Ауыл • 09 Қараша, 2023

Алты ауылға газ жетті

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 16 мың тұрғыны бар 6 ауылға газ құбыры тартылып, іске қосылды.

Алты ауылға газ жетті

2019 жылы «Алматы-Талды­қорған» магистралды газ желісінен кө­гілдір отын тарту арқылы «Ба­қанас» автоматтандырылған газ тарату стансасы салынып, ауданға жо­ғары қысымды құбырлар жүр­гізіле бастаған. Станса құры­лысы аяқ­талған уақытта газ тарату желі­ле­рінің болмауына байланысты көгілдір отынның берілуі кейінге ше­герілген.

Бүгінде халықтың көптен күт­кен арманы орындалып, 16 320 тұр­ғыны бар 6 елді мекенге – Бақанас, Миялы, Бояулы, Ақдала, Бақбақты, Бірлік ауылдарына газ беріле бастады. Бақанастың өзінде 52 шақырым газ құбыры жүргізілді. Ауылда 1 300-ден аса үй болса, қазір­дің өзінде оның 510-ы табиғи газға қосылып үлгерді. Осыған бай­ланысты ауданда салтанатты іс-шара өтті.

Жиынға арнайы қатысқан өңір басшысының орынбасары Нұржан Құдайбергенов пен облыстық партия филиалы төрағасының орын­басары Аслан Көбентаев тұр­ғындарды айтулы мерекемен құт­тықтап, балқаштық тұрғындар үшін қуанышты күн екенін, көптен күт­кен газбен қамту мәселесі шешімін тап­қанын айрықша атап айтты.

«Облыста 384 елді мекеннің 294-і газдандырылады. Қазіргі уақытта 149 елді мекен газдандырылып, нәтижесінде, 1 миллионнан аса адам газға қол жеткізді. Газ тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылытуға ыңғайлы, аймақта шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпалын тигізетіні анық», деді Н.Құдайбергенов.

Сондай-ақ «Amanat» партия­сы­ның Жол картасына сай 2027 жылға дейін өңірдің газдандыру деңгейі 70 пайызға жетпек.

«Ауданда жүзеге асырылуға тиіс мәселелерді тұрғындармен бірге талқылап, ұсыныс-тілектерін жинағанбыз. Солардың бірі – елді мекендерді газбен қамту мәселесі. Биыл Балқаш ауданында қараша айына дейін газ беріледі деп уәде берілген еді. Бүгін сол сәт туып, қуа­ныш­тарыңызға ортақтасып отырмыз. Табиғи газбен қамтамасыз ету мұнымен тоқтамайды. Алдағы уа­қытта басқа да ауылдарға газ құ­бы­ры тартылып, облыстың газдандыру көрсеткіші 70 пайызға өседі», деді А.Көбентаев.

Айта кету керек, биыл 18 ауыл бойынша құрылыс-монтаж жұмыс­та­ры жүргізіліп жатыр. Бұған бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген.

 

Алматы облысы