09 Маусым, 2010

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ КЕНДІ АЛТАЙ

1093 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Үкімет басшысының жұмыс сапарының екінші күні Өскемен қаласында жалғасты Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған топ дүйсенбі күні кешке қарай Ұлан ауданының орталығы Молодежное кентіндегі “Өскемен құс фабрикасы” АҚ-қа келді. Мұндағы “Еуразия” жобасының мақсаты –қазіргі өндірісті қалпына келтіру және жаңғырту жолымен өндірісті кеңейту, жаңа қуаттарды салу. Жобаның жалпы құны – 2,6 миллиард теңге. Бұл Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобасына енген. Үкімет басшысы К.Мәсімов облыс әкімі Б.Сапарбаевқа Елбасы Н.Назарбаевтың азық-түлік бағасын қымбаттатпай, халықтың жағдайын ойлау жөніндегі тапсырмасына назар аудару қажеттігін ескертті. Ертеңінде  Үкімет басшысы К.Мәсімов бастаған топ Халық банкінің жаңа мекемесіне кіріп, ондағы қызмет түрлерімен таныс­ты. Жаңадан салынған тоғыз қа­бат­ты банк іші айнадай жарқырайды, клиенттермен қызмет көрсетудің жаңа үлгілері келгендерге ұнады. Бұдан кейін К.Мәсімов “Казцинк” акционерлік қоғамының жаңадан салынып жатқан қорғасын балқыту және электролиз цехтарының жұ­мы­сымен танысты. Еліміздегі ин­дустрияландыру бағыты Кенді Ал­тайда жақсы жолға қойылған. Бар­лығы 22 жоба қолға алынса, оның 12-сі биыл жүзеге аспақ. “Казцинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “жаңа металлургия” бағытымен жұ­мыс істеп жатыр. “Казцинк” АҚ вице-президенті Ю.Гусев қоршаған ортаны қорғауға кәсіпорынның миллиардтаған теңге қаржы бөліп отырғанын тілге тиек етті. Қала жұртшылығының екі зауыт­тың іске қосылуына байла­нысты экология бүлініп кете ме деп қауіптенетіні белгілі. Алайда, жаңа технологиямен салынып жатқан өндірістік қуаттар ауаға зиянды қал­дықтарды аз тарататын көрінеді. К.Мәсімов осы орайда басқа кә­сіпорындардың да қала тазалығына үлес қосуын талап етті. Шығыс Қазақстан мәшине жа­сау зауытында болған кезде Үкімет басшысы шығарылып жатқан жаңа бұйымдарды тамашалады. Еліміз­де­гі көптеген кәсіпорындар аталмыш кәсіпорынның бұйымдарын сатып алады. Ендеше өнім сапасына көңіл бөлу қажет, деді Үкімет басшысы. “Даниел” супермаркет сауда үйінде болған кезде К.Мәсімов азық-түлік бағасының тұрғын­дардың қалтасы көтерерліктей болуы қажеттігіне назар аударды. Бұдан кейін орталық Мәдениет үйінде “Жүйе құрушы кәсіпорын­дар­дың кіші және орта кәсіп­кер­лікті дамытудағы рөлі” тақыры­бында  өңірлік форум болып өтті. Онда сөз алған өңір басшысы Б.Сапарбаев индустрияландыру картасы жайлы айтып берді. Өткен жылы облыста 500 миллиард тең­геге жуық өнеркәсіп өнімі шыға­ры­лыпты. “Қазақмыс”, “ҮМЗ”, “Казцинк” кәсіпорындары шағын және орта бизнесті өркендетуге лайықты үлес қосып келеді. “АзияАвто”, Семейдегі “ДЭУ”, “СемАЗ” зауыттары да көліктердің жаңа түрлерін игеріп жатыр. Форумда сөз алған “Даму” кәсіп­керлікті дамыту қорының бас­қар­ма бастығы Б.Мұқышев, “Каз­цинк” АҚ-тың вице-президенті Ю.Гусев, “Цеснабанк” АҚ бас­шысы Дәурен Жақсыбек, “Азия Авто” кәсіпорнының президенті Ержан Мандиев, тағы басқалар атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. “Даму” қоры орта кәсіпкерлікті қолдауға қыруар қаржы бөліп отыр. Тіпті Шығыс Қазақстан мемлекеттік универси­тетіне де қаржы бөлуді көздепті.  Ал Е.Мандиев отандық өнімдерді қорғау жөнінде өз ойын білдірді. Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мов Шығыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан істерге жоғары баға берді.  Қаржы дағдарысы кезінде де сіздер тамаша жұмыс жа­садыңыздар, ол үшін алғысым­ды білдіремін. Елбасының тапсыр­масын орындауда да сергектік та­нытудасыздар. Алайда, кемшілік­тер де бар. Өскеменге қарағанда Семей қаласында орта және ша­ғын кәсіпкерлік жақсы дамыған сияқты. Демек, жұмысты ширату қажет. Көрші Моңғолия, Ресеймен қарым-қатынасты күшейте түскен жөн. Кеден одағына бірігуіміз нәтижесін берер деген ойдамыз. “Жол картасы” биыл да жалғаса бер­мек, белгіленген жобаларды жүзеге асыру қажет,  деді Үкімет басшысы. Бұдан кейін бірқатар ірі кәсіпорындар мен компаниялар басшылары облыстық әкімдікпен келісім-шарттар жасасты. Форум соңында К.Мәсімов ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді. Оңдасын ЕЛУБАЙ, ӨСКЕМЕН.