Әкім сайлауы өткізіліп жатқан 45 ауданның, нақтылай кетсек, 42 аудан мен 3 қаланың ішінде сайлаушылар саны бойынша Жамбыл ауданы көш бастады. Мұны бізге Жамбыл ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жақсылық Қарымбаев мәлімдеді. Аталған аудан бойынша сайлауда дауыс беру құқығы бар азаматтардың саны – 105 895. Олардың аудан аумағындағы 77 сайлау учаскесінде өздерінің сайлау құқықтарын пайдалана отырып, дауыс беруіне барлық жағдай жасалды. Сайлау комиссиясы мүшелерінің саны 534 адамды құрады.
Аудандық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, халықтың белсенділігі жоғары. Мәселен, сағат 10.00-ге дейін сайлаушылардың 11,7 пайызы өздері тіркелген сайлау учаскелеріне келіп, таңдауларын жасаған. Бұл аралықта сайлау учаскелерінде ешқандай тәртіп бұзушылық, заңсыздықтар тіркелген жоқ.
Сондай-ақ Балқаш ауданының тұрғындары да саяси науқанға бейжай қарамай, өз таңдауларын жасауда белсенділік танытты. Аудан әкімінің лауазымына 3 кандидат дауысқа түсті. Олардың 2-еуі өзін-өзі ұсынса, 1-еуін «Amanat» партиясы ұсынған.
«Аудандағы 18 452 сайлаушының ішінде 274-і алғаш рет дауыс берді. Ауданда 23 сайлау учаскесі, оның біреуі жабық сайлау учаскесі ретінде жұмыс істеді. Үйден 178 сайлаушы өз таңдауларын жасады», дейді Балқаш ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Марат Ноғайбай.
Сайлаушылар сенімін арқалаған әкімдердің өз міндеттерін абыройлы атқарып, әлеуметтің әлеуетін жақсартуға септігі тиер деген үміт басым.
Алматы облысы