Биыл жүзеге аса бастаған «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында облыс аумағында жыл басынан бері 1 млрд 968 млн теңге болатын 286 бизнес бастама қолдау тапқан. Бұл туралы «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев депутаттық фракция отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, бағдарламаға облыстың барлық 133 ауылдық округі қатысып жатыр. Бірақ бекітілген шарттарға сәйкес жобаға Қонаев, Есік, Талғар, Қаскелең қалаларының тұрғындары қатыса алмайды.
– Биыл өңір жұртшылығынан сомасы 9,5 млрд теңге болатын 1 300-ден аса өтінім түсті. Оның 717 өтінімі бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Қалған 619 бизнес-жоспар мақұлданды. Қазіргі уақытта 286 қарыз алушыға жалпы сомасы 1969 млн теңгеге несие берілді, – деді филиал төрағасы Қ.Байғоджаев.
Жалпы, бағдарлама бойынша Жамбыл, Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарында 22 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Сондай-ақ өсімдік және мал шаруашылығы саласында әзірленген 50 жоба ауылдық елді мекендерде халыққа қызмет көрсету жоспары таныстырылды. Бұл жобаларға қарқынды бау-бақшаны дамыту, жылыжай кешендері, шағын құс фабрикасы, бал өндіру, жемшөп дайындау, жиһаз, киім-кешек тігу және басқа да өндірістер ашылады.
Айта кету керек, «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында осы жоба аясында 1 500-ден аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланған болса, биыл өңірдің өндіріс ошақтарында 450-ден аса жұмыс орны құрылды.
Партияның өңірлік «Жол картасы» аясында Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын фабрикаларды салу міндеті тұр.
– Биыл Ұйғыр ауданында қуаттылығы 17,5 мың тонна құс етін өндіретін «Прима құс» фабрикасы ашылды. Соның нәтижесінде 400 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Бұдан бөлек, ауданда келесі жылы қолданысқа берілетін жылыжайдың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш гектар жерді алып тұрған жылыжайда 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Димаш Садықов.
Сонымен қатар Кеген ауданында құны 1 млрд теңгеден асатын ет өңдеу комбинатының құрылыс жұмысы жүргізіліп жатқаны да атап өтілді. Тіршілік өзегі төрт түлікке байланған Кеген өңірінде бір ауысымда 50 бас ірі қара және 150 бас ұсақ мал етін өңдеу комбинаты ашылса, 30 адам жұмысқа орналасады. Бұдан бөлек, «Great Steppe Heritage» ЖШС бақтақ (форель) шаруашылығын ашуды жоспарлап отыр. Онда 20 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
«Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Райымбек ауданында да бақтақ шаруашылығын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар биыл ауданда сүт өңдеу, балық және омарта шаруашылығының иелері 50-ден аса азаматты жұмыспен қамтыған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондай-ақ өңірде 2027 жылға дейін партияның сайлауалды бағдарламасы аясында 6,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Садықовтың айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлердің ауданы 263,8 мың га құрайды. Ал оның ішінде суармалы егістік 240 мыңға жуық гектар. Бүгінгі таңда суару желілері мен су шаруашылығы нысандарының 60-70 пайызы тозған.
– Бұл мәселені шешу үшін әкімдік өткен жылдан бастап айналымнан шығып қалған 54,1 мың га суармалы жерлерді қалпына келтіруге мүмкіндік беретін суару желілерін қайта жаңғырту бойынша шаралар қабылданып жатыр, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Айта кету керек, «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында Жамбыл, Іле, Талғар аудандарының суару желілерін қайта жаңарту міндеті тұр. Жалпы, үш жобаның жалпы құны – 64,4 млрд теңге. Биыл оған 3 млрд теңге қаражат бөлінген.
Жобалар толық іске асырылған жағдайда айналымға 22 мыңға жуық гектар пайдаланылмайтын суармалы жерлерді енгізу жоспарланған. Аграрлы облыста биыл лизинг арқылы 3 млрд 851 млн теңгеге 269 техника сатып алынған. Бүгінгі күнге өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларының тозу көрсеткіші 58,8 пайызды құрайды екен.
Облыс бойынша ауыл шаруашылығы техникасының барлығы – 13 415. Оның ішінде 10 жылдан аса пайдаланған 8 мыңға жуық техника тозған, дейді Д.Садықов.
Жалпы, инвестициялық салымдар негізінде сатып алынған техниканың 25 пайызы және сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасының 30 пайызы мемлекет бюджетінен субсидияланады.
Депутаттық фракция отырысында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ақтаева өңір аумағында 6 жаңа медициналық нысан салынып жатқанын атап айтты. Сондай-ақ 2025 жылға дейін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 40-қа жуық мекеме бой көтеретіні жоспарланғанын жеткізді.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл дәрігерлік ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 5 млрд теңгеден аса қаржы қарастырылған.
Облыста білім беру сапасын көтеруге де ерекше назар аударылып келеді. Биылғы оқу жылында 9 жаңа мектеп қолданысқа берілсе, жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысы аяқталады. Оған қоса 16 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі, оның екеуі аяқталған. Бұл жұмыстарға бюджеттен 13 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Депутаттар өз кезегінде білім беру нысандарында жұмыс қарқынын жылдамдату қажеттігін құлағдар етті.
Өңірде үш ауысымдық мәселесін жою үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде 54 600 орындық 53 жаңа мектеп салыну жоспарланып отыр. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мақсатында 5 мың орынға жуық 59 жекеменшік балабақша және қосымша топтар ашу көзделген.
Алқалы жиында облыстың өзге де басқарма басшыларының атқарылып жатқан жұмыстары туралы есептері тыңдалып, сын-ескертпелер назарға алынды.
Алматы облысы