Сапар барысында өңір басшысы таяуда ғана 60 жылдық тарихын атап өткен Шар қаласының әлеуметтік-экономикалық дамудың жол картасы аясында жүзеге асырылатын жобалар жайынан хабардар етті.
«Шар қаласында жедел шешілуді талап ететін мәселелер жетерлік. Бұл бағытта мемлекеттік орган өкілдері мен жергілікті азаматтардан құралған топ тиісті мерзімде жұмыс атқарды. Нәтижесінде, 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамытудың жол картасы бекітілді. Ендігі жұмыстар жүйелі түрде, жоспарға сәйкес жүргізіледі. Оны әзірлеуге жұртшылық пен қала тұрғындары да белсене қатысты», деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар алдағы бес жыл ішінде Шар қаласында жалпы құны 18,6 млрд теңгені құрайтын 83 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 78 іс-шара республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылмақ. Бұл тұрғыда аудан әкімі Жарқынбек Борашұлы Жарма өңірі бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Шар қаласының келешек дамуы – аудан мен облыстың атқарушы органдарының назарында. Өзекті мәселелер зерделеніп, 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасы дайындалып, облыс әкімімен бекітілді. Келесі жылдан бастап осы жоспар аясында кезең-кезеңмен жұмыстар атқарылады», дейді Ж.Байсабыров.
Шындығына келсек, әкімшілік бағынысы бүгінде Жарма ауданына қарағанымен, Шар кентінің өзіндік маңызы, ел тарихында алатын орны зор. Мәселен, Шар өзені бойында өткен Қарамола съезінде ұлы Абайдың төбе би болып сайланып, ол дайындаған «Билер ережесінің» қабылдануын айтсақ та жеткілікті. Одан өзге Шар өңірі – қазақ мәдениеті мен руханиятында талай таланттарға қанат бітірген қасиетті өлке. Халық ақыны Төлеу Көбдіков, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сіләмхан Жапарханов, ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы Мақаш Әлиакпаров, медицина ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Райыс Төлебаев, химия ғылымдарының докторы Роза Абдулкаримова, әйгілі әнші Бари Алибасов, жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Ләйла Маусынбаева, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ерденбеков секілді дарынды перзенттерімен де танылған топырақ.
Осындай көптеген таланттың алтын ұясы Шар қаласының іргетасы теміржол бекеті ретінде өткен ғасырдың 20-жылдарының соңында әйгілі Түрксіб құрылысымен бірге қаланғаны – атап өтерлік тарихи оқиға. Қазіргі таңда Шар қаласында 8 824 адам, қала аумағындағы ауылдарда (Кезенсу, Көшек, Сарыарқа, Суырлы) 619 адам тұрады. 219 шағын және орта бизнес нысандары, қалалық аурухана, технологиялық колледж, 4 орта, 1 негізгі, 1 бастауыш мектеп, 3 балабақша бар. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, өнер мектебінің, халыққа қызмет көрсету орталығының филиалдары жұмыс істейді.
«Қамқор локомотив» серіктестігінің Шар локомотив жөндеу депосы филиалы мен басқа теміржол мекемелерінде 700-ден аса адам еңбек етіп жүргені де алдағы күнге деген жақсылыққа жетелей түскендей.
«Шар қаласын көріктендіру, тұрғындар демалысы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 2 балалар ойын алаңы, 2 воркаут жұрт игілігіне берілді. Білім беру саласында биыл қаладағы елеулі бір проблемалық мәселе шешімін тауып, облыстық бюджет есебінен Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің ғимаратына 393 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар кезекті оқу жылын жаңартылған білім ошағында қарсы алды. Сондай-ақ тағы бір өзекті мәселе – Шар қаласындағы Жарма технологиялық колледжінде қазандықтан ғимаратқа дейінгі жылу желісін, жылу және сумен жабдықтау инженерлік желілерін ағымдық жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, жылу қазандары ауыстырылды. Облыстық бюджет есебінен 53 млн 400 мың теңгенің жұмыстары атқарылды», дейді Жарма ауданының әкімі Ж.Байсабыров.
Аудан әкімінің айтуынша, Шар кенті ғана емес, Жарма өңірінде де атқарылып жатқан жұмыстар көптеп саналады. Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ауданға биыл 12 отбасы қоныс аударуы жоспарланған. Өткен кезеңде 7 отбасының (28 адамның) құжаттары өңірлік комиссиядан өтіп, олар Қалбатау, Әди ауылдарына, Жарма, Әуезов кенттеріне, Шар қаласына қоныстануы соның бір айғағы болса керек.
Түптеп айтқанда, биылғы 9 айда аудан экономикасының барлық саласында 332 млрд 84,5 млн теңгені құрайтын өнім өндіріліп, жұмыстар атқарылған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 33 млрд 928,3 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 2022 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 119,1 пайызды құрады. Биыл индустрияландыру картасына Бірлікшіл ауылынан «Алтын қазан және К» ЖШС-ның тамшылатып суару әдісімен майлы дақылдар өсіру және күнбағыс майын одан әрі өндіру жобасы және Божығұр ауылдық округінен «Ағайындар» шаруа қожалығы базасында күнбағыс майын және ет өнімдерін өңдеу жобалары енгізілді. Жүзеге асыру мерзімі 2023-2025 жылдар аралығына жоспарланып отыр. Ал «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы Белтерек ауылдық округіне қарасты «Ильяс» шаруа қожалығы 25 млн теңге несие алып, 53 бас жылқы сатып алса, «Іскер» бағдарламасы аясында Аграрлық несие корпорациясы арқылы 174 млн теңгенің 31 жобасы қаржыландырылған.
Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен берілетін несиелеу бойынша 301 млн теңгені құрайтын 42 жобаның құжаттары «СПК Семей» акционерлік қоғамына тапсырылды, несие қаражатын 15 қараша айына дейін беру көзделген. Сондай-ақ «Егінжай» бағдарламасы аясында Қаратөбе ауылдық округіндегі «Ержан» шаруа қожалығы 14,5 млн теңге несие алып, көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп отырған жайы бар.
Экономикамен тамырласқан қай саланың болсын, аудан болашағының өркендеуі жолындағы оң нәтижелері жетерлік. Мәселен, өнеркәсіп саласы бойынша биыл 226 млрд 338,7 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 2022 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 112,6 пайызға артса, тұрғын үй құрылысы бойынша 7 324 шаршы метр баспана іске қосылып, өткен жылмен салыстырғанда 149 пайызға орындалған. Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қалбатау ауылынан 30 пәтерлі үш қабатты тұрғын үй, 25 екі пәтерлі тұрғын үй және Шар қаласынан 5 екі пәтерлі тұрғын үй сатып алуға бюджеттік өтінім тапсырылып, ұлттық қордан (480 млн теңге), республикалық (288 млн теңге) және облыстық бюджеттен (122,8 млн теңге) қаражат бөлініп, игерілуде.
Қорыта айтқанда, жыл басынан бері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Қалбатау ауылында – 20, Шар қаласында 5 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, көпбалалы отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға берілді. Аудан бойынша жыл басынан бері 216 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарға 90 пәтер сатып алуға қаржы бөлініп отыр.
Ауданның 21 ауылы мен Шар қаласында орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі және 26 блок-модульдік станса жұмыс істейді. Келер жылға дейін Сұлусары ауылында су құбыры желісін тарту, Жарықтас ауылында блок-модульдік станса орнату жоспарланған. Сонымен қатар Жаңғызтөбе, Үшбиік, Қалбатау ауылдарына су құбырының желісін тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
Сапар соңында өңір басшысы Н.Ұранхаев жергілікті азаматтардың талап-тілектері бойынша жеке қабылдау өткізді.
Абай облысы