Білім • 09 Қараша, 2023

Бала кітапқа қалай қызығады?

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқу жылының екінші тоқсанынан бастап Астана қаласы Білім басқармасының бастамасымен елордадағы барлық білім ошағында «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы басталды.

Бала кітапқа қалай қызығады?

Оқушылардың кітап оқуға деген­ қызы­ғушылығын арттыру, таным көк­жиегін кеңейту мақсатында ұйым­дастырылып отырған жоба аясын­да балалар күнде 8 минут кітап оқи­ды. Яғни әр үзіліс сайын сабақ бас­талмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға бөледі.

«Бұл жобаны бастаудағы мақ­са­ты­мыз әрбір оқушы көркем әдебиет оқыса екен дейміз. Себебі кітап оқыған оқушының білімі, ой-өрісі кеңейеді. Кітап оқудың пайдасы орасан зор. Сөздік қордың көбеюіне, мидың күнделікті жаттығуына және есте сақтау қабілетінің жетіліп, бала­ның шығармашылық ойлау жүйе­сін жақсартады. Бұған қоса, білім сапасын көтеруге тигізер әсері мол. Сол себепті осы жобаны қолға алып, мектептерге енгізіп отырмыз», дейді Астана қаласы Білім басқар­масының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Сондай-ақ мектептерде «Бук­кро­синг» бұрыштары ашылады. Онда оқушылар бір-бірімен кітап алмасады. Мектептер­дің фойелеріндегі коворкинг зона­­лар да балаларға арналған.

«Бүгін біздің мектепте «8 минут­тық оқу» кітап оқу жобасы басталды. Біз бірінші сабақтың алдында көркем әдебиет оқыдық. Мен Сапар­ға­ли Бегалиннің «Бала Шоқан» шығар­ма­сын оқуды бас­тадым. Бүгін 8 ми­нутта 5 бет оқыдым. Демек бір айда осы қарқынмен толық бір кітап­т­ы аяқтайтын сияқтымын. Осы кітапты аяқтаған соң, басқа шы­ғар­маларды да оқимын. Кітап оқу жобасының басталуына қатты қуан­дым. Өйткені талап етпесе, балалар кітап оқымайды. Бәріңізді кітап оқуға шақырамын», дейді №90 мектептің 5-сынып оқушысы Әмина Сәрсенбай.