Саясат • 10 Қараша, 2023

Экономикалық ықпалдастықтың мүмкіндігі мол

154 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсы­рмасымен Өзбек­станға жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Әлихан Сма­йылов Экономикалық ынты­мақ­­­тастық ұйымының 16-саммитіне қатысты.

Экономикалық ықпалдастықтың мүмкіндігі мол

Әлихан Смайылов ЭЫҰ тек мүше елдер үшін ғана емес, сонымен бірге жаһандық экономика үшін де маңызды саналатын әлемнің орасан зор табиғи ресурстар қоры бар стратегиялық аймағын біріктіретінін атап өтті.

Жалпы, ЭЫҰ елдері шамамен 500 млн халқы бар 8 млн шаршы шақырым аумақты алып жатыр, ішкі жалпы өнімі 2 трлн долларды құрайды.

«Бұл халықаралық аренада Эко­номикалық ынтымақтастық ұйы­мы­ның беделін одан әрі арттыру үшін биік мақсаттар қоюға мүм­кіндік беретін ұйымның ма­ңызды экономикалық әлеуетін айғақ­тай түседі», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуын­ша, ынтымақтастықты ны­ғай­ту­дың басым бағыттары­ның бірі өңір­аралық сауданы ынталандыру болуға тиіс.

«Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша Қазақстанның ЭЫҰ елдерімен тауар айналымы 40%-ға өсіп, 16,5 млрд долларға жетті. Сондай-ақ осы жылдың 8 айында тауар айналымы 3%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін Қазақстан Ұйым­ның әрбір еліне қосымша орта есеппен 100-ге жуық тауар түрін экспорттауға дайын», деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса Үкімет басшысы елі­мізде өңделген және азық-түлік өнімдерін тасымалдау көле­мін ұлғайтуға мүмкіндік беретін трансшекаралық хабтарды салу бойынша ауқымды жобалар іске асырылып жатқанын айтты.

Мәселен, заманауи сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы негізгі жобалардың бірі – Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өндірістік ынты­мақтастық орталығы. Осын­дай өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешен Қырғызстанмен шекарада да салынбақ.

«Сонымен қатар біз бір­­лес­­­­ті­­гіміздің аясында шекара­мы­з­­­дың периметрі бойынша­ Қазақ­­станда құрылған және жұ­мыс істеп тұрған уақытша сақ­тау қой­ма­ларын пайдалану ар­қы­лы бай­ланыстарды кеңейтуді ұсы­на­мыз», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайыловтың сө­зінше, ЭЫҰ-ға мүше 10 мем­ле­кет­тің жете­уінің дүниежүзілік мұ­хит­қ­а шыға алмайтындығына бай­­ла­нысты аймақтың өзара көлік бай­ланысын дамыту маңызды.

Бүгінде Қазақстан Транскас­пий халықаралық көлік бағы­тын да­мытуға басымдық бере отырып, инфрақұрылымдық және ло­гис­тикалық жобаларға белсенді түр­де қатысып келеді. Оның әлеуетін арт­тыру мақсатында Қазақстан, Әзер­байжан, Грузия және Түркия мем­лекеттері 2027 жылға дейін «тар» жерлерді синхронды жою және Орта дәлізді дамыту бойын­ша­ Жол карталарын іске асырып ке­леді.

«Олар маршруттың өткізу қабі­летін айтарлықтай арттыруға мүм­кіндік береді», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің сөзінше, Өзбекстаннан Қазақстанның батыс аймақтарына тікелей қаты­нас­ты қамтамасыз ету үшін «Бей­неу-Шалқар» автожолы салынады, ол 8-ТРАСЕКА жол дәлізін құру жұмыстарын аяқтауға мүм­кін­дік береді.

«Каспий теңізіндегі порт­тары­мыздың әлеуетін бел­сен­ді түрде кеңейтіп жатырмыз. Ақтау портында контейнерлік хаб және Құрық портында «Саржа» көпфунк­­ционалды терми­налы салы­нады. Орталық Азия ел­дері үшін Қытаймен өткізу пункт­­терінде бөлек стансалық жолдар­ды салу жоспарланып отыр. Біз бұл бағыттағы жүк айналымын жү­йелі түрде арттырып, 2030 жылға қарай оны жылына 500 мың контейнерге жеткізуді көздеп отырмыз», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр оған қоса Қазақ­стан Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылдап жат­қа­нын айтты. Осы бағытты дамыту мақсатында Иран, Түрік­­­менстан және Ресеймен бірлес­тікте тиісті Жол картасы іске асырылу үстінде. Бұл дәліздің өткізу қабілетін 2027 жылға дейін 10 млн-нан 15 млн тоннаға дейін арттырады.

«Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолы Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы ЭЫҰ мемлекеттері арасындағы ең қыс­қа жол ретінде ерекше маңыз­ға ие. Осы жылдың 9 айында атал­ған бағыт бойынша Иранға қарай жүк ағыны 9%-ға артып, 1,5 млн тоннадан асты.

«Жалпы, әкімшілік кедергі­лерді жою, көлік-логистикалық жүйе­лердің интеграциясын терең­дету мәселелері бойынша бір­лес­кен жұмысты күшейткен жөн», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр ынты­мақ­тастықтың тағы бір маңыз­ды басым­дығы ретінде индуст­рия­лық кооперацияны айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда ЭЫҰ ел­дерімен 13 мыңнан астам бір­лескен кәсіпорын жұмыс істейді, оның 1 800-ге жуығы өткен жылы ғана қосылды.

«Қазіргі уақытта ЭЫҰ елдері­­мен машина жасау, металлур­гия, жеңіл және химия өнеркәсібі, құры­лыс индустриясы және жер қойнауын пайдалану сияқты сала­ларда жалпы құны шамамен 2,7 млрд долларды құрайтын 26 жо­ба жүзеге асырылып жатыр. Биз­нес-серіктестерді жаңа жоғары тех­нологиялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз», деді Премьер-министр.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Қазақстан ЭЫҰ қағи­дат­тарына берік және ортақ биік мақсат­тарға қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты.