Қазақстан • 09 Қараша, 2023

Қазақстанда алғаш рет TRIP ICAO аймақтық симпозиумы өтеді

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылғы 6-8 желтоқсан аралығында Қазақстанда алғаш рет TRIP жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы бойынша аймақтық симпозиум өтеді. Ол ИКАО Халықаралық азаматтық авиация ұйымының эгидасымен, Көлік министрлігінің, Азаматтық авиация комитетінің және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда алғаш рет TRIP ICAO аймақтық симпозиумы өтеді

Іс-шара бағдарламасына сәйкес үш күн ішінде TRIP ИКАО стратегиясының бес элементімен тікелей байланысты 10 панельдік сессия өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, сәйкестікті растау, машинамен оқылатын жол жүру құжаттары, құжаттарды беру және бақылау, тексеру жүйелері мен құралдары, бірін-бірі толықтыратын ақпараттық жүйелер.

Іс-шараның негізгі бағыты технология мен инновация арқылы жолаушылардың ұтқырлық деңгейін арттыруға бағытталған. Азаматтық авиацияны дамытудың басым бағыттарының бірі цифрлық трансформация болып табылатынын атап өту қажет. Көлік министрлігі Қазақстан әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсету және сәйкестендіру бойынша жаңа технологияларды қолдануға, сондай-ақ әуе тасымалы кезіндегі формальдылықты жеңілдету мәселелеріне ерекше назар аударады. TRIP ICAO аймақтық симпозиумы тәжірибе алмасу және жолаушыларды сәйкестендіру бойынша жалпы проблемалық мәселелерді талқылау үшін бірегей пікірталас алаңы болады.

TRIP ICAO аймақтық симпозиумының спикерлері Канада, Америка Құрама Штаттары, Франция, Ұлыбритания, Түркия, Жаңа Зеландия, Швейцария сияқты елдердің формальдылықты жеңілдету мәселелері бойынша халықаралық сарапшылары болады. Сонымен қатар іс-шараға Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO), Халықаралық әуежайлар кеңесінің (ACI), Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM), Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA), Біріккен ұлттар ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасының (UNHCR), Интерпол Бас хатшылығының, Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының, сондай-ақ Еуропалық шекара және жағалау күзеті агенттігінің (FRONTEX) қызметкерлері қатысады.

Қазақстанның спикерлері ретінде мемлекеттік органдардың (ҚР ҰҚК ШҚ, ЦДИАӨМ, ІІМ КҚҚК, КМ ААК), Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, Астана және Алматы қалаларының әуежайларының, отандық әуе компаниялардың (Air Astana, SCAT, Qazaq Air, FlyArystan) және Азаматтық авиация академиясының өкілдері сөз сөйлейді. Іс-шараның толық бағдарламасы Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің сайтында https://caa.gov.kz жарияланған.