Аймақтар • 06 Қараша, 2023

Түркістан облысында 4 аудан әкімі сайланды

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы бойынша Созақ, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек аудандарында әкім сайлауы өтті. Осы орайда облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Жеңіс Мақұлбаев 5 қарашада пилоттық режимде өткен 4 аудан әкімін сайлаудың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында 4 аудан әкімі сайланды

Фото: Ашық дереккөз

Бәйдібек ауданы бойынша сайлауға 3 кандидат қатысып, сайлаушылар тізіміне 28 мың 807 азамат енгізілген. Дауыс беруге – 16 мың 729 сайлаушы қатысты. 9 мың 379 дауыспен 1973 жылы туған, «ERNUR» корпорациясы ЖШС директоры болып қызмет атқарған Ерлан Заиыпұлы Нұрмаханов аталған ауданның әкімі болып сайланды.

Мақтаарал ауданының әкімі лауазымына 3 адам үміткер болып, сайлаушылар тізіміне енгізілген 70 мың 648 азамат арасынан дауыс беруге – 46 мың 114 сайлаушы қатысқан. 29 мың 338 дауыспен Мақтаарал ауданының әкімі болып 1962 жылы туған, осыған дейін де аталған ауданның әкімі лауазымында болған Бахыт Нәсірханұлы Асанов сайланып отыр.

Созақ ауданы бойынша сайлауға 3 кандидат қатысқан. Сайлаушылар тізіміне 35 мың 715 азамат енгізіліп, дауыс беруге – 23 мың 948 сайлаушы қатысты. Созақ ауданы әкімі болып 16 мың 016 дауыс жинаған 1967 жылы туған, бұған дейін де аталған аудан әкімінің қызметін атқарып келген Мұхит Сексенбайұлы Тұрысбеков сайланды.

Ал Шардара ауданында 3 үміткер тіркеліп, сайлаушылар тізіміне 44 мың 109 азамат енгізілген, дауыс беруге – 29 мың 929 сайлаушы қатысқан. 18 мың 259 дауыспен Шардара ауданының әкімі болып 1977 жылы туған, Шардара аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарған Арман Романұлы Қарсыбаев сайланып отыр.