Жергілікті мәслихаттарға енгізіле бастаған жаңа жүйе – республика бойынша қолға алынған қанатқақты жоба. Өңірлік депутаттар корпусының жаңа тұжырымына сүйенсек, жоба негізгі үш бағыттан тұрады. Әуелі халықпен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері жаңаша форматқа көшіріледі. Бұл ретте ел сеніп сайлаған азаматтардың көпшілікке қолжетімді әрі ашық болуы талап етіліп отыр. Жұртшылықтан келіп түскен шағымдар мен ұсыныс-тілектерді талдап, оларды бағалауға басымдық беріледі. Талдауға басымдық бере отырып, тұрақты комиссиялардың арнайы жұмыс кестесі түзіледі. «Ашық әкімдік» кеңселерінде азаматтарды қабылдау жүргізіліп, әр жұма күні депутаттар тек өз партияларының жұмысымен шұғылданбақшы. Яғни халықпен кездесіп, көшпелі кездесулер ұйымдастырады. Еңбек қауіпсіздігін ұйымдастыру, еңбек заңнамасының сақталуы мен отбасы-демографиялық саясаты бойынша депутаттық топтар, сондай-ақ жас саясаткерлер клубы мен ақсақалдар кеңесі құрылады деп көзделіп отыр.
– Біз бұрынғы ескі таптаурын тәсілдерден арылуымыз керек. Әрбір мәселені талдай отырып, өмірдің кез келген саласындағы, оның ішінде денсаулық сақтау, білім, құрылыс, өзге де секторлар болсын, әуелгі бетте шешілуге тиіс түйткілдерді анықтаудың мүмкіндігі туады. Жыл соңына дейін алғашқы талдауларымыз да пайда болады деп үміттенеміз. Жұртшылықпен байланыс жақсаруының нәтижесінде мәслихаттар қабылдайтын шешімдердің 90 пайызы халық сұранысы мен олардың қажеттіліктеріне орай жасалмақ. Азаматтармен жұмыс істейтін жаңа сектордың құрылуы мәслихаттардың жұмысын қолжетімді әрі ашық ете түседі. Ал өз кезегінде әріптестеріміз сайлаушылары қандай қиындықтарға жиі ұшырасатынына, олардың ұсыныс-тілектерін уақтылы біліп, қабылданған шаралардың тиімді атқарылуына бақылау жасай алады, – дейді Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко.
Тиімділік тұрғысын сөз етер болсақ, депутаттар туралы мәліметтер ұялы телефондардағы ақпараттық қосымшаларда көбірек болуы талап етіледі. Мәселен, үлкен шаһарларға танымал «2 GIS» қосымшасы бүгінде Павлодар тұрғындары үшін кәдімгідей депутаттық анықтамаға айналып үлгерді. Онда әр азамат өзі тұратын округтің шекарасын қарап, сол аумақтан қалалық мәслихатқа сайланған депутаттың аты-жөнін, байланыс нөмірлері мен әлеуметтік желідегі парақшаларын, қабылдау кестесі мен мекенжайларын көре алады.
Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобыланбек Қожиннің айтуынша, қосымшадағы бұл жаңашылдықтар үшін бюджеттің бірде-бір тиыны шығын болмапты. Ноу-хауға Көкшетау мен өзге де қалалардағы депутат әріптестері қызығушылық танытып отырған сыңайлы. «Біз қанатқақты негізде WhatsApp қосымшасы арқылы жиі қойылатын сауалдарға автоматтандырылған жауаптар тізбегін іске қостық. Алдағы уақытта қай депутат нендей мәселемен шұғылданып жатқанын да аңғаратын боламыз. Жаңашылдықтар одан әрі жетілдіріле түсіп, оңтайлы цифрлық тәсілдер енгізіле береді», дейді ол.
Екінші бағыт облыстық мәслихаттың жергілікті мәслихаттармен бірлесуіне арналып отыр. Облыстық мәслихаттың депутаты Асылбек Туғанбай өз әріптестері үшін бұл үлкен мүмкіндіктер тудыратынын жеткізді. Кей жағдайда аудан-қалалардағы мәслихат депутаттары мәселені шешу барысында тығырыққа тірелетіні белгілі. Мұндай сәтте облыстық және жергілікті мәслихаттардың халық қалаулылары бір топқа бірігіп, түйткілдің түйінін тарқатуға әрекеттеніп көреді. Егер оны облыс деңгейінде шешу мүмкін болмаса, бірлескен топ әрі қарай Парламент Мәжілісіндегі әріптестерінен көмек сұрайды. «Депутаттар сайлау алдында берген уәделерін орындау үшін формалды жауаптарды доғаруы керек. Жұртшылықтың сенімі мен жауапкершілігі бәрінен жоғары. Мысалы, өзімді Павлодар қаласындағы №5 округтің тұрғындары сайлады. Жауапкершілігіме Сарыарқа, МДС, «Диспетчер», «Зеленстрой» шағын аудандары еніп отыр. Биыл жаз бойы «Зеленстройда» кәріз жүйесі салынып, мердігер оның құрылысында көп ақау жіберді. Депутаттар үнемі бақылау жүргізіп, ақыры жауапты компания әу бастағы кемшіліктерін түзетті. Азаматтар ұсыныс-тілектерін айтқанда оларды әуелі анықтап, талдап барып қана шешім қабылдаған абзал. Оның үстіне биыл өңірде құрғақшылық болып, көп фермердің егіні күйіп, шабындықтардың басым бөлігінде шөп шықпай қалды. Мәслихаттағы аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ретінде шаруаларға көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралардың басы-қасында жүрдік. Көп дүние депутаттардың қолында емес, әйтсе де өз құзыретіміздің шеңберінде жұмысымызды адал атқаруға тырысамыз», дейді халық қалаулысы.
Жаңа форматтағы бағыттың соңғысы – жергілікті депутаттар корпусының білімін көтеру. Бұл үшін мемлекеттік қызмет академиясының мамандарын шақырып, депутаттар үшін арнайы семинарлар жүргізіледі. Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, әр депутаттың білім-білігі де әртүрлі. Соған сай олардың халықпен жұмыс істеудегі сауаттылығын көтеру, құзыретін арттыру көзделіп отыр. Мысалы, өңірде кейінгі жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы түйткілдер 5-6 есеге кеміген. Бұған дейін мәслихатқа сайланған азаматтың көбі осы салаға маманданғанын өмірдің өзі талап ететін. Ал қазіргі күні керісінше денсаулық сақтау, МӘМС, білім беру салаларындағы мәселелер көбейе түскені байқалады. Яғни депутаттар ендігі жерде осы бағыттарға көбірек көңіл аударуға тиіс. Жоғарыда айтқандай, халықпен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері талдау тұрғысынан жаңарғанда ғана белгілі бір нәтижелерге иек артуға болады. Сондықтан мәслихаттардың тұрақты комиссияларында көтерілетін мәселелер азаматтардың талап-тілегінен, көшпелі кездесулерден кейін құралуы шарт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мәслихаттардың өзекті мәселелерді шешіп, аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алатынын баса айтқаны мәлім. «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады», деген еді Президент. Жолдау жүктеген міндеттер қазіргі күні Ертіс-Баян өңіріндегі мәслихаттарда қанатқақты тұрғыда жүзеге аса бастағаны көпшілікті қуантып отыр. Саяси тұрғыдан жаңаруы нәтижесінде мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі шешуші буынға айналады деген сенім зор.
Павлодар облысы