Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметіне сүйенсек, биыл 9 айда жоспардан тыс 27 тексеру жүргізілген. Тексерудің қорытындысымен табиғатты бүлдіруге қатысты 39 дерек анықталып отыр.
«Экологиялық заңнаманың сақталуына байланысты тексерулер «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Karabatan Utility Solutions», «Теңізшевройл» компаниялары мен «ЖылыойСу» МКК-ға жүргізілді. Табиғатты ластаған кінәлілерге қатысты 96 әкімшілік іс қозғалды. Аталған тексерулерден кейін қоршаған ортаны ластаған компанияларға жалпы құны 11 млрд 48 млн теңгенің айыппұлы салынды», дейді Ә.Бекмұхаметов.
Мұнайлы өңірдің ауасын жиі ластаушылар қатарында қандай кәсіпорындар бар? Департаментінің басшысы Ә.Бекмұхаметовтің айтуынша, алдымен бұл тізімге мұнай-газ өнеркәсібіндегі кәсіпорындар ілініп отыр. Мәселен, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 3-бөлігінде көзделген қоршаған ортаға бекітілген нормативтер көлемін бір жыл ішінде екі реттен көп асырған.
«Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты технологиялық режімді бұзғаны үшін төрт рет, электр энергиясының өшуі бойынша бір рет жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Зауыттың алау қондырғысында газдарды жағу кезінде нормадан артық эмиссиялар жүзеге асырылған. Мұнда өнеркәсіптік эмиссиялардың сынамасын алу үшін арнайы орындардың болмағаны, эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингі жүйесі енгізілмегені және қалдықтарды басқару талаптарының бұзылғаны анықталды», деп мәлімдеді Ә.Бекмұхаметов.
Экологтер жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде биылғы 3 шілдеде сағат 17:25-те Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты сөнгені расталды. Соның салдарынан ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысын қоспағанда, зауыттың технологиялық қондырғыларының жұмысы апатты жағдайда тоқтаған. Жергілікті уақытпен сағат 17:47-де зауытқа электр қуатын беру толығымен өшіп қалған еді. Осыған байланысты «ПАЗ» автоматтандырылған авариялық қорғанысы іске қосылып, алау жүйесінде технологиялық газ жағылғаны анықталды. Тексеру қорытындысымен «АМӨЗ» ЖШС-ға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 3-бөлігімен хаттама толтырылып, одан әрі қарау үшін Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды. Соттың 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен «АМӨЗ» ЖШС-ға тиісті эмиссия көзінің жұмысына экологиялық рұқсаттың қолданылуын тоқтатпай, 12 млн 14 мың 550 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Атырау мұнай өңдеу зауыты сот қаулысымен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Алайда облыстық сотының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылып, кәсіпорынның шағымы қанағаттандырылудан бас тартылды.
Бұл өңірде қоршаған ортаға зиянды заттарды төгіп, жөніне кететіндер аз емес. Мұндай деректерді анықтау бойынша облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірге жүргізілген мониторинг жүргізіледі. Мәселен, мамыр айында Атырау қаласының маңындағы ашық алаңға қауіпті қалдықтар қатарына жатқызылған пайдаланылған катализаторға ұқсас қалдықтар төгілгені анықталды.
«Қалдықтар шамамен 2 мың шаршы метр жерге жартылай көмілген. Катализатор – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның мұнайды терең өңдеу өндірісінде пайдаланылатын қоспа. Ал «Атмосфералық ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС Атырау қаласындағы филиалының жүргізген зертханалық талдау қорытындысымен далаға төгілген қалдықтардың құрамында никельдің біраз мөлшері бар екені анықталды. «Грейс Казахстан Каталистс» ЖШС-ның «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-на ұсынған анықтамасына сәйкес пайдаланылған катализатор құрамындағы никель өлшемі 5 мың ппм құраған», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Экологтердің жиі тексеруіне ұшырайтын тағы бір кәсіпорын бар. Бұл – «Karabatan Utility Solutions» ЖШС. Биыл бұл серіктестікке жоспардан тыс 4 тексеру жүргізілген.
«Тексерулер кезінде қондырғыға парникті газдарға алынған квота нормасын асыру байқалды. Экологиялық рұқсатсыз жер релефіне сарқынды суларды төгу, жерді бүлдіру, берілген нұсқаманы орындамау түріндегі бұзушылықтар анықталды. Анықталған бұзушылықтарға байланысты салынған айыппұл көлемі 7 млрд 238 млн теңгені құрады», деді департамент басшысы.
Ал облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-ның 2021-2022 жылдары 88 542 текше метр топырақты заңсыз сатқаны анықталды. Бұл серіктестік заңсыз әрекетін іске асыру үшін кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсатты пайдаланған.
«Рұқсатты беру үшін «Морское» кен орнындағы гидротехникалық құрылыстардың үйіндісін қалпына келтіру туралы мердігерлік шарт негіз болған. Алайда шартта топырақты өзге мақсатта сату көзделмеген. Облыс әкімдігіне енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесімен «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-дан бұрын берілген рұқсат қайтарып алынды. Сотпен аталған дерек бойынша «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-дан сотпен 851 млн теңге мемлекетке келтірілген залал өндірілді», деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Қадағалау органы тағы деректі жария етті. Прокуратураның мәліметінше, «Жылыой Болашақ» ЖШС-ның мұнай шламдарын жинақтауға рұқсаты құжаты болмаған. Бірақ серіктестіктің бұл қызметті жүзеге асырғаны анықталды. Мәселен, 2022 жылдан бері қауіпті қалдықтарға жатқызылған 477 тонна мұнай шламы жинақталған. Сот осы дерекке қатысты «Жылыой Болашақ» ЖШС-ға 923 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
Махамбет ауданындағы Есбол ауылдық округінен 40 шақырым қашықтықта мұнай төгілген. Бұған алдымен аудан тұрғындары алаңдаушылық білдірді. Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Махамбет ауданындағы Сары Өскембай деген жерде мұнай төгілгені анықталған.
«Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары бұған дейін 2021 жылғы 13 тамызда осы аумаққа Махамбет аудандық прокуратурасының әкімдігі мен полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге барып, ластанған жерге өлшем жүргізді. Ластанған және фондық топырақтан талдама жасауға сынамалар алынды. Талдау нәтижесімен топырақтың құрамында мұнай өнімдері көп мөлшерде екені белгілі болды. Махамбет аудандық әкімдігінің ұсынған ақпаратына сәйкес ластанған аумақ жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі емес. Ал «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаментінің мәліметінше, бұл «Норс Каспиан Ойл Девелопмент» ЖШС-ның келісімшарттық аумағына түсіп, Оңтүстік Байменке К-3 крелиустік ұңғыма орналасқан. Алайда ұңғыма жер қойнауын пайдаланушыға берілмеген. Жер де, ұңғыма да мемлекет меншігінде», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Департамент тарапынан ластанған аумақты тазалау туралы Махамбет ауданының әкіміне 2021 жылғы 9 қарашада, кейін 2022 жылғы 7 маусымда хат қайтадан жолданған. Сондай-ақ былтырғы 20 желтоқсанда Атырау облысының әкіміне хат жолданып, жоғарыда көрсетілген аумақтағы ластануды жою жұмыстарын жүргізу сұралған. Бірақ аудандық, облыстық әкімдік тарапынан биыл мамырға дейін мұнай қалдығымен ластанған аумақты қоршау назарға алынбай келген.
«Махамбет ауданына қарасты Сары Өскембай учаскесіндегі К-3 крелиустік ұңғымадан май ағып жатқан аумағы толықтай қоршалды. Алдағы уақытта атқарылар жұмыстың бәрі департамент қызметкерлерінің бақылауында болады», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
«Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, мұнайлы өңірдің экологиясы әзір жақсармай тұр. Сол себептен жұтар ауаның жұпар болмағаны тұрғындардың төзімін тауысатын түрі бар. Өйткені қоршаған ортаны ластаушылар табиғатқа қарсы тағылық әрекетін тоқтатар емес. Тіпті қомақты айыппұлды шыбын жаққан құрлы көрмейтін болды. Мұндай тағылық әрекет қашанға дейін жалғасады? Атыраулықтарды алаңдатқан көкейкесті мәселенің қашан оң шешімін табады? Бірақ бұл сауалдың нақты жауабын айтуға ешкім асығар емес.
Атырау облысы