Асырап алған баладан бас тарту асқынып тұр
Кейінгі 10 жылда елімізде жетімдіктің кермек дәмін ерте татқан 7 мың бала отбасын тауып, ата-ананың аялы алақанын сезінді. Осынау оң өзгеріске әсер еткен маңызды факторлардың бірі – сәбилерінен бас тарту, ата-ана құқығынан айыру сияқты опасыз оқиғаларды азайтуды мақсат тұтқан әлеуметтік жетімдіктің алдын алу іс-шаралары. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2017-2021 жылдары балалар үйлері мен интернаттарда тұратын балалар санының үштен бірі азайды. Бірақ бұл аралықта бала асырап алу және патронат жүйесі жақсы жаққа қарай өзгерді деп айтуға келмейді. Бұған пандемия жылдарындағы әлеуметтік мәселелер де кері әсерін тигізді. Өйткені індетпен алысып жатқан аласапыран кезеңде бала асырап алуға құлықты немесе қамқоршы болғысы келетін отбасылардың саны айтарлықтай азайды. Бұл аздай, әркім өз басымен қайғы боп кеткен сол шақта қамқорлығына алған балаларды қайтарған отбасылардың да қатары артып кетіпті. Нақтырақ айтсақ, кейінгі 5 жылда бала асырап алушылар мен қамқоршылар балалар үйіне қайтарған балалар саны 64%-ға өсті. Осылайша, екінші рет жетімдік көрген балалар едәуір көбейе түсті.
Жалпы, жаңа отбасын тапқан балалардың құқықтық мәртебесі әртүрлі. Мысалы, бала асырап алушылар саны 180-ге жетпейді және бұл барлық қамқорлыққа алынған балалар санының 1%-нан да аз. Негізінен жетімдерді панасына алғандардың 99%-ы қамқоршылық пен патронатты рәсімдейді. Осы тұста баланы асырап алудағы негізгі ұғымдарға шамалы тоқталып өткеніміз жөн болар. Неке және отбасы туралы кодексте асырап алу, қамқоршылық, қорғаншылық, патронат деген ұғымдар бар. Асырап алуды баланы қамтамасыз етуді толық өз мойнына алатын әлеуетті отбасыларға қатысты ұғым деп түсінуіміз керек. Ал қамқоршылық, қорғаншылық дегеніміз – патронаттық тәрбиемен байланысты ұғымдар. Мұндағы патронатқа берілген бала үшін мемлекет қамқорлық жасаған ол ата-анаға жалақы және баланың ішер асы мен киер киімі үшін ай сайын жәрдемақы төлейді. Егер әлеуметтік жетімдерді, яғни ата-анасы бар, бірақ ондай құқығынан айырылған адамдардың балалар патронат тәрбиешіге берілсе, олардың ата-аналарынан өндірілетін алимент те баланы бағып-қағу үшін жұмсалады.
Міне, осындай шартпен ғана баланы қамқорлығына алатындардың тарапынан екінші рет жетімдіктің күйін кешетін жәутеңкөздердің қатары көбейіп отыр. Ал бұл мәселедегі асырап алушылардың үлесі болмашы ғана екен. Қалай дегенмен, қамқорлыққа алынған балдырғандардың балалар үйіне қайтарылуы – бейжай қарайтын жағдай емес. Сондықтан осынау келеңсіз құбылысқа жол бермеудің тиімді амалдарын барынша қарастырған абзал. Бұл мақсатта 2020 жылы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бала асырап алудың арнайы ережелері бекітілді. Соның негізінде асырап алушы ата-аналар баланы қамқорлығына алмай тұрып, алдымен психологиялық даярлық курсынан өтіп, сертификат алуға тиіс болды. Бәлкім, осы қадамның септігі тиген болар, 2020-2021 жылдары асырап алған балаларды қайтару жағдайы 13-тен бірден 2 жағдайға дейін азайды.
Өткен айда Сенат депутаты Амангелді Толамисов балалар үйіне қайтарылған тәрбиеленушілер мәселесіне мән беріп, мұны шешу үшін бала асырап алушылардың назарына мұндай қадамның салдарын жеткілікті деңгейде жеткізуді күшейту керек екенін ұсынды. Оның айтуынша, заңда мемлекетке 75 АЕК көлемінде материалдық көмек қаражатын қайтару, алимент төлеу, сондай-ақ екінші рет бала асырап алу мүмкіндігінен айыру түріндегі жауапкершілік көзделген. Депутат тиісті ақпаратты eGov порталына орналастыру қажет деп санайды.
Кәсіби отбасына төленетін ақы
Аталған бағыттағы өзекті мәселені шешу ауқымды іс-шараны қажет ететіні түсінікті. Ал қандай да бір күрделі мәселенің жүйелі шешімі заңдық негізсіз жүзеге аспайды. Бұл ретте арнаулы заңға түзетулер енгізу қарастырылып жатыр. Тарқатып айтсақ, Оқу-ағарту министрлігі «Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындап жатыр. Бұл түзетулерді жуырда Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Мәжіліс депутаттарына таныстырды. Сонда мәлім болғандай, заң жобасы негізгі төрт бағытты қамтиды. Соның бір бағыты аясында кәсіби асырап алушы отбасылар институты енгізіледі. Бұл құрылым ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың арнаулы мекемелерді паналамай, бірден отбасының шуағына шомылуына жағдай жасайды.
– Түзетулер Мемлекет басшысының балалар үйіндегі тәрбиеленушілер санын азайту тәжірибесін жалғастыру жөніндегі тапсырмасына қатысты қолға алынды және бұл жаңа тәсілдерді әзірлеуді талап етіп отыр. Осы орайда қарастырылған бастама бойынша, енді асыраушысынан айырылған балалар анықталғаннан кейін олар балалар үйіне емес, бірден отбасыларға табысталады. Әрбір балаға ата-ана назар аударып, қамқорлық көрсете алуы үшін отбасындағы бала саны төрттен аспауы керек. Асырап алушы ата-ананың жасы 30-дан 53 жасқа дейінгі аралықта болады. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан, қорғаншылық және қамқоршылық органдарында тіркеуден өтеді, – деді Е.Оспан.
Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, мұндай кәсіби отбасыларға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен қатар, панасыз, қараусыз қалған, арнаулы әлеуметтік қолдауға мұқтаж балалар да орналастырылады. Материалдық ынталандыру үшін әрбір жетім баланы асырап-бағуға 10 АЕК (34 500 теңге) көлемінде ай сайын жәрдемақы және балалардың отбасында болу мерзіміне байланысты әрбір кәсіби тәрбиешінің қызметіне 70 АЕК (241 500 теңге) ақы төлеу көзделеді. Кәсіби отбасына баланы күтіп-бағуы үшін берілетін төлем көлемі асырап алған отбасыларға, қорғаншылық және патронаттық отбасыларға төленетін жәрдемақы көлемімен бірдей. Министрлік өкілі бұл төлемақы мәселесін ұзақ талқылап, отбасын құрудың барлық нысаны үшін төлемдердің көлемі біркелкі болуы керек деген шешімге келгендерін алға тартты.
Бірақ аталған заң жобасын таныстыру барысында депутат Ирина Смирнова кәсіби отбасының қызметі үшін белгіленген төлемнің төмен бағалағанына наразылық білдірді. Ол бұл сомаға балаларды бір уақытта киіндіріп, тамақтандыру мүмкін емес екенін және қолайсыздық тудыратынын атап өтті. Мәжілісмен төлемнің көлемін ұлғайтып, бұл үшін айлық есептік көрсеткішті емес, ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе елдегі орташа жалақыны негізге алуды ұсынды.
Бұл ретте министрлік қамқорлыққа мұқтаж балалардың көптігін ескере отырып, әр отбасында кем дегенде төрт бала тәрбиеленуі керек деп санайды. Осы орайда асырап алынған балаларды бағуға бөлінетін сома әлі де қайта қаралатыны жоққа шығарылмайды. Айта кететін жайт, егер әр отбасында төрт асыранды бала және екі ата-ана болса, оларға 621 мың теңге төленбек. Сонымен қатар жұбайы жоқ жалғызілікті әйел кәсіби патронат ата-ана бола алады. Сонда ол 379 500 теңге алады. Ал бұл рөл үшін жалғызбасты әкелер әлі қарастырылмаған.
Сонымен қатар бұл бастамаға қатысты қоғам белсендісі Аружан Саин өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, аталған құжатта кәсіби отбасылар институтының балалар үйін ауыстыратындай негізі қаланбаған.
– «Кәсіби отбасы» ұғымын енгізумен ғана іс бітпейді. Әлеуметтік қызмет көрсету орындарына айналуы керек балаларды қолдау орталықтарының, балалар үйлерінің жайы қалай болады? Яғни бұл әлеуметтік қызмет көрсету орындары кәсіби патронаттық отбасыларды дайындаумен ғана айналыспайды, олар балалардан бас тартудың алдын алуға күш салады, өмірлік қиын жағдайда отбасылармен жұмыс істейді. Әлеуметтік қызмет көрсету орындары баланың патронаттық тәрбиеде қалай өмір сүретінін тексеріп қана қоймай, кәсіби отбасында баланың барлық құқығын қорғауға және қажетті қызметтерді қамтамасыз етуге көмектесуі керек. Сондай-ақ аталған институтқа бөлінетін қаражат мәселесі де жан-жақты пысықталмаған. Сондықтан кәсіби отбасы институтын енгізуге қатысты жүйелі, кешенді тәсіл жоқ деп санаймын, – деді А.Саин.
Қалай дегенмен, жетімдікті сезінген балаларды қамқорлыққа алудың қадамдарын жетілдірудің осындай бастамалары қоғамда ашық талқыланғаны жөн. Бұл ретте жәутеңкөздердің тағдырынан пайда көздеуге мүлдем жол берілмеуі керек. Өйткені бұған дейін мұндай да келеңсіз оқиғалардың орын алғаны белгілі. Тіпті балалар үйлері де көп жағдайда тәрбиеленушілерді асырап алуға беруге мүдделі болмайтыны жиі сөз болған. Мұның бір себебі әр баланы бағып-күту үшін мемлекеттен бөлінетін қаржының көлемінде жатыр. Мысалы, А.Саинның айтуынша, өткен жылы отбасында тәрбиеленетін бір балаға жылына орта есеппен 402 879 теңге бөлінсе, балалар үйінің бір тәрбиеленушісіне бөлінетін сома 5 млн 309 мың 194 теңгені құрады. Яғни мемлекеттік мекемелерде баланы тәрбиелеуге арналған қаражат отбасылардағы балаларға қарастырылатын қаражаттан 13 есе асып түседі. Осыған қарап ата-ананың қамқорлығынсыз қалған кішкентайлардың балалар үйінде тәрбиеленгенінен гөрі кәсіби отбасында өскені қай жағынан тиімді көрінеді. Бірақ патронаттық отбасының да пайда ойлап кетпеуі аса маңызды сияқты.