– Жақында Мәжілісте халықтың шамадан тыс кредит алуы жөнінде мәселе қозғалып, борыш жүктемесін азайту шаралары ұсынылды. Бұл мәселеде микроқаржы ұйымдарының рөлі қандай?
– Біз Ұлттық банктің халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту туралы бастамасын қолдаймыз. Бұл ретте айта кететін жайт, Мәжілісте жеке тұлғаларға кепілсіз берілетін, «жалақыға дейінгі ақша» деп аталып жүрген тұтынушылық кредиттер жөнінде сөз қозғалды. Олар да микрокредит деп аталатынына қарамастан, дәстүрлі МҚҰ мен PDL-компаниялар беретін қарыздың арасындағы айырмашылықты білу өте маңызды.
KMF – микро, шағын және орта бизнесті 26 жылдан бері қаржыландырып келе жатқан классикалық ұйым. Портфеліміздің 90%-ға жуығы кәсіпкерлікке тиесілі. Біз тұтынушының кез келген қалауына ақша бере алмаймыз, біз үшін клиенттеріміздің алған қаржыны өз істерін дамытуға бағыттауы міндетті. Клиенттеріміздің мүддесі біз үшін бәрінен жоғары.
KMF – клиенттерді қорғау қағидаттарына сәйкес әрекет ететін әлеуметтік бағдарланған ұйым ретінде халықаралық деңгейде танылған санаулы компанияның бірі. Осы сенімнің арқасында біз халықаралық қаржы институттарымен ұзақ мерзімді серіктестік қарым-қатынас орнаттық, олардың қатарында ЕҚҚДБ, АДБ, IFC, Proparco және тағы басқалар бар. Бұл ұйымдар нақты стратегиясы бар, ашық қағидаттарды ұстанатын компанияларды ғана қаржыландырады. Айта кетейін, біз нарықта 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, ал халықтың шамадан тыс кредит алуы жөнінде тұтынушылық несиелеу жаппай белең алған кезде, яғни кейінгі бірнеше жылда ғана айтыла бастады, сондықтан оның артуына біздің қызметіміздің алабөтен әсері болған жоқ. Әрине, микроқаржыландыру саласы дамуы керек, алайда кредит нарығының барлық қатысушысына тең мүмкіндік берілуге тиіс.
– KMF-те мерзімі өткен қарыздардың үлесі қандай?
– Біздің тәуекел портфеліміз әрқашан микроқаржыландыру нарығындағы ең теңдестірілген портфельдердің бірі болды және солай болып қала береді. KMF-тегі NPL деңгейі 4,4%-дан аспайды. Салыстыру үшін айтар болсақ, МҚҰ-лар көрсеткіші – шамамен 5% деңгейінде. Біздің клиенттеріміз – негізінен, ауылдық жерде тұратын шағын бизнес иелері. Қаражат бермес бұрын біз олардың төлем қабілетіне сараптамалық бағалау жүргіземіз. Менеджерлеріміз клиенттің бизнес орнына барып, әр гектар жерді, малды және т.б. бағалайды. Біріншіден, бұл әдіс сапалы портфель құруға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл – әр клиентке деген адами және жеке көзқарас. Сайып келгенде, мұның бәрі клиенттеріміздің адалдығы мен жоғары төлем тәртібін қалыптастырады. Экономиканың нақты секторын несиелендіретін классикалық МҚҰ-ны PDL компаниялардан ерекшелендіретін де – осы. Бірақ «нашар несиелер» бүкіл микроқаржы саласына көлеңкесін түсіріп отыр, сондықтан, біздің ойымызша, дәстүрлі микрокредиттер мен PDL-қарыздар шекарасының аражігін ажырату қажет.
– KMF портфелінің басым бөлігі кәсіпкерлік мақсаттарға тиесілі дедіңіз. Компанияңыз қандай салаларды несиелендіреді?
– Біз бизнестің сауда, қызмет көрсету, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларын қаржыландырамыз, әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау көрсетеміз. Қаржыландырудың 40%-дан астамы агросекторға тиесілі. Сондай-ақ ең шалғай елді мекендерде де жұмыс істейміз. Бұл жергілікті тұрғындардың қаржыландыруға еш кедергісіз қол жеткізіп, кәсібін дамытуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 260 мыңнан аса клиентке қызмет көрсетіп отырмыз және олардың 67%-ы – ауыл тұрғындары. Клиенттеріміз ашқан кәсіпорындарда 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сондықтан классикалық МҚҰ қызметі туралы сөз қозғалғанда, олардың микро және шағын бизнесті дамытудағы тиімді құралдардың бірі екенін, сондай-ақ, екінші деңгейдегі банктерді аса қызықтыра қоймайтын ауылдардағы шағын жобаларды қолдай отырып, маңызды әлеуметтік міндетті де орындап отырғанын баса айтқымыз келеді.
– Қаржы сауаттылығын арттыру халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету құралдарының бірі болып саналады. KMF бұл бағытта қалай жұмыс істейді?
– KMF өзінің негізгі қызметімен қатар, көп жылдан бері қаржылық білім беру саласындағы жобаларды да іске асырып келеді. «KMF-Демеу» корпоративтік қорымыз қаржылық сауаттылық және бизнес жүргізу бойынша тренингтер, бизнес-таңғы астарын, семинарлар мен форумдар өткізеді. Жыл басынан бері 300-ден астам кәсіпкерге оннан аса тренинг өткіздік және оған тек KMF клиенттері ғана қатысқан жоқ. Сондай-ақ студенттер мен мектеп оқушылары үшін қаржы сауаттылығы бойынша дәрістер мен курстар ұйымдастырылды. Осылайша, үш мыңнан аса адамды оқытып шығардық.
Бұған қоса, біздің команда 18 қаланы аралап, кәсіпкерлерге арналған бизнес-таңғы асын өткізді. Осы жоба аудиториясы 4 мың адамға жетті. Оқытумен қатар, біз студенттер мен бизнес иелеріне арналған тәлімгерлік бағдарламаларды жүзеге асырдық. Кәсіпкер әйелдерге арналған KMF Isker Hanymy байқауын жыл сайын өткізіп келеміз. KMF миссиясы клиенттердің бизнесін дамыту мен өркендетуге, олардың қаржылық және қаржылық емес құралдарға, әсіресе ауылдағы ағайынның қол жетімділігін қамтамасыз етуге негізделген. Сондықтан біздің көптеген бастамамыз қазақстандықтар үшін тегін және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған.
– Әңгімеңізге рахмет.