Атап айтсақ, Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу», Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар», Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» фильмі марапатқа лайық деп танылды. Хабарламада үш фильм де режиссерлердің дебюттік жұмысы деп бағаланды.
«Бауырына салу» «Үздік жастар фильмі» аталымында топ жарса, «Ағайындылар» картинасының басты рөлдерін сомдаған Айбар Салы мен Әлішер Исмаилов «Үздік жаңа қойылым» аталымы бойынша жүлдеге ие болды. Ал «Қаш» лентасы «Үздік операторлық жұмыс» аталымын жеңіп алды. Айта кетейік, «Бауырына салу» лентасының әлемдік премьерасы осы жылдың күзінде Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен кинофестивальда «Жаңа режиссерлер» бағдарламасында көрсетілген еді.
«Ағайындылар» фильмі өткен жылдың қыркүйек айында Германиядағы Oldenburg International Film Festival фестивалінде «Кино рухы» сыйлығын жеңіп алды, ал биыл сәуірде еліміздің Киносыншылар қауымдастығы 2022 жылғы «Үздік драма» деп бағалады. Сонымен қатар аталған фильм Италия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания, Болгариядағы халықаралық кинофестивальдардың 10 марапатына ие болған.
«Қаш» фильмінің режиссері Айсұлтан Сейітов осы жазда Шанхай халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» аталымын жеңіп алғанын да еске салайық.
APSA сыйлығы 2007 жылы ЮНЕСКО мен FIAPF-халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының көмегімен Аустралия үкіметінің бастамасымен құрылған. Өнер додасы кино әлемінде «Азия Оскары» деп те аталады. Сыйлық Азия-Тынық мұхиты аймағының 70-тен астам елінің өкілдері жасаған көрнекті картиналарға беріледі. Өткен жылғы жеңімпаздар қатарында 2019 жылы «Үздік режиссер» аталымында жеңіске жеткен отандық режиссер Әділхан Ержанов бар.