Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, экономиканы несиелендіруді, оның ішінде «ұзақ мерзімді» жобаларды қаржыландыруды арттыру үшін отандық банктерге тұрақты қаржыландыру көздері қажет. Солардың бірі – Ұлттық банк басқаратын БЖЗҚ қорлары болуы мүмкін. Бұл ретте зейнетақы ақшасын алуға өтініш білдірген несие ұйымдары қаржылық тұрақтылықтың белгілі бір талаптарына сай болуы керек. Ұлттық банк осылайша «экономиканы әртараптандыруға және өсуге» БЖЗҚ қаржысы арқылы қол жеткізуді көздеп отыр.
Ұлттық банктің корпоративтік несиелендіруді дамытудың тағы бір тетігі – бірнеше банктердің бір мезгілде беретін синдикатталған несиелері. Қазақстанда қаржыландырудың бұл түрі 2020 жылдан бері қолданылып келеді, бірақ әлі күнге дейін қарыз алушылар арасында сұранысқа ие емес.
Ұлттық банк төрағасы айтып өткендей, кәсіпкерлікті несиелендіруге қызығушылықты арттыру үшін, сараланған корпоративті табыс салығы (КТС) мөлшерлемелерін енгізу ұсынылды. «Кәсіпкерлікті несиелендіруден алынған банктердің кірістеріне КТС төмен мөлшерлеме бойынша, ал басқа кіріс түрлеріне, оның ішінде тұтынушылық несиелеуден түсетін кірістерге КТС жоғары мөлшерлеме бойынша салық салу ұсынылады. Есептеулер мұндай бастаманың енгізілуімен бюджет кірісінің артқанын көрсетеді», деп атап өтті Тимур Сүлейменов.
Төрағаның пайымдауынша, бұл ұсыныстар мен тиісті есептеулер Үкіметке жіберілді. Ұлттық экономиканы инвестициялаудың мүмкіндіктері мен тетіктері жайлы көп жазылды. Себебі қордағы қаржыдан дәметкендер сыртта да, іште де көп болды. Тіпті ана бір жылдары банктерге берілген демеу қаржы қордан алынды деген сөздер де айтылып қалды.
Егер сарапшылардың пікірлерін жинақтайтын болсақ, Қазақстан экономикасының негізгі кемшіліктері монополиялық қысым, мемлекеттің квазимемлекеттік сектор арқылы үстемдігі, шикізаттық бағыт болып жалғасып кете береді. Дәл осындай жағдайда БЖЗҚ қаржысын экономиканы инвестициялауға бағыттау құмға су құюмен бірдей қабылданатыны анық. Осыған дейін қор қаражаты теміржол саласын дамытуға, ауыл шаруашылығын өркендетуге, екінші деңгейлі банктерге ірі жобаларды қаржыландыру мақсатында бөлініп келді. Үкімет нақты секторға бағыттау қажеттігіне енді мойынсұнып отыр.
БЖЗҚ мәліметіне қарағанда, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтары 14,7 трлн теңгені құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш шамамен 1,6 трлн теңгеге (немесе 12,2%-ға) өсті. 2022 жылғы инвестициялық кіріс 914 млрд теңгеден асты. Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері туралы ақпарат ай сайын БЖЗҚ сайтында жарияланады.
Жыл басында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева БЖЗҚ активтерін шағын және орта бизнеске инвестициялауға мүмкіндік беру арқылы қор активтерін инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырғандарын, бұл мүмкіндікті «Даму» қорының кепілдігі бар субьектілер пайдалана алатынын айтқан болатын. Себебі «Даму» қорынан осы қаржы құралдарын өтеуге қатысты қосымша кепілдік болатындықтан, инвестицияның тәуекелі аз. Содан кейін, Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін «Бәйтерек» АҚ-ның жалпы сомасы 500 миллиард теңгеге дейінгі ұзақ мерзімді облигацияларына инвестициялау жоспарланғанын хабарлады. Қаржыландыру жобаларын іріктеу және бөлінген қаражаттың пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының Үкіметі деңгейінде жүзеге асырылатын болады. «Бәйтерек» – «ҚазАгро» сияқты бірқатар ұйымға инвестиция салатын мемлекеттік қаржы институты. Яғни субсидиялардың бір бөлігі енді «Бәйтерек» арқылы өтеді. Сондай-ақ «Бәйтерек» «Отбасы банкі» арқылы тұрғын үй бағдарламасына инвестиция салды, өндірісті әртараптандыруға ықпал етті.
Соңғы жарты жылда БЖЗҚ жақсы нәтиже көрсетті. Әкімшілік шығындардың екі есе азаюы БЖЗҚ активіне түсетін салмақты да азайтты. Екіншіден, абсолютті таза түрдегі кірістілік салық төлегенге дейін 4 пайыздан немесе 5 пайыздан жоғары.
Белгілі қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, БЖЗҚ қаржысы консервативті және ұзақ мерзімді. Күні бүгінге дейін оны инвестициялайтын субьект аз деген пікір басым болып келді. Бірақ елдегі экономиканың барысы мемлекетке өзін өзі инвестициялауға мүмкіндік беріп тұр. Таратып айтқанда БЖЗҚ арқылы несие береді немесе мемлекеттік облигацияларды сатып алады. Сыртқы нарықтарда да, ішкі нарықта да сенімдісі аз. Тіпті «ел арасында бізде мұнайдан өзге немесе алыпсатарлықтан өзге экономика бар ма?» деген сөздер айтылып қалып жүр. Мұндай БЖЗҚ-ның немесе Ұлттық банктің оған қатысты жаңа стратегиясының барлығына ел сенбей қарайды.
Алматыда, қыркүйекте өткен жиында Жапония мен Германияның тәжірибесінде зейнетақы қорларының қаржысын инфрақұрылымға бағыттау үрдісі оң нәтиже көрсеткенін Ұлттық банктің экс төрағасы Г.Марченко айтып берген. Бірақ біздегі жағдай басқаша екенін бәріміз білеміз. Дамыған елдерде жауапты жобаға жауап беретін басшылар инвестиция есебінен біздің елдегі әріптестері сияқты қолайлы сәтті пайдаланып «жыртығын жамап алғысы келмейді»...
«БЖЗҚ ақшасын екінші деңгейлі банктер арасында бөлудің ашық әрі түсінікті тетігі болуы қажет. «Егер бұл қаражат квазимемлекеттік кәсіпорындарға бағытталса, онда БЖЗҚ мен Ұлттық банктен инвестициялық мақсаттары қатаң анықталған және халыққа есеп беру міндеттемесі бар реципиент-компаниялардың атаулы тізімін ұсынуды сұрау қажет. Басқаша жағдайда зейнетақы активтерінің қайтарымы болмайды», дейді сарапшы.
Сарапшы айтып өткендей, БЖЗҚ-дан бөлінген ақшаның қазір қайда жұмсалып жатқанына ешкім бей-жай қарай алмайды. Себебі БЖЗҚ активтерінің 50%-ға жуығы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық банк ноталарына салынғаны, бір жағынан, жақсы, бірақ екінші жағынан, бұл мемлекеттік бюджет тапшылығы негізінен қаржыландырылады. Іс жүзінде екі қор – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен Зейнетақы қоры бюджеттің негізгі кредиторлары болып табылады. «Бірақ біз БЖЗҚ ақшасын бұрынғысынша отандық экономикаға, одан да көп көлемде инвестициялау керек деп есептейміз. Егер мемлекеттік корпоративтік жүйенің сапасын өзгерткіміз келсе, ақылға қонымды инфрақұрылымдық жобаларға, энергетикалық секторға бағыттауға болады», дейді сарапшы.
БЖЗҚ активтерінің өлі актив емес, айналымда жүргенін сарапшылардың бәрі құп көріп отыр. Себебі соңғы бірер жылда оның табыстылық деңгейі сын көтере бастағаны айтылып та, жазылып та жүр. Ақша үнемі айналымда жүргені, инвестицияға жұмсалуы қажеттілік. І.Исаевтың айтуынша, БЖЗҚ қаржысын экономикаға бағыттайтын операторды таңдайтын кезде асығыс шешім қабылдауға болмайды. Кейбір ақпарат көздерінде бұл міндетті еліміздегі квазисектордағы қаржы институттарының біріне жүктелетінін айтады. «Бізге квазисектордағы қаржы институттарының жұмысына мониторинг жасайтын кез келді. Үкіметтің ауылды дамытуға немесе экономикаға бағыттаған қаржысы осы институттар арқылы өтеді. Нәтижесінің қандай болғанын ел көріп отыр. Егер Ұлттық банкпен Үкімет бұл міндетті тағы да квазисекторға тапсырса, мұның нәтижелі боларына ешкім сенбейді. Сол себепті Үкімет осы бағытты тағы да бір нақтылап алып барып шешім қабылдау керек», дейді сарапшы.
Қаржыгер Әнуар Үшбаевтың пікірінше, мәселе Ұлттық банктің БЖЗҚ қаражатын экономиканы несиелендіру үшін пайдалануында емес, бұл қаражатты пайдалану тиімділігіне байланысты. БЖЗҚ қаражатының артында халық тұр. Олар тәуекелдердің ең аз болуын ғана емес, сонымен бірге қаржыны пайдаланудың тиімділігін де қалайды. БЖЗҚ активтерінің басым бөлігі теңгемен орналастырылған. Соңғы жылдары ондағы активтердің құнсызданып қалғаны айтылып та, жазылып та жүр. Оның пайымдауынша, бұл бастаманың негізгі тәуекелдері – өтеу мен табыстылық. Банк секторының қазіргі жағдайы онша жақсы емес, девальвациядан кейін проблемалық несиелердің көбеюіне байланысты банк секторының жағдайы нашарлайды. БЖЗҚ үшін жоғары табыстылық қажеттілігі арзан қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді және мұндай қаражат бұрынғысынша қымбат болады. «Ұлттық банкте қазір эмиссиялар шығару немесе БЖЗҚ ақшасын пайдаланудан өзге жол жоқ», дейді қаржыгер. Сонымен, БЖЗҚ қаржысы туралы мәселе Үкімет пен Ұлттық банктің түн ұйқысын төртке бөлетін салмақ болып тұр.
Сарапшылар арасында БЖЗҚ қаржысы экономика үшін қатерлі дертпен бірдей деген пікір бар. 2016 жылы БЖЗҚ-ның 1 триллион 450 миллиард теңгені инвестициялау бастамасын сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «2016 жылға арналған уақытша шешім» деп баға бергенін әлі ұмытқан жоқпыз. Себебі сол кезде БЖЗҚ-ның 350 миллиард теңгесі 2016 жылдың бюджет тапшылығын жоюға, 500 миллиард теңгеге дейінгі қаржы шетел валютасын конвертациялауға, 600 миллиард теңге экономиканы қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктердің, ұлттық холдингтер мен компаниялардың облигацияларын алуға жұмсалғаны белгілі. Ал бұл жолғы қаржы экономикаға бағытталғалы тұр. Е.Досаев айтпақшы, уақытша шешім емес, елдің экономикасына ықпал ететін және қайтарымы ұзақ уақыттарға созылатын, инвестициялық тартымдылығы күмәнді, тағдырлы шешім. Ел ішінде «жұмсалған қаржы қордағы қаржының инвестициялық кірістілігіне қалай әсер етеді, инвестициялық кіріс қандай тетіктер арқылы толығады?» деген сауалға БЖЗҚ қаржысын экономикаға бағыттап отырғандар әлі жауап берген жоқ.
Ал халықтың қордағы қаржысын халықтың өзі қайта-қайта тексеріп, қанша жинақталғанын, қай мақсатта жұмсалып жатқанын зерттеуге кірісіп, зейнетақы жинағын өз бақылауына ала бастағанын көріп жүрміз.
АЛМАТЫ