Денсаулық • 09 Қараша, 2023

Сақтық – саулық негізі

234 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүргенде тосын жаңалық ести қалсақ, тосылып қалатынымыз рас. Кейбір хабар тіпті есеңгіретіп тастайды. АИТВ вирусы анықталған пациенттер де көп жағдайда күйзеледі. Бір мезетте сұхбаттасып отырған екінші адамның сөзін елеуден қалады. Өйткені бұл кезде пациент бірден төңіректегілердің көзқарасына, жұмысына, отбасына алаңдайды. Көз алдында алға қойған мақсаттары бұлыңғырлана бастап, бо­йын үрей, өкініш, ыза билеуі мүмкін. Осы кезде пациентке бойындағы үрейді жеңу үшін білікті маманның көмегі ауадай қажет болады.

Сақтық – саулық негізі

Мұндайда пациент депрессияға беріл­мей, қойылған диагнозды мойындап, емшара қабылдауды кейінге ысырмағаны абзал. Мамандардың айтқан кеңесін бұл­жыт­пай орындап, дұрыс шешім қабыл­дауы қажет. Бұл вирусты емдеу әдісі өте қара­па­йым. Тегін, жасырын, амбула­тор­лық түр­де өтеді. Жұмысына, оқу орнына, туыс­тарына, бөгде адамдарға ешқандай ақпа­рат берілмейді. Барлығы құпия түрде жүргізіледі.

Орталықтың білікті мамандары пациенттердің психикалық көңіл күйін түсіне отырып, ортаға тез бейімделіп кетуіне жәрдемдеседі. Әрі әлеуметтік жағынан қорғау үшін заңмен қорғалған көмек көрсетіледі. Бізде де шетелдер­дегі тәжірибеге сүйеніп, АИТВ вирусын алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Медицина ғылымы да емдеудің жаңа әдістерін іздеуге ден қойып отыр. Осы аурумен күресте жаңа дәрі-дәрмектер шығарылып, оны тұрмыста оңай қолдану әдістері қарастырылып жатыр. Мысалы, кейінгі уақытта вирусты экспресс тест арқылы жылдам анықтау үлгісі пациенттер арасында өте қарапайым, қолжетімді әдіс болып кеңінен қолданылатын болған. Тұрғындар арасында вирустың бар-жоғын тексеруге қызығушылық арта түскен. Бұрынғыдай сынама нәтижесін бірнеше күн тосудың қажеті жоқ.

Осы тұрғыда айта кетсек, Астана қала­сының АИТВ инфекциясының алдын алу орталығындағы Достық кабинетінің қызметі жастар арасында тиімді әрі қолайлы болып отыр. Себебі АИТВ инфекциясы көңіл жарастырған жұптардың бірінде анықталған болса, онда серігін жұқ­падан сақтап қалу мүмкіндігі бар. Яғни мұндайда вирус серігіне жұқпас үшін уақытша тегін дәрілік ем қолданыла­ды. Бұл дәрілер вирустың екінші адамға жұғу қаупін төмендетеді. Кейінгі кезде жүкті әйелдерді емханаларда әйелдер консультациясына тіркеуге алған кезде міндетті түрде ер-азамат АИТВ инфекциясына тексеріледі. Мұндайда ер адамның сынамасынан оң нәтиже анықталса, жүкті әйел­ге міндетті түрде тегін дәрілік ем таға­йындалады. Бұл әдіс – жүктілікті, әрі ана мен сәбиді АИТВ-дан сақтап қалу үшін таптырмас емшара деп айтуға болады.

Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен АИТВ вирусы созылмалы аурулар санатына енген. Инфекция анықталған пациент мамандардың емшарасын екі етпей қабылдаса, жұқпаның келесі сатыға өтуіне тосқауыл қойылады.

Негізі АИТВ вирусы – ЖИТС-тың (Жұқтырылған иммун тапшылық синдромы) басты себебі саналатын індет. АИТВ екінші адамға жыныстық қатынас, қан, ана сүті арқылы берілуі мүмкін. Ине, шприцтерді бірнеше рет пайдалану АИТВ-ның есірткі қолданушылар арасында таратылуына әкеліп соғады. Тұрмыстық жағдайда бұл вирус ас-су, ыдыс-аяқ, киім-кешек, суға шомылу, құшақтасу, амандасу, моншаға түсу, жәндіктер шағу арқылы жұқпайды.

Кейінгі мәліметтерге жүгінсек, АИТВ/ЖИТС көрсеткіші жалпы еліміз бойынша тіркелу деңгейі жағынан төмендемеген. Бұл, біріншіден, қалаға жан-жақтан, тіпті көрші елдерден жастардың шоғыр­лануынан, екіншіден, жастардың кездей­соқ жыныстық жанасу кезінде сақ­тандыру шараларын елемеуінен. Егер сіздерде АИТВ-ға байланысты сұрақ­тар туындаса, біздің мекеменің білік­ті мамандарының көмегіне жүгінуге әбден болады. Біздің мекен­жайымыз – І.Есен­берлин 5/1. Сенім телефоны: 38-04-64

 

Жұмагүл СМАҒҰЛОВА,

АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының маманы

 

Астана