Жалпақ жұрт сүйсіне тамашалап, қызығына қанатын құсбегілер сайысы біздің өңірде осымен жиырмасыншы рет ұйымдастырылып отыр. Табиғаты тамылжыған сұлу өлкеде ілкі заманнан бері жалғасып келе жатқан ұлтымыздың ақсүйек өнері қайта жаңғырып, кеңінен қанат жаюда. Алдымен даңқты бүркітші Мәсіп Батырханұлы туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Бүркітші 1940 жылы Мәскеу қаласында «КСРО аңшылық ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Ресми марапаты осы болғанымен, ең ыстық ықылас халықтың көкірегінде қалды. Отызыншы жылдардағы ақсүйек аштықта құсбегі қыран құсының арқасында тұтас бір ауылды аман алып қалған. Жалғыз қыран құс қана емес, жүйрік тазы да баптаған. Қотан қоритын текті төбет те босағасынан арылмаған екен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде аң терісінен тігілген киім-кешек, аң етін қан майданда соғысып жатқан жауынгерлерге үстін-үстін жіберіп, шарапатын тигізген.
Осы жолы Көкшенің көгілдір аспанын айрықша дүбірге бөлеген құсбегілер сайысына еліміздің он облысынан 63 үміткер қатысты. Сондай-ақ, Қырғызстан, Моңғолия, Қытайдан да келгендер бар. Шет елден келген құсбегілер арасында Моңғолияда тұратын қарындасымыз, атақты құсбегі Айшолпан Нұрғайыпқызы да болды. Осыдан бірер жыл бұрын Айшолпанның америкалық режиссер Отто Белланың көшпенділер өмірінен түсірген «Бүркітші» фильмінде басты рөл ойнағаны да белгілі.
Құсбегілер сайысы үш кезеңнен тұрды. 11 ителгі, 8 қаршыға, 44 бүркіт бабы мен бағын сынады. Зау биікке көтеріліп, топшысымен көгілдір ауаны тіле, құлдилап келіп, жеміне жай оғындай жарқ етіп ұмтылатын қыран құстың ерлігі мен өрлігіне төменде көз салып тұрып қаның қызады екен. Тұла бойы тегеурінді күш, тектіліктен тұратын осынау дархан даланың дарабоз құстарын айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізген ата-бабамыз да осал емес-ау шамасы. Сайыстың екінші күні іріктелген 12 құсбегі қырандарын түз аңына салды. Сарапшылардың ұйғарымы бойынша «Бүркіт», «Ителгі», «Қаршыға» аталымдарында бірінші орынға астаналық Серікбек Күнтуған, алматылық Сейітжан Алмас, қарағандылық Темірәлі Төлеген ие болды. Жеңімпаздарға бүркітші Мәсіп Батырханұлының атындағы естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ақмола облысы