Биыл 16-рет ұйымдастырылған кинофестивальда Kazakhstan – Like Never Before саяхат туралы отандық бейнеролик «Үздік елдік ролик» және «Үздік жарнама компаниясы» аталымдары (Destination – Countries, Advertising Campaign) бойынша жеңімпаз атанды.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы жасаған Kazakhstan – Like Never Before бейнеролигінде отандық, Қатар мен Бельгия тревел-блогерлерінің Түркістан қаласы мен Алматы облысына жасаған саяхаттары көрсетіліп, елімізді жаңа қырынан тануға шақырады.
«Бұл ролик – еліміздің таңғажайып табиғаты мен мәдени мұрасына шетелдік туристердің назарын аудару тәсіліміздің жүзеге асқанының айқын көрінісі. Байқау ұйымдастырушылары тарапынан берілген жоғары баға еліміздің әлем туристері алдында өте қызықты мекен екенін және бейнероликтің өте сапалы әрі креативті жасалғанын тағы да дәлелдеді», деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Бейнероликті дайындаумен Әділет Рахметолла және Константин Киквидзе бастаған отандық біріккен шығармашылық топ айналысты.
Байқауға әлем бойынша түрлі жобалар ұсынылып, жарнамалық компаниялар, жарнамалық фильмдер, анимациялар, авторлық саяхат бейнероликтері, деректі фильмдер, веб-құжаттар және телебағдарламалар сияқты аталымдар бойынша үздіктер анықталды.
Халықаралық байқаудың қазылар алқасы құрамына аудиовизуалды кино, туризм, маркетинг және коммуникация саласындағы мамандар мен сарапшылар кірді.
Бұл – Қазақстанның аталған алаңдағы алғашқы жетістігі емес. 2021 жылғы фестиваль аясында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы жасаған Travelstan бейнеролигі үздік жарнама ролигі аталымында үздік деп танылған еді. Ал өткен жылы «Томас пен Люси Аткинсондардың Қазақстанға көзқарасы» коммуникациялық жобасы екінші орынға ие болды.