Осы орайда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният барша ата-ананың қаперіне балаларын қызылшаға қарсы уақтылы вакциналаудың маңызды екенін айтып, үндеу тастады.
«Бүгін немерем екеуміз әлем елдеріндегідей біздің еліміздегі қолайсыз эпидемиялық жағдайды ескере отырып, қызылшаға қарсы екпе алу үшін қалалық емханаға келдік. Елімізде осы ахуалдың нашарлауы қыркүйек айынан бастап байқалды, балалар ұзақ уақыт жабық үй-жайларда өткізетін мектепке барды», деді министр Астана қаласының №9 емханасында.
Министр бұл инфекцияның жұқпалы екенін, әсіресе жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралатынын атап өтті.
«Сондықтан біз кейінгі екі айда бұл аурудың күрт өскенін көріп отырмыз. 13 мыңнан аса адам ауырып қалды, оның 83%-ын негізінен 5 жасқа дейінгі балалар құрайды, екпе алмаған ересектер де бар. Бүгінде қызылшамен сырқаттанған науқастардың 70 пайызы – вакцина салдырмаған балалар. Олардың көпшілігі, яғни 60 пайызы вакциналаудан бас тартқан», деді А.Ғиният .
Министрдің айтуынша, сондай-ақ сырқаттардың 18%-ы медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты және 22%-ы егу жасына жетпегендіктен екпе алмаған көрінеді. Бүгінгі таңда барлығы 2 013 бала, оның ішінде 30 бала ауыр жағдайда емдеуге жатқызылыпты.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Оның айтуынша, қызылшамен сырқаттану күрт өскендіктен, қосымша иммундау жүргізу туралы шешім қабылданды. Бұл науқан қаңтар айының соңына дейін созылады, ал дертке қарсы вакцина толықтай жеткілікті.
«Қызылшаға қарсы профилактикалық екпесі жоқ балаларға вакцина саламыз. Инфекция ошақтарында екпе алмағандармен байланыста болғандарды да вакциналаймыз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз», деді министр.
Осы орайда ведомство басшысы инфекциялық аурудың салдары туралы ескертті.
«Қызылша пневмония, түрлі қабыну, отит секілді соқырлыққа дейін қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда қызылшаны емдеудің өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан сақтанудың жалғыз жолы – тек вакциналау. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, бұл әбден тексерілген, біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз», деді А.Ғиният.
Вакциналау ережелеріне сәйкес иммундау педиатр баланы тексергеннен кейін ғана жүргізіледі. Оған анамнез жинау, температураны өлшеу, егілетін адамның жағдайын бағалау кіреді. Содан кейін егуге ақпараттандырылған келісімге қол қойылады. Әрі қарай иммундаудан кейін 30 минуттың ішінде вакцина алған нәресте дәрігерлердің бақылауында болады.
Қызылшаға қарсы профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес елімізде жоспарлы түрде екі рет вакциналау жүргізілетін еске сала кетейік. Атап айтқанда, бала алғашқы екпені 12-15 айлығында, екіншісін 6 жаста алады.
Биыл вакциналау халықтың мынадай топтарына: 6 айдан бастап 10 ай 29 күн болған балаларға, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күн болған балаларға, сондай-ақ бұрын екпе алмаған медицина қызметкерлеріне (55 жасқа дейін), профилактикалық екпе алмаған 18 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі.
Жалпы, 2023 жылдың басынан бастап республика бойынша қызылшаның 12 671 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 10 563 науқас – 14 жасқа дейінгі балалар, 354-і – жасөспірімдер, 1 754-і – ересектер.
Халық арасында қызылшаның таралуының алдын алу және елдегі эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында «Қызылшаға қарсы санитарлық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы» бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысы шығарылды. Көрсетілген қаулыға сәйкес биыл 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚКП) қарсы 6-11 айлық балаларға, желтоқсаннан бастап қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан 2-4 жастағы балаларға қосымша жаппай иммундауды жүргізу басталды.