Үкімет • 07 Қараша, 2023

Конфессияаралық келісімнің ортақ моделі

197 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төр­ағасы – Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары Съезі хатшы­лығының басшысы Мәу­лен Әшімбаев Абу-Даби қаласында өткен «Сенімдердің тоғысуы: рухани лидерлердің жаһандық жаңғыру жолында бірігуі» атты халықаралық конференция­ға қатысты. Сондай-ақ ол сапар барысында Біріккен Араб Әмірліктері Федералды Ұлттық Кеңесінің төрағасымен кездесті.

Конфессияаралық келісімнің ортақ моделі

Мәулен Әшімбаев бүгінгідей геосаяси тұрақсыздық жағ­дайында және халықаралық ұйым­дардың жұмыс тиімділігі төмендеген кезеңде аталған конференцияны өткізудің маңызды екенін айтты.

«Таяу Шығыста және басқа да аймақтарда қақтығыстар ушығып тұрған кезде рухани лидерлердің кез­де­сіп, сұхбат құруы өзара түсіністік пен құрметке негізделген диалогті дамытуға үлкен үлес қосады. Қазір­гі таңда әлем үшін дін көшбас­шыларының жасампаз рөлі аса қажет. Осы орайда бүгінгі конференция барша халықтың игілігі үшін және ортақ сын-қатерлерді еңсеру жолында шынайы ынтымақтастықты дәріптейді. Мұндай кездесулер кон­фессияаралық диалогті нығайтып, әлемді алаңдатып отырған өзекті проблемаларды шешудің тиімді жолдарын іздеуге ықпал етеді деп сенемін», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев бұл форум Қазақстан өткізіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің миссиясымен көптеген аспектілер бойынша үндесетінін айтты. Қазақстан дінаралық диалогтің белсенді қаты­сушысы екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ ол қазан айында Астанада өткен Съезд хатшылығының отырысында қабылданған съезді 2033 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасының негізгі тармақтарына кеңінен тоқ­талып өтті.

«Съезд алдағы жылдарда ең өзекті мәселелерді шешу үшін дін ли­дер­лерінің күш-жігерін және рухани дипломатияның жасампаз әлеуетін тиімді пайдалануды мақсат тұтып отыр. Әлемдік рухани көшбасшылар бірлесе отырып, адамзат алдында тұрған экзистенциалды түйткілдерді шешуге айтарлықтай үлес қоса алады. Оның ішінде климаттық сын-қатерлерді еңсеру, кедейлік пен тең­сіздікті төмендету, экстремизмге қарсы күрес, қақтығыстарды тоқтату сияқты маңызды мәселелер бар», деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, аталған конференцияны Мұсылман ақсақалдар кеңесі СОР28 Президенттігімен, Қасиетті Тақпен, БҰҰ Қоршаған ортаны қор­ғау бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Сондай-ақ бұл іс-шара алдағы CОР28 Климаттық конференциясы аясында өткізіліп жатыр. Сондықтан жаһандық эколо­гия­лық мәселелерді шешуге дін көшбас­шыларын жұмылдыру мәселесі конференцияда талқыланған негізгі тақы­рыптардың бірі болды.

Осыған орай Мәулен Әшімбаев климаттың өзгеруіне байланысты халық­аралық деңгейде атқарылып жат­қан жұмысқа Қазақстанның қос­қан үлесі туралы айтып берді. Ол біздің еліміз Париж келісімін алғаш­қы­лардың бірі болып ратифика­циялағанын, сондай-ақ 2060 жылға қарай көміртегі ізін азайту және көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету саясатын жүзеге асырып отыр­ға­нын атап өтті. Сенат спикері Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында осы салада нақты бас­тамалар ұсынғанына да назар аударды. Олардың ішінде Алматыда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі өңірлік кеңсесін ашу мәселесі бар екені белгілі.

Конференцияға түрлі діни конфес­сиялардың лидерлері, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, ғалым­дар, саяси қайраткерлер және белсенді жастар қатысты.

Сондай-ақ сапар кезінде Мәулен Әшімбаев әріптесі – Біріккен Араб Әмір­ліктері Федералды ұлттық кеңесі­нің төрағасы Сакр Әл-Гобаш­пен кездесті. Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен БАӘ арасын­дағы парламентаралық ынтымақ­тас­тықты одан әрі дамыту перс­пек­ти­васын талқылады. Сенат спик­ері екі елдің байланысы тату және стра­тегиялық серіктестік қағи­дат­тарына негізделгенін, мемлекет басшылары­ның тұрақты және достық қарым-қаты­насының арқасында жоға­ры дең­гей­дегі ынтымақтастыққа қол жеткі­зіл­генін атап өтті.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан­да іске асырылып жатқан ауқымды өз­гері­с­терге тоқталды. Бұл ретте эко­­но­­микалық дамудың жаңа үлгі­сін қалыптастыруға ерекше назар аудары­лып отырғанына баса мән берілді. Осыған байланысты Сенат төрағасы алдағы кезеңде екі елдің Парламенттері арасында заң шығару саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

«Қазақстанның жаңа экономика­лық моделін қалыптастыру жолын­дағы маңызды қадам – қажетті заң­намалық база құру. Осы ретте біз Біріккен Араб Әмірліктерінің цифр­ландыру, инновацияны енгізу, жасанды интеллект сияқты салаларды дамытуға бағытталған заң шығару тәжірибесін зерттеуге мүдделіміз. Инвес­тицияларды тартуға, иннова­циялық инфрақұрылымдар құруға қатысты озық тәжірибелеріңізді де игеру еліміз үшін пайдалы болар еді», – деді Палата спикері.

Өз кезегінде, БАӘ Федералды ұлттық кеңесінің төрағасы Қазақ­станда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары бағалады және барлық бағыт бойынша ынты­мақ­тастықты одан әрі кеңейтуге мүд­делі екенін жеткізді.

Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев халықаралық Форум алаңында Қасиетті Тақтың Мемлекеттік хатшысы Кардинал Пьетро Паролинмен кездесті. Онда рухани дипломатияны дамытудың маңыздылығы талқыланды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі хатшы­лығының басшысы Мәулен Әшімбаев Рим Папасы Франциск пен Қасиетті Таққа VII съезге арнайы қатысқаны және қазақстандық діни форумның бас­­тамаларын белсенді қолдап, дәріп­теп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

«Біз Қасиетті Тақпен қарым-қаты­насымызды жоғары бағалаймыз. Былтыр Қазақстан мен Ватикан ара­сын­дағы дипломатиялық қатынас­­­тардың орнағанына 30 жыл толға­нын атап өттік. Осы жылдар ішінде біз өзара түсіністік пен сенімге негіз­делген сын­дарлы диалог орнат­тық. Рим Папа­сы Францисктің біздің елге Апос­толдық сапары Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды оқиға болды. Біз бейбітшілік, сенім және диалог мәдениетін дәріптеу жолында өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әрдайым дайынбыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік шіркеулер кеңесінің бас хатшысы Джерри Пиллэймен кездесті. Тараптар 2023-2033 жыл­дар­ға арналған Әлемдік және дәс­тү­р­лі діндер көшбасшылары съезін дамыту тұжырымдамасын талқыла­ды. Қазақстан Сенатының спикері дін­аралық диалогті дамыту және адам­гер­шілік құндылықтарды нығай­ту бойынша бірлескен күш-жігерді әрі қарай жандандырудың маңызды екеніне ерекше назар аударды. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев түрлі халықаралық және діни ұйымдардың өкілдерімен де бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Кездесуге қатысушылар этносара­лық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жоғары баға­ла­ды. Олар осы бағыттағы жүйелі жұ­мы­сы үшін Қазақстан басшылы­ғына алғыстарын білдірді.