Жалпы, Жетісуда жеміс-жидек сақтайтын қойма некен-саяқ. Бұл мәселе бұрыннан көтеріліп келе жатыр. Қазір өңірде он шақты ғана осындай үлкен орын бар. Оны көбейту үшін қомақты қаржы қажет. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған нысанға 1 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған. Бұл облыстағы ауқымды қоймалардың бірі де бірегейі болмақ.
Панфиловтың алмасы өңірдегі ең тәтті жемістің бірі саналады. Қазір оны өндіріске айналдыру мәселесі айтылып жүр. Одан бөлек, түрлі жеміс-жидектер күз келе пісіп жетіліп, шіріп кетеді. Осы түйткілдің алдын алу үшін қойманың маңызы зор. Жалпы, өңірде жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын шағын көлемді 8 қойма бар. Енді бұл қатарға кәсіпкер Аюпжан Валиев басқаратын «Валиев» шаруа қожалығының 6 мың тонналық ірі көлемді заманауи қоймасы қосылмақшы.
Шаруашылық өкілі Анаят Тохтахуновтың айтуынша, жеміс-жидек сақтау қоймасын салу жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Нысанның құрылыс жұмыстарына жергілікті жерден 10 адам тартылған. Жоба биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 1 мың тонналық бөлігі іске қосылған. Құрылыс жұмыстары түбегейлі бітіп, қойма толық қуатымен іске кіріскенде 40 шақты адамға жұмыс орны ашылады деп межеленген.
Жалпы, қоймада 12 тоңазытқыш камерасы орнатылады. Мұнда өнімдерді тек сақтап қана қоймай, оны өңдеуге де ден қойылмақшы. Яғни қойманың бір шетінен 871 шаршы метрден астам жерге цех орнатуды жоспарлап отыр. Онда повидло өндіретін цех немесе жеміс сүрлеу комбинаты салынуға тиіс, осы екі жобаның қайсысы тиімді болатыны қазір қарастырылу үстінде.
«Жаркент аймағы – жеміс-жидек, көкөніске бай аймақ. Бағбандар күзгі жиын-терімнен соң өз өнімдерін өткізетін жер таппай қиналып қалады. Осы мәселені көзімізбен көріп жүрген соң, қойма ашу бізге де, шаруаларға да тиімді деп шешіп, құрылыс жұмыстарына кірісіп кеттік. Қойманың іске қосылған бөлігінде қазір алма, қырыққабат, бұрыш және басқа да жеміс, көкөністерді сақтауды қолға алып жатырмыз. Мұндағы алма Айдарлы ауылындағы «Жаркент-Фрукт» жеміс бағынан, ал бұрыш пен қырыққабат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан сатып алынып жүр. Бұл экологиялық таза өнімдер көтерме және бөлшек саудаға шығарылады», дейді А.Тохтахунов.
Жалпы, бұрыш, қызанақ, сәбіз, баялды секілді көкөністерді үй жағдайында сақтау қиын. Сондықтан шаруашылықтар мұндай өнімдерін келісім бойынша белгіленген мерзімге осы қоймада сақтай алады.
Осы ретте айта кетейік, Жетісуда жалпы сыйымдылығы 36 800 тонна болатын 31 қойма бар, оның 18-і – 23 250 тонналық картоп қоймасы, 7-еуі – сыйымдылығы 11 800 тонна болатын көкөніс қоймасы, 6-уы – 1 750 тонналық жеміс қоймасы. Солардың 11-і заманауи құралдармен жабдықталған. Өткен 9 айдағы көрсеткіш бойынша 185,9 мың тонна картоп, 211,6 мың тонна көкөніс және 51,5 мың тонна бақша дақылдары жиналған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, 12 қазандағы дерек бойынша себілген 324,4 мың гектар дәнді дақылдардың 272,7 мың гектары немесе 84,1 пайыз орылып, 544,6 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 20,0 центнерді құрап отыр. Соның ішінде масақты-дәнді дақылдардың 260,2 мың гектары немесе 97,7 пайыз орылып, 468,9 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділік – гектарына 18,0 центнер.
Шаруалар қант қызылшасын жинауға да белсене кірісіп жатыр. Бүгінде тәтті түбірдің 3,5 мың гектары немесе 41,2 пайыз жиналып, 142, 4 мың тонна өнім алынды. Әзірге орташа өнімділік гектарына 402,4 центнерді құрап отыр. Дәндік жүгерінің 12,2 мың гектары немесе 21,4 пайыз жиналып, 74,8 мың тонна өнім алынды, орташа өнімділік гектарына 61,3 центнерден айналды.
Күріштің 300 гектары немесе 27,7 пайыз жиналып, одан 0,94 мың тонна өнім алынды. Мұнда орташа өнімділік гектарына 32,0 центнер болып отыр. Ал майлы дақылдардың 26,9 мың гектары жиналды, одан 43,2 мың тонна өнім алынды, орташа өнімділік гектарына 16,1 центнерді құрайды. Картоптың 9,0 мың гектары немесе 76,2 пайыз жиналып, одан 185,9 мың тонна өнім алынды. Тиісінше орташа өнімділік – гектарына 205,7 центнер.
Көкөністің 7,1 мың гектары немесе 94,1 пайызы жиналып, 211,6 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 298,0 центнер болып отыр. Бақша дақылдары толығымен жиналып, 1,8 мың гектардан 51,5 мың тонна өнім алынды.
Жетісу облысы