Президент • 08 Қараша, 2023

Мүдделер тоғысы мұнай-газ тасымалында тереңдеп келеді

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбатында екі елдің ынтымақтастыққа негізделген саяси, экономикалық байланысы тереңдей қамтылды. Газет тілшісі Президенттен   мұнай-газ саласындағы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуын да сұрады. Өзбекстан Ресейдің газын Қазақстан аумағы арқылы тасымалдау жобасы іске қосылды. Екі елдің арасына дәнекерлік орнатудың маңыздылығын  Қ.Тоқаев тарқата айтты.

Мүдделер тоғысы мұнай-газ тасымалында тереңдеп келеді

Фото: sputnik.kz

«Газ саласы мемлекеттеріміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресінде ерекше рөл атқарады. Сондықтан Ресейдің көгілдір отынын тасымалдау ісі жобаға қатысушы барлық тараптың мүддесіне сай келеді. 7 қазанда іске қосылған бұл жоба Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға, Орталық Азияның аймақтық тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, елдеріміздің өндірістік дамуына, бизнес-ахуалды жақсартуға, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді. Біз өзіміздің транзит әлеуетімізді толыққанды пайдалануға мүдделіміз және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайынбыз. Биыл 1 қарашада өткен Халықаралық газ форумында Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл – 15 жылға дейінгі кезеңді қамтитын өзара тиімді серіктестік жоспарын әзірлеуге және жүзеге асыруға бағытталған ұзақмерзімді құжат. Қазақстан мен Ресейдің мұнай саласындағы ынтымақтастығы бұрыннан табысты дамып келеді. Елімізде «Лукойл» және «Татнефть» сияқты ресейлік концерндер жемісті жұмыс істеп жатыр», деді Президент.

Мемлекет басшысы осы жылдың ақпан айында  «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» Каспий теңізінің елімізге тиесілі бөлігіндегі «Қаламқас теңіз», «Хазар», «Әуезов» кен орындарын игеру жобасы бойынша бірқатар келісім жасағанын да  айтты.  Былтыр  полипропилен өндіретін 10 ірі кәсіпорынның санатына  кіретін  «Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI)» мұнай химиясы кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл жобаға ресейлік «Сибур» компаниясы да қатысады. Мемлекет басшысы сұхбатында 2022 жылы Саран қаласында «Татнефть» компаниясының қатысуымен автомобиль дөңгелектерін шығаратын «KamaTyresKZ» зауыты салынғанын айтты.

Екі мемлекеттің  сыртқа мұнай тасымалдауда да өзара ынтымақтастығы жоғары. Мәселен Қазақстан  мұнайының 80 пайызға жуығы сыртқы нарыққа Ресейдің аумағы  арқылы (Каспий құбыр желісі консорциумы)  экспортталатынын айтты.  Ресей де Қытайға жөнелтетін мұнайын Қазақстан аумағы арқылы өткізеді.  Мемлекет басшысы 2033 жылға  дейін Ресейдің 100 миллион тоннадан астам мұнайын тасымалдау жоспарланып отырғанын жеткізді.