Қазақстан • 10 Қараша, 2023

«AIFC Connect: Singapore 2023» іс-шарасына 50-ге жуық сингапурлық компания қатысты

179 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Сингапурдағы Елшілігінің қолдауымен аталған елде «AIFC Connect: Singapore 2023» іс-шарасын өткізді. Бизнес кездесуде халықаралық инвесторлар мен белді қаржы сарапшылары жиналып, олар Қазақстан мен Орталық Азиядағы бизнесті дамыту перспективаларын, соның ішінде капитал нарығы мен активтерді басқару салаларын талқылады.

«AIFC Connect: Singapore 2023» іс-шарасына 50-ге жуық сингапурлық компания қатысты

Жиынды ашқан Қазақстан Республикасының Сингапур, Австралия одағы мен Жаңа Зеландиядағы Елшісі Асқар Құттықадам: «Қазақстан мен Сингапур - тұрақты саяси диалог пен экономикалық байланыстарға негізделген берік әрі ұзақ мерзімді әріптестік құрған дос мемлекеттер. Біз Сингапурды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы басты саяси-экономикалық серіктес ретінде көреміз. Өз кезегінде Қазақстан Сингапурдың Орталық Азия елдері арасындағы жетекші серіктесі ретіндегі рөлін нығайтуға ниетті. Сингапурдың 8-ші Президенті аса мәртебелі Халима Якоб ханымның биыл мамыр айындағы Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапары серіктестігіміздің жаңа кезеңін ашты. Бұл оқиғаның басты нәтижесі әртүрлі салалардағы екіжақты қатынастарды дамыту бойынша өзара міндеттемелерді нығайту болды», деді. 

Панельдік сессияға қатысушылар көптеген мәселелер бойынша өз білімдері мен ұсыныстарын алға тартты. Мәртебелі баяндамашылар арасында Тек Кхан Онг (Templeton Asset Management компаниясының бас директоры), Алексис Нг (Ashmore Сингапур өкілдігінің басшысы және Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша директоры), Джеймс Тан (Quest Ventures басқарушы серіктесі) секілді тұлғалар сөз сөйледі. Панельдік сессияны Das Family Office-тің серіктес әрі стратегі Райнер Майкл Прайс жүргізді.   

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров елдер арасындағы екіжақты қатынастардың перспективалары және ынтымақтастықтың негізгі көрсеткіштері туралы айтып берді: «Қазақстан және Сингапур Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында екі ірі сауда әрі инвестициялық әріптес болғандықтан, біздің елдеріміз арасындағы қатынастардың негізгі құрамдас бөлігі экономикалық ынтымақтастық екендігі сөзсіз. Сингапурдың Қазақстанға салған инвестицияларының жалпы көлемі 1,35 млрд доллардан асып кетті. Қазақстанда қаржы және сақтандыру қызметін, өңдеу, тау-кен өнеркәсібі сияқты ауқымды салаларды қамтитын 90 бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, елімізде көтерме және бөлшек саудада, кәсіптік, ғылыми-техникалық салаларда 143 сингапурлық компания жұмыс істейді. Орта дәліз деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты екі серіктес мемлекет үшін де жоғары көлік әлеуетін көрсетіп отыр. АХҚО осы және басқа да трансұлттық жобаларды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды ұсынуды жалғастырып келеді». 

Іс-шара аясында екі панельдік сессия өтті. Бірінші сессия өзінің қарқынды өсуінің арқасында өзіне назар аудартқан технологиялық тұрғыдан дамыған AIX қор биржасының пайда болуы жағдайында Қазақстанның капитал нарығындағы тартымды инвестициялық мүмкіндіктерді зерттеуге арналды. 

Екінші панельдік сессия АХҚО-ның өңірдегі активтерді басқару индустриясын дамытудағы әлеуетін, сондай-ақ Орталық Азия өңірінің нарығына шығуға ұмтылатын осы саланың жаһандық компаниялары алдында тұрған перспективалар мен проблемаларды зерделеуге бағытталды.  

АХҚО Әкімшілігі Басқарма төрағасының м.а. Темірлан Мұханбетжановтың айтуынша: «АХҚО юрисдикциясы компанияларға айтарлықтай артықшылықтар береді, соның ішінде ағылшын жалпы құқық қағидаттарына негізделген құқықтық база, тәуелсіз қаржылық реттеу, дауларды шешудің бейтарап тетіктері, икемді корпоративтік басқару және қолайлы салық режимі. АХҚО кең спектрлік қызмет ұсына отырып, тек қаржылық компанияларды ғана емес, сондай-ақ қаржылық емес компанияларды, кәсіби қызмет көрсетушілерді де тіркеп жатыр. Бүгінде АХҚО юрисдикциясында криптомайнинг және деректерді өңдеу, IT, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, сауда, қаржылық қызметтер және т.б. салаларда қызмет көрсететін 29 сингапурлық қатысушы компания өз бизнесін белсенді түрде дамытып отыр». 

Аталған бизнес отырыс өзара тәжірибе мен білім алмасуға, тараптар арасындағы түсіністік пен байланысты ілгерілетуге ықпал ете отырып, инвестицияларды тартуға жәрдемдесуге, капиталдың серпінді әрі өтімді нарығын құруға және инновацияларды ынталандыруға жұмыс істеп жатқан қаржы орталығы – АХҚО шеңберінде іскерлік байланыстар орнатудың маңыздылығын көрсетті. Қаржы нарығының алдыңғы шебінде бола отырып, АХҚО Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан инвесторларға ұсынатын мүмкіндіктерді ары қарай ілгерілетуді жалғастыра береді.