Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Кейінгі жылдары жастар арасында қоғамдық тәртіп бұзушылық неге өршіп бара жатыр деген сұрақ жиі қойылғанымен, бұл түйткілмен күрестің тиімділігі болмай тұр. Бұрын қоғамдық орындарда біреуге қол жұмсамақ түгілі былапыт сөз айтқанның өзі құқық бұзушылық деп танылып, айыппұл салынатын, тіпті кінәлі 15 тәулікке дейін бас бостандығынан шектелетін. Қазір шектеу қойылмағандықтан боғауыз айта беруге болады деп санайтын болса керек, телеарналарда мұндай сөздер нормаға айналып бара жатыр. Ондайды көретін жастарымыз да боғауыздан тосылмайтын болды. Ұлдар түгіл қыздардың өзі былапыт сөздерді сапырып жүреді. Үлкендердің аузынан да боқтықты жиі еститін болдық.
Қазір мектептерде сынып сағаты өткізіліп, мұндай жиындарда қоғамдық орындарда тәртіп сақтау мәселелері де айтылып қалады. Бірақ бұл жиындардың тиімділігі төмен, өйткені оны өздерінің күнде көріп жүретін сынып жетекшілері ғана өткізеді. Бұрынғыдай құқық қорғау органдарының білікті қызметкерлерін, судьялар мен прокурорларды қатыстыру тәжірибесі қалып барады. Мектеп шақырса, жұмыстары бастан асатын қызметтегі мамандар келмейді. Бірақ зейнеттегі тәжірибесі мол мамандарды шақыруға болады емес пе? Білікті мамандар сынып сағаттарына қатысып, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын, заңда көрсетілген жаза түрлерін еске салып, айтып отырса, жасөспірімдер аузына келгенді айта салудан тыйылар еді.
Қоғамдық тәртіпті бұзу қазір боғауызбен ғана шектелмейді. Халық көп жиналатын орындарда төбелес, бір-біріне қол жұмсау да белең алып барады. Тәртіп сақшыларына, яғни билік өкілдеріне қол көтеру де көбейіп келеді. Мұның өзі кейінгі кездері қалыпты оқиға секілді қабылданатын болды. Ал кезінде «билікке қарсылық білдірудің» жазасы өте ауыр болатын. Соны білетін кәнігі қылмыскерлер тәртіп сақшысына қол көтермек түгіл, одан айнала қашып, оларды «командир» деп құрметтейтін. Бір топ адам төбелесіп жатқан жерге бір милиция өкілі ысқырып келіп қалса, бұзақылар тұра қашатын.
Қызылжар қаласында «Жұмысшы кенті» деген шағын аудан бар. Өткен ғасырдың 50-60-жылдарында сол ауданда бір-ақ милиция қызметкері салт атпен тәртіпті бақылап жүреді екен. Оған қарсы келмек түгіл, әккі қылмыскерлердің өзі айналып қашатын болған. Өйткені оған қарсы келіп қалсаң, жазасы қатаң, бірнеше жыл түрмеде шіруің мүмкін. Мәселен, демократияның отаны саналатын АҚШ-та полиция қызметкерінің рөлі зор, айтқанын тыңдамасаң, атуға құқығы бар. Үш-төрт жыл бұрын ағылшын тілін шала білетін бір орыс азаматы Америка мейрамханаларының бірінде бұзақылық жасап, келген полицияның бұйрығын түсінбегендіктен, полиция қызметкері оны «талабымды орындамады» деп атып тастады. Сол полицейді кейін сот ақтап, ешқандай жазығы жоқ деп тапты.
Ал бізде ше? Осыдан бір ай бұрын Тимирязев ауданы орталығындағы бір дәмханада төбелесіп жатқан бұзақыларды ажыратуға келген полицейдің талабын тыңдамақ түгіл, бір қылмыскер оған қол жұмсаған. Аудандық полиция бөлімінің басшысы, подполковник Талғат Кенжетаевтың айтуына қарағанда, полиция қызметкері жеңіл зақым алған. Ақыры соты болып, бұзақыға пробациялық бақылау қою тәртібімен үш жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы белгіленді.
Осындай жазадан кейін бұзақылар құтырмағанда қайтеді? Оның жай адам емес, биліктің адамы, адамдардың құқығы мен бостандығын қорғаушы, яғни жалпы қоғамдық тәртіпті сақтаушы екенін судья ескерді ме? Бұл жерде судья шешіміне ғана емес, заңның солқылдақтығына да назар аударған жөн. Мысалы, осы қылмысқа жаза қолданатын Қылмыстық кодекстің 308-бабының 3-бөлімі 4 мың АЕК көлемінде айыппұл салу немесе бір мың сағат мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту немесе 2 жылдан 4 жылға дейін бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Осындай «кең көлемді таңдау» алдына тартылған судья ең жеңіл жазаны қоя салса, ешкімнің күдігі де, наразылығы да болмайды. Нақтылық болмаған жерде осындай теңгермешілік те шығып жатады.
Билік өкіліне қол жұмсау жазасының жеңілдігі құзырлы орган қызметкерлерінің беделін түсіріп қана қойған жоқ, одан жасқануды да азайтып барады. Жуырда ғана Ақжар ауданының 23 жастағы тұрғыны полиция қызметкеріне қол жұмсады. Ол да ауылдағы мейрамханалардың бірінде төбелес шығарған. Бұзақылықты тоқтатуға келген полиция қызметкерінің талабына бағыну былай тұрсын, өзіне тарпа бас салған. Аудандық полиция бөлімінің басшысы, подполковник Еркін Махметов бұзақының қолына кісен салынғаннан кейін ғана тыныштанғанын айтады.
Кез келген азамат билік өкіліне қарсы бұзақылық пен кез келген қылмыстың жазасы ауыр болатынын білгенде ғана мұндай заңсыздықтар азаяры сөзсіз. Сондықтан заңның ықпалы күшті болғаны керек.
Солтүстік Қазақстан облысы