Жекпе-жек • 13 Қараша, 2023

UFC-дің мерейтойлық турнирі

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Келесі жылдың көктемінде аралас жекпе-жектегі ең белді промоушен – UFC-дің мерейтойлық турнирі өтеді деп жоспарланып отыр. Дәл қазіргі кезде 300 мәрте ұйымдастырылғалы отырған жарыста кімдердің өнер көрсететіні анықталып жатыр.

UFC-дің мерейтойлық турнирі

Аталған турнирде ең таң­­даулы әрі санаулы ғана спорт­шылар күш сынасады. Үміт­керлер қатарында біздің Шавқат «Номад» Рахмонов та бар. Әрине, 29 жастағы қандасымызға ондай құрмет тегін көрсетіліп отырған жоқ. Олай деуге негіз, осы күнге дейін 17 жекпе-жек өткізген Шавқат соның бірде-біреуінде жеңілген емес. Ол аз десеңіз, қазақтың қайсар ұлы барлық қарсыласын мерзімінен бұ­рын ұтты. Тарқатып айтсақ, өз бә­секелерінің тоғызын – бі­рінші және алтауын екінші кезеңде аяқтады. Тәжікстандық Фаридун Одилов (2018 жылы) пен америкалық Джефф Нил (2023 жылы) ғана үшінші раунд­қа дейін шыдады. Десек те Рахмонов соңғы сәтте олар­дың да осал тұсын тапты. «Номад» Одиловты ұрып жықса, Нилды қылқындырып тастады.

Көпшілік Шавқат Рах­моновтың 37 жастағы Гил­берт Бернспен күш сы­насқанын қа­лайды. Ол да өте мықты спортшы. Рио-де-Жанейроның тумасы 2012 жылдан бері осы спорт түрін серік етіп келеді. Сол кезден бері 28 мәрте окта­гонға шығып, 22 рет же­ңіс тойын тойлады. 15 айқаста айқын басымдық танытты. 2021 жылдың басында Бернстің жартылай орта салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық белбеуді иеленуге жақсы мүмкіндігі болды. Бірақ ол Лас-Вегаста өткен басты бәсекеде Камару Усманға есе жіберді. Соңғы рет бразилиялық файтер биыл мамыр айында Белал Мұхаммадпен айқасып, одан ұпай санымен ұтылды. Қазіргі кезде Гилберт UFC-дің рейтингінде төртінші орынды иеленді. Ал Шавқат Оңтүстік Американың оғыланынан бір саты төмен тұр.

Сонымен қатар спортсүйер қауым UFC 300 мерейтойлық турнирінде Конор Макгрегор (Ирландия) мен Майкл Ченд­лер (АҚШ), Ислам Махачев (Ресей) пен Чарльз Оливейра (Бразилия), Дастин Порье (АҚШ) мен Джастин Гэджи (АҚШ) және Хамзат Чимаев (БАӘ) пен Пауло Кос­та (Бра­зилия) арасындағы ай­қасты кө­руге айрықша құш­тарлық танытып отыр.