Жоба • 08 Қараша, 2023

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Үкіметі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын бекітті. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы

Ұлттық жоба Мемлекет басшысының республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданды. Оның негізгі мақ­саты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және оны іске асыруға 1,5 трлн теңгеден аса қаражат көзделген. Айта кету керек, бұл соманың көлемді бөлігі, яғни 1,3 трлн теңгеден астамы – бюджеттен тыс қаражат.

Жоба аясында айтарлықтай қара­­жат сымды және сымсыз байланыс инфра­құрылымын дамытуға бағыттала­ды. Ауылдық жерлерде талшық­ты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салуға баса назар аударылмақ. Мәселен, мемлекеттік-жеке­шелік әріптес­тік тетігі арқылы 3 мың­нан аса ауылда тиісті байланыс желіл­ерін монтаждау жос­парланып отыр.

Жалпы шағын және орта байланыс опера­торларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жылдамдығы жоға­ры интер­нет тартылады. Жеке­мен­шік оператор­лар тарапынан инвести­ция­лардың жалпы сомасы 92 млрд теңге болған жағдайда, оның жартысын мемлекет күрделі шығындарға субсидиялар түрінде қайтарады.

Ұлттық жоба аясында республика­лық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифр­лық инфрақұрылым салу жос­пар­лан­ған. Атап айтқанда, 487 антен­на-діңгек құрылысын орнату жос­парланып отыр. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қам­ту­ға мүмкіндік береді.

Тағы бір бағыт – 5G желісін одан әрі өріс­тету болмақ. Бүгінгі таңда 605 база­лық станса орнатылған. 2025 жыл­дың соңына дейін 5G технологиясын респуб­лик­алық маңызы бар қалалар мен облыс орталығының барлығына енгізу жос­пар­ланып отыр. Осы жұмыс аясындағы байланыс операторларының инвестициялары шамамен 300 млрд теңгені құрайды.

Ұлттық жоба аясында ірі деректер орталықтарын және трансшекаралық талшықты-оптикалық магистралдарды салу бойынша шаралар жоспарланған. Сондай-ақ республикаға жетекші халық­аралық IT-компанияларды тарту үшін заңнаманы өзектендіру қажет.

Жалпы, ұлттық жобаны іске асыру 2027 жылға дейін отандастарды жыл­дам­дығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100%-ға дейін жеткізуге және елдің өңір­дегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.