Қоғам • 10 Қараша, 2023

Визасыз режімнің пайдасы көп

393 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгіннен бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режім келісімі күшіне енеді. Біраз уақыт қоғамда қызу талқыға түскен құжаттың тиімділігі қандай? Осы маңызды мәселеге көз жүгіртіп көрген едік.

Визасыз режімнің пайдасы көп

Келісімге 2023 жылғы 17 мамырда Сиань қаласында Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды. Құжат­тың 1-бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабыл­дауды, халықаралық тасымалдарды, тран­зиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспауы қажет.

Азаматтарда 30 күннен артық қалуға қажеттілік туындаған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рә­сімдеуге тиіс. Визасыз режім жұ­мыс­қа орналасуға, оқуға және мис­сио­нерлік қызмет жасауға құқық бермейді.

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза­ның айтуынша, визасыз режімнің екі үлкен пайдасы бар. Біріншіден, Қытай­дағы қазақ бауырларымыз кедергісіз «Үрімжі – Алматы», «Үрімжі – Астана» бағытымен елімізге келіп-кете алады. Осылайша, туысқандарымен, жақын­дарымен қауышуына мүмкіндік мол.

«Мүмкін болашақта «Үрімжі – Алматы» пойызы да ашылып қалар. 32 жылда көшіп үлгірмеген бауырларымыз осы жағдайды пайдаланып, толықтай елге көшіп те келер деген үміт бар. Екіншіден, Қытайдың бизнесі келеді. Қытайдың жоғары деңгейдегі ірі бизнесі келгеннен кейін оның артынан орта буындағы кәсіпкерлер де Қазақстан нарығына тартылуы ықтимал. Әрине, олар үшін 20 миллиондық мемлекет аса қызық болмауы мүмкін. Бірақ дип­ломатиямыз достық қатынас арқылы бірнеше бизнеске бастау бола алады. Демек, экономикаға соны серпін беріледі», дейді С.Нұртаза.

Көші-қон мәселесімен 15 жылдан бері айналысып келе жатқан қоғам қайраткері Ауыт Мұқибектің айтуынша, Қытай мен Қазақстанның визасыз режімнің жалпы тиімді тұстары аз емес. Әсіресе экономикалық тұрғыда әжептеуір пайда әкеледі.

«Бұл әңгіме шыққан кезде халық­тың бір бөлігі қарсылық танытты, тағы бір бөлігі бейтарап күйде қалса, жақтағандар да болды. Бұл – саяси өзгеріс қарсаңында болатын табиғи құбылыс. Бір нәрсені жоққа шығаруға болмайды. Визасыз режім еліміздің эконо­микасына мол үлес қоспаса да, белгілі деңгейде жағымды әсерін тигізе­ді. Өйткені елімізді көргісі келетін, қазақ жерінде саяхаттағысы келетін қытайлықтар жеткілікті. 14 күндік визасыз режім енгізілгенде бұған көзіміз жетті. Қытайдан Алматыға көптеген турист келді», дейді А.Мұқибек.

Дегенмен қоғам қайраткері өз қаупін жасырмайды. Оның сөзіне сүйенсек, Қытайда туып, кейіннен Қазақ­стан азаматтығын алғандар визасыз режімді пайдалана алмай қалуы ықтимал көрінеді.

«Қандастарымыз визалық режім аясында Қазақстанға келіп, туыстарымен жолығып кете алады. Бұрын этностық қазақтар визасыз режіммен 14 күнге келсе, енді 30 күнге дейін ұзарды. Мені алаңдататыны, елімізге тәуелсіздік алған жылдары Қытайдан көшіп келіп, атажұртының төлқұжатын алған азаматтарымыздың жағдайы. Рас-өтірігін білмедім, олар визалық режімді пайдалана алмайды деп естідім. Егер бұл рас болса, онда бұл келісім халықтың наразылығын тудырады. Тағы бір айта кететін мәселе, қазіргі таңда Қытайдан Қазақстанға келіп, қоныстанғысы келетін қандастарымыздың саны күн санап көбейіп келеді. Үрімжіде виза кезегін күтіп, неше мыңдаған адам тіркеуде тұр. Сондықтан көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңнамаларға толықтырулар енгізіп, осы визасыз режім аясында Қазақстанға келген ұлты қазақ азаматтарға бір жылдан үш жылға дейін көп мәртелі виза рәсімдеу тәртібін енгізуіміз керек», дейді А.Мұқитбек.

Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Айбек Смадияров мұндай алып-қашпа әңгімені жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, келісім барша ел азаматына арналған. Яғни қайда туғанына қарамастан, визалық режімді қолдана алады.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның сөзіне сүйенсек, визасыз режім екі­жақты саудадағы пайда мен барыс-келісті жеңілдету тұрғысынан тиімді. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстан бұған дейін әлемнің отызға жуық мемлекетімен визасыз кіру режімін орнатқан. Келешекте тағы 26 мемлекетпен өзара визасыз режім орнату жоспарланған.

«Визасыз режім – қазіргі жаһандану дәуіріндегі өркениетті үдеріс. Бұдан әрі тоқтамай жалғасатын ғаламдық үдеріс. Жалпы, біржақты визасыз режімі бо­йынша еліміз әлемнің сексен елінің азаматтарына ашық. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қытай мен Қазақстан басшыларының өзара сапарлары нәтижесінде екіжақты сауда айналымын 30 миллиард АҚШ долларына дейін көтеру ойластырылып отыр. Осы мақсатта инвестициялық, туристік және жалпыэкономикалық ынтымақтастықты күшейту өзекті. Осыған орай визасыз режімді орнату бастамасы пайда болды. Оның алғышарты өткен пандемия кезіндегі сауда-шаруашылық қатынастар тоқтап қалуына байланысты болған. Бұл жайт кәсіпкерлерімізге, отандық ірі, орта және кіші бизнеске зиянын тигізді. Бұл ретте Қытайдың қазіргі кезде дүние жүзінің екінші экономикасына айналып келе жатқаны, әлемдегі атақты деген брендтердің көпшілік тауары шығыс көршімізде шығарылатынын, жалпы саны млрд жарым халыққа жете­ғабыл адам тұратын аумақта дүние­дегі күнделікті тіршілікке мұқтаж заттар­дың көпшілігі, оның ішінде замануи техно­логияларға қажет бұйымдар негізінен жаппай Қытайда өндірілетінін естен шығармауымыз керек», дейді А.Құспан.

Депутат келісімнің тағы бір тұсына назар аударады. Қытай өз тауарларын Еуро­паға тасымалдау үшін жаңа көлік дәліз­деріне мұқтаж. Осы орайда Транс­каспий халықаралық көлік бағ­дарын пайдаланғысы келетіні анық. А.Құс­пан­ның пайымдауынша, осынау бірегей мүмкіншілікті пайдалануымыз маңызды.

«Негізінен мұнайға байланған бюд­жетімізге қосымша қаржы ағынын қам­тамасыз етеді. Әйтпесе, Қытай Халық Республикасы Қырғызстан, Өзбек­стан, Түрікменстан, Иран арқылы Түркия мен Еуропаға өз тауарларын тасымал­даса, біз шетте қаламыз. Осы орай­да Қытаймен визасыз режімді Орта­лық Азия елдерінің бәрі дерлік орнат­уға дайын», дейді А.Құспан.

Қорыта айтқанда, Қытай мен Қазақ­стан арасындағы визасыз режім екі­жақты қарым-қатынасты тың деңгейге шығаратыны сөзсіз. Экономикалық байланыс нығайып, тауар айналымы артады. Ең бастысы, шетелдегі қан­дастарымыздың атажұртына кедер­гісіз келуіне жағдай жасайды.