Ал 8 алтын, 8 күміс, 4 қола жеңіп алған Өзбекстан спортшылары – екінші, Үндістан (6 алтын, 8 күміс, 6 қола) үшінші орыннан көрінді.
Ерлер арасында финалда бірінші болып шаршы алаңға шыққан Бексұлтан Боранбек (48 кг) жапониялық Сея Накаямаға 0:5 есебімен есе жіберді. Есесіне, Бақтияр Анарбаев (60 кг) өзбекстандық Саят Илясовты төрешілер шешімімен ұтты.
Төрехан Сабырхан 63,5 (кг) үндістандық Сингх Яшвардханды айқын жеңді – 5:0. Әлем чемпионы Махмұд Сабырханның інісі осымен екінші рет жастар арасында Азия чемпионы атанып отыр.
Ислам Советов (71 кг) қырғызстандық Вадим Бауринді (5:0) сүріндірсе, Дәулет Төлемісовтің (80 кг) өзбекстандық Жавохир Умматалиевке шамасы келмеді. Сондай-ақ Виктор Литвинов (86 кг) тағы бір өзбекстандық Абдулазиз Абдурахмановтан айласын асыра алмады.
Ең соңғы бәсекеде Иван Ермоленко (+92 кг) өзбекстандық Шахзод Полвоновпен айқаста жеңіс нүктесін қойды. Ал қыздар арасында финалға шыққан бес боксшымыздың бәрі де жеңімпаз атанды.
Алдымен 50 кг салмақта Элянур Тұрғанова үндістандық Аншудан жеңісті жұлып алды. Ұлжан Сәрсенбек 57 кг салмақта өзбекстандық Муштариубони Иброхимжоноваға үш раунд бойы соққыларын дәл тигізіп, осымен екі дүркін Азия чемпионы атанды. Әсем Таңатар 63 кг салмақта үндістандық Дипамен тартысты бәсекеде 4:1 есебімен басымдық танытты.
Бақыт Сейдіш 66 кг салмақта өткен жылы Азияда үздік шыққан еді. Биыл сол табысын тағы да қайталап, соңғы бәсекеде үндістандық Кажалға еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Ал Шұғыла Нәлібай 75 кг самақта өзбекстандық Санобар Бозорбоеваны алғашқы екі раундта-ақ үш рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңді.
Ал жасөспірім жігіттеріміз сары құрлық чемпионатында медаль саны жөнінен жалпы есепте 2-орынға ие болды.
Қазақстан бокс федерациясы мәлім еткеніндей, Үндістан командасы 5 алтын, 1 күміс, 2 қоламен медальдар кестесінде көш бастаса, Қазақстанның боксшылары 3 алтын, 4 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді.
Аталған байрақты бәсекеде Алдияр Баһадүр (48 кг), Жандос Алпысбаев (75 кг) және Бексұлтан Қайратұлы (+80 кг) жеңімпаз атанды. Әсіресе Бексұлтан үндістандық қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен ұтты.
Нұрасыл Төлебек (52 кг), Бекарыс Нұрмұхан (66 кг), Жасұлан Бердалы (70 кг), Бақытжан Айтмұханов (80 кг) – күміс, Нұғман Нығмет (46 кг), Бауыржан Мұратов (54 кг), Асқар Қуаныш (60 кг) қола медальды қанағат тұтты.
Командалық есепте Түрікіменстан мен Қырғызстан құрамалары 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен 3-4-орындарды бөлісті.
Қазақстанның жасөспірім қыздар құрамасы да бокстан Азия чемпионатын 3 алтынмен аяқтады.
Құрлықтық додада Аяжан Сыдық (54 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг) және Алина Құдайгенова (63 кг) жеңімпаз атанса, Айым Тәңкібаева (46 кг), Сила Биболсынқызы (48 кг), Ақбота Есімбекова (70 кг), Аружан Зейноллаева (75 кг) – күміс, Айша Сариева (52 кг), Айсұлу Мұхит (66 кг), Құралай Егінбайқызы (80 кг) және Панар Сейтқанқызы (+80 кг) қола жүлдеге ие болды.
Бұған дейін қазақстандық жасөспірім қыздар Азия чемпионатында 2019 жылы – 3, 2021 жылы – 4, 2022 жылы 2 алтын медальға қол жеткізген еді.
Биылғы жарыста жалпы жүлде кестесінде Үндістан 5 алтын, 3 күміс, 5 қоламен көш бастаса, Өзбекстан (4 алтын, 5 күміс, 3 қола) екінші орынға орнықты. Қазақстан үздік үштікте.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Халықаралық бокс федерациясы тарапынан (1-орын – 1000 $, 2-орын – 500 $, 3-орын – 250 $) ақшалай сыйақымен марапатталды.
Турнирдің қорытындысы бойынша қыздар арасында «Ең үздік жасөспірім боксшы» – Аяжан Сыдыққа (Қазақстан), «Ең үздік жас боксшы» – Олтиной Сотимбоеваға (Өзбекстан), ұлдар арасында «Ең үздік жасөспірім боксшы» – Фужуки Югаға (Жапония), «Ең үздік жас боксшы» Төрехан Сабырханға (Қазақстан) берілді. «Ең үздік төреші» аталымы бойынша Мариф Урдешев (Өзбекстан) пен Мария Каваклиева (Болгария) марапатталды.