, тас мүсінге айналады. Сол рөлді шығарам деп жүріп репитиция болған бір айдың ішінде менің де шашым ағарып кетті. Ол кезде мен 40-қа да келмеген едім. Сон­дық­тан да актер үшін қай рөлің болсын жаныңның бір бөлшегін жұлып беру­мен бірдей жанкештілік қой. Әрбір рөлің туған перзентіңдей. Алла бізге сах­надан сөз айтатын құқық берді. Құдірет қой бұл. Өле-өлгенше сол құрметке ла­йық болсам, арыма дақ түсірмесем дей­мін. Әрине, рөл шығару оңай емес. Сахна – айна. Онда өтірік айта алмайсың. Бәрі көрер­мен­ге көрініп тұрады. Актер қандай рөл ойнаса да, жан дүниесімен жасайды, сол кейіпкерімен өмір сүреді. Сенің өмір­дегі көрген қуаныш-қиындықтарың, мұ­ңайған сәттерің – бәрі жаныңа жина­лып, жүрегіңдегі жүгіңе айналады. Ма­ған «өмірде көп күлмейсің, сахнадан тыс уақытта жарқырап жүрмейсің, тым қара­па­йымсың» деп айтып жатады. Әрине, ол пікір ғой. Алайда жан сырымды көпке ша­шып, лақылдап сөйлеп, қарқылдап күлу таби­ға­тымда жоқ қасиет екен және оны осы күнге дейін қалыптастыра алмадым.­ Күл­кімді де, көз жасымды да сахнаға сақ­тай­мын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»