Әлем • 09 Қараша, 2023

Әлемді түсіністік құтқарады

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) бас хатшысы, Елші Қайрат Сарыбай Бейжіңде өткен оныншы Сяньшань форумына қатысты.

Әлемді түсіністік құтқарады

«Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздік архитектурасы: бүгіні мен болашағы» форумының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде бас хатшы геосаяси бөліну мен әлемге түскен сызат жағдайында көп­жақтылық пен түсіністік бей­бітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір ықтимал тәсілі екенін атап өтті.

«АӨСШК-ге мүше-мем­лекеттерінің басты мақсаты – БҰҰ Жарғысының қағи­даттары мен халықаралық құқық ереже­лері, ашықтық пен өзара сенім негізінде Азияда қауіпсіздік пен ынтымақтастық архитектурасын құру. Шешімдер мен шараларды тек консенсус арқылы қабылдауға басымдық береді», деді Қ.Сарыбай.

Сондай-ақ АӨСШК «қарапа­йым­нан күрделі» қағидаты бойынша жұмыс істейті­нін атап өтті. Яғни алдымен се­нім орнату, содан кейін осы негізде өзара қауіпсіздікті арт­тыруға әкелетін то­лық­қанды ынтымақтастық құрады. «Бұл – өз кезегінде тұрақты дамудың алғы­шарты. Сенім шаралары­на негізделген шынайы көпжақты­лықты нығайту ғана заманның сын-қатер­леріне лайық жауап беріп, бәсекелестіктен ынтымақ­тастыққа өтуге жол ашады», деді Қ.Сарыбай.

Қытай әскери ғылымдар қауымдас­тығы мен Қытай халық­аралық страте­гия­лық зерт­теу­лер институты ұйым­дас­­тырған форумға әлемнің 19 елі­нен қорғаныс министрлері, халық­аралық ұйымдардан кел­ген 99 ресми делегация, дүние жү­зіндегі ғылыми меке­мелер мен сараптамалық орта­лықтардың зерт­теушілері мен сарапшылары қатыс­ты. Форум «Ортақ қауіпсіздік, баян­ды бейбітшілік» ұранымен өтті. Оның тақырыбы Азия-Тынық мұ­хиты айма­ғын­да тұрақты қауіп­сіздік архитектурасын қалып­тастыруға арналды.

Сяньшань форумы аясында АӨСШК бас хатшысы ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин мырзамен, АСЕАН бас хатшысы доктор Као Ким Хурнмен, ҚХР Үкіметі­нің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэймен, ҚХР Орталық әскери комиссиясының Бірік­кен штабының бастығы Цзинь Цзянь­фэнмен, Қытайдың Еуро­па және Азиядағы халық­ар­а­лық бай­ланыстар тобы орта­лығы­ның пре­зи­­денті Цзян Юнган­мен кездесті. Келіс­сөз­дер кезін­де ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.