Әлемнің үздік сегіз теннисшісі қатарында сынға түскен Е.Рыбакина соңғы кездесуінде, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға 2:6, 6:3, 3:6 есебімен жол берді.
Жаңбырға байланысты кейінге қалдырылған матч 2,5 сағаттай уақытқа созылып, онда Е.Рыбакина 5 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. А.Соболенконың есебінде 6 эйс, 5 брейк (10 брейк-пойнт) бар.
Осылайша, WTA қорытынды турниріне алғаш рет қатысқан жерлесіміз өз тобынан жартылай финалға шыға алмай, 3-орында қалып қойды.
Аталған жарыста Е.Рыбакина 400 мыңдай доллар көлемінде табыс тапты.
Ал жерлесіміз өнер көрсеткен топта кортқа шыққан екінші жұп – әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула дүниежүзілік рейтингте 9-орында тұрған грекиялық Мария Саккариді 6:3, 6:2 есебімен ұтты.
Бұдан бұрын америкалық спортшы Елена Рыбакина мен Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңген еді. Сөйтіп, ол өз тобынан 1-орынмен жартылай финалға жолдама алды. Үш рет жеңіліс тапқан М.Саккари осы топта соңғы орынға түсті.