Кәсіпқой бокс • 12 Қараша, 2023

Жәнібектің ендігі қарсыласы кім?

157 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазан айының бел ортасында АҚШ-тың Техас шта­тындағы Розенберг қаласында германиялық Винченцо Гуальтьериді алтыншы раундта ұрып жығып, орта салмақта WBO мен IBF секілді екі бірдей белді нұсқаның чемпиондық белбеуін иеленген Жәнібек Әлімханұлы «Top Rank Boxing» промоутерлік компаниясының басшыларына алдағы уақытта Эрисланди Лара немесе Карлос Адаместің бірімен жекпе-жек ұйымдастыру жайында өтініш білдірді. Ал сол боксшылар жайында біз не білеміз?

Жәнібектің ендігі қарсыласы кім?

«Гуантанамоның алтыны» деген жанама есімге ие болған Эрисланди Лараның жасы – 40-та. Кезінде ол әуесқой рингте табыс­ты өнер көрсетті. 2005 жылы Қытайдың Миньян қаласында өткен әлем чемпионатында 69 кг салмақ дәре­жесінде сынға түскен ку­ба­лық боксшы украиналық Сергей Деревянченко (30:9), үндістандық Вижендер Сингх (айқын жеңіс), ресейлік Андрей Баланов (28:16), америкалық Мелсон Бойд (айқын жеңіс), қазақ Бақтияр Артаев (31:22) және беларусьтік Магомед Нурутдиновты (24:9) ұтып, бас жүлдені олжалады. Дәл сол жылы Лара Мәскеуде ұйым­дастырылған Әлем ку­богінде күміс медальды ие­ленсе, 2006 жылы Колумбияның Кар­тахенасында Орталық Аме­рика мен Кариб бассейіні ойындарының жеңімпазы атанды. Сөз орайы келгенде, Эрисланди Лараның түрлі жа­рыстарда біздің Бақыт Сәр­сек­баевқа екі мәрте есе жі­бер­генін де айта кеткен абзал.

2007 жылы Бразилияда алауы тұтанған Панамерика ойын­дары барысында Лара өзінің ко­мандалық әріптесі, Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы Гильермо Ригондо екеуі қашуға әрекет жасайды. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспай, жергілікті полицейлер оларды Кубаның де­легация басшыларына табыстайды. Десек те келесі жылы Лара көздеген мақсатына қол жеткізді. Басында Германияға қоныс­танған ол көп ұзамай АҚШ-қа аттанды.

пр

Кубаның қабыланы кә­сіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін 2008 жылдың 4 шіл­десінде өткізді. Содан бері 15 жылдан аса уақыт зулап өте шыққан екен. Сол ара­лықта Эрисланди 34 рет шаршы алаң­ға шығып, 28 жекпе-жекті өз пайдасына шешті. 16 қарсыласын есінен тандырды. Ол 2011 жылы Пол Уильямс (39-2), 2014 жылы Сауль Альварес (43-1-1) және 2018 жылы Джарретт Хердтан (21-0) ұпай са­ны­­мен ұтылды. Тағы үш бәсеке тең аяқ­талды. Соңғы рет Лара былтыр көк­тем­де Гэри О’Салливанды сегізінші раундта сұлатып салып, WBA нұсқасының орта салмақтағы чемпиондық атағын сәтті қорғады.

Ал Карлос Адамес – 29 жаста. До­ми­никан Рес­пуб­ликасында дүниеге келген ол да спорттық мансабын әуесқой рингтен бастады. Жастардың Панамерика бі­ріншілігінде топ жарып, әлемдік додада ширек финалға дейін жетті. Ерлер арасында құрлық чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2013 жылы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында жалауы желбіреген дүниежүзілік додада үш кездесу өткізді. Алғашқы екі қарсыласын ұт­қанымен, 1/8 финалда біздің Мерей Ақшаловқа жол берді.

Адамес кәсіпқойлар арасында 2015 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Сол ара­лықта 24 кездесу өткізіп, 23 рет же­­ңіске жетті. 18 б­әсекеде айқын ба­­сымдық таныт­ты. Оның тек Патрик Тейшейраға әлі жетпеді. 2019 жылдың 30 қарашасында өткен кездесуде барлық тө­ре­ші бразилиялықтың мық­ты­­лығын мойындады. Кар­лос кейінгі үш жекпе-жегінде Сергей Деревянченко, Хуан Масиас Монтьель және Джу­лиан Уильямс сынды танымал былғары қолғап ше­бер­лерін жеңді. Қазіргі кезде доми­никандық боксшының WBC нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтың «уақытша» чемпионы деген атағы бар.