Пікір • 08 Қараша, 2023

ТМҰ саммиті – түркі дәуірінің жаңғыруы

676 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордамызда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Астана саммиті өткені белгілі. Іс-шараға ұйымға мүше елдер мен бақылаушы мемлекеттердің Президенттері және үкімет басшылары қатысып, маңызды құжаттарға қол қойды. Тұрақсыздық кезеңде ұйымдастырылған іргелі жиын Қазақстанға да, Түркі әлеміне де зор маңызға ие.

ТМҰ саммиті – түркі дәуірінің жаңғыруы

Ең алдымен, саммиттің ТМҰ-ның оныншы яғни мерейтойлық саммиті екенін назар аударған абзал. 2009 жылы Түркі кеңесі болып құрылған және 2021 жылы ТМҰ-ға айналған ұйымның осы уақытқа дейін Алматы (2011), Бішкек (2012), Габала (2013), Бодрум (2014), Астана (2015), Шолпон-Ата (2018), Баку (2019), Ыстанбұл (2021) және Самарқанд (2022) қалаларында тоғыз саммиті өтті. Ресми саммиттерден бөлек, Мемлекет басшылары 2020 жылғы сәуірде пандемияға байланысты онлайн форматта өткен алғашқы төтенше жағдай саммитінде және Түркиядағы жерсілкінісіне байланысты 2023 жылғы 16 наурызда Анкарада ұйымдастырылған екінші төтенше саммитінде, сонымен қатар 2021 жылғы наурызда онлайн форматта өткен бейресми Түркістан саммитінде пікір алмасқан еді.

Осы жерден көріп отырғанымыздай, Қазақ­станда ТМҰ-ның соңғы саммиті 2015 жылы болған. Демек, сегіз жылдың көлемінде Қазақстан аумағында алғаш рет ұйым­дастырылып отыр. Оның үстіне, Президент Қ.Тоқаев кезеңінде Қазақстан алғаш рет ұйымға төрағалық етті. Сондықтан іргелі жиын Қазақстан үшін де, Президент Тоқаев үшін де маңызды. Осы тұрғыдан қарағанда, саммиттің мерейтойлық басқосу атануының символдық мәні өте жоғары.

Бұрынырақ Қазақстан түркі ынтымақтас­тығының ілгерілеуі жолында әрдайым тың бастамалар көтеріп келген. Атап айтқанда, Түркі кеңесінің құрылуын ұсынған Қазақстан тарапы болатын. Сондай-ақ «Түркі әлемі болашағы-2040» стратегиялық құжаты да қазақ дипломатиясының бастамасымен дайын­далды. Алайда кейінгі жылдарда Қазақстан Түркі әлемі кеңістігінде бұрынғы белсен­ділігін жоғалтып алғандай көрінген. Бірақ биылғы ТМҰ Астана саммиті Қазақстан сырт­қы саясатының Түркі әлеміндегі бастамашыл бағытынан айнымағанын дәлелдеді. Саммиттің «TURKTIME» яғни «Түркі дәуірі» ұранымен өтуі ТМҰ-да жаңа кезеңнің бастал­ғ­анының белгісі іспеттес.

Расында, халықаралық саясат тұрғысынан сараптасақ, 2023 жыл Түркі дәуірін бастаудың нағыз уақыты екені түсінікті болады. Бірін­шіден, биыл Түркия Республикасына 100 жыл толды. Демек, Түркия өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Кавказдағы бауыр­лас ел Әзербайжан 2020 жылғы және биылғы соғыста жеңіске қол жеткізіп Қара­бақты қайтарып алды және отыз жылдық жанқиярлық күрес­тің нәтижесінде өзінің аумақтық тұтастығын қалпына келтірді. Сонымен қатар өңір елдері де «Жаңа Қазақ­стан» және «Жаңа Өзбекстан» деген ұран­дармен отыз жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, тарихының жаңаша бір бетін ашуға талпыныс жасап жатыр.

Геосаяси және геоэкономикалық тұрғы­дан да Түркі әлемінің маңызы артып келе жат­қаны анық. Шығыс Еуропа мен Батыс Азияда аяусыз соғыс жүріп жатыр. Азияның жүрегі саналатын Ауғанстанда да тұрақты­лық орнамады. Осы қақтығыс ошақтарының нақ ортасында орналасқан Түркі әлемінің тұрақтылық пен дамудың аймағына айналу әлеуеті жоғары. Азия мен Еуропа арасындағы сауда-саттық пен тасымал үшін де түркі елдерінің ынтымақта болғаны маңызды. Осы ретте, Астана саммитінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) ТМҰ-ға бақылаушы статусын алуы да өзекті екенін айта кетуіміз керек. Өйткені штаб-пәтері Тегеранда орналасқан бұл ұйымды 1985 жылы Иран, Түркия және Пәкістан құрған еді. 1992 жылы ұйымға Орталық Азия елдері де мүшелікке өтті. Басқаша айтқанда, ЭЫҰ-ның ТМҰ-ға бақылаушы болуы түркі елдерінің Иран және Пәкістанмен ынтымақтастығы артатынын білдіреді. Пәкістан арқылы Түркі әлемі Оңтүстік Азияға жол ашса, Иран арқылы Парсы шығанағына қол созады. Сонымен қатар Иран Түркістан мен Түркия арасындағы шығыс-батыс бағытындағы халықаралық тасымалдың артуына да өз септігін тигізеді.

ТМҰ Астана саммиті ортақ тарих пен мәдениетке ие түркі елдерінің XXI ғасырдағы халықаралық аренада өзіне тиісті орынды алуға талпынысын, мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерін паш етеді. «Түркі әлемі» татулық, бауырластық, достық, тыныш­тық, тұрақтылық пен бейбітшіліктің алаңы ретінде қалыптаспақ. Бұған сан ғасырлық Түркі өркениетінің тәжірибесі жеткілікті, құқығы бар. Өйткені түркілер тарих бойынша халықаралық сауда мен барыс-келістің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрақтылыққа жауапты күш ретінде қарастырылды. Міне, сол тарихи миссиясы қайта оралғандай. Түркі дәуірінің уақыты келді.

 

Нұржанат ӘМЕТБЕК,

PhD, Халықаралық қатынас маманы