Осы орайда Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы тұрғындарды жылыту пешін қолданғанда мейлінше сақ болуға шақырып отыр. Кешегі Ынтымақ-1 шағын ауданында орын алған қайғылы жағдай да қауіпсіздік шарасының маңызын одан сайын арттыра түсті. Естеріңізге сала кетсек, жуырда аталған шағын ауданда бүтін бір отбасы табиғи газдан уланып көз жұмған еді.
Департамент өкілінің айтуынша, немқұрайдылықтың салдарынан жыл сайын жеке тұрғын үй секторларынан, мекемелерден, көпқабатты үйлерден өрт шығу деректері жиілеп барады. Олардың саны жыл сайын артып бара жатқанын ресми статистика да растап отыр. Осы ретте маман өрттің негізгі шығу себебін атап өтті. Бұл көбінесе электр желілерінің қысқа тұйықталуынан болып жатады. Ал оның басты кінәраты – монтаждау жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі. Үйдің электр жүйесін тексеріп, дер кезінде жөндеу жұмыстарын жүргізбесе де қысқа тұйықталу орын алады. Себебі жылыту пештерінің электр көзіне жалғанғанда сымдарға ауырлығы артады. Соның салдарынан желілер қысқа тұйықталып, от шығып кетеді. Сол үшін маман уақытында тексеріп, жөндеу жұмыстарына көңіл бөліп, монтаж жасатқанда білікті кәсіби шеберге жүгіну керектігін ескертеді. Өрттің шығуының екінші себебі – балалардың сіріңкемен ойнауы немесе темекі тұқылын сөндірмей тастай салу. Әсіресе балконнан темекі шегіп, төмен қарай лақтыра салатындар бар. Бірақ темекі тұқылы төмендегі балконға түсіп, сол жерде өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.
«Өрттің пайда болуына үш жағдай түрткі болады. Оның біріншісі – жану көзі. Оған электр желілерінің қысқа тұйықталуы, сіріңке тағы басқалар жатады. Екіншісі – жанатын орта. Бұған темекі тұқылы түскен балконды жатқызуға болады. Үшіншісі – ауа райы. Өрт орын алмау үшін осы үш тізбектің біреуін үзуіміз керек. Яғни егер қысқа тұйықталу болмаса демек өрт болмайды. Немесе үйде жанатын материалдар аз болса, «тілсіз жау» да бүкіл үйді шарпи алмайды. Жыл басынан бері өртке қатысты 180 оқиға тіркелген. Негізінен бұл жерде адамдардың өзі кінәлі. Биыл кәсіпкерлік нысандары да отқа оранды. Ұжымдық жауапкершілік, қауіпсіздік болмаса осындай қайғылы жағдайлар орын алады. Ата-аналар балаларымен қауіпсіздік ережелері туралы көп әңгімелесуі керек. Балалар құтқарушы қызметтердің нөмірлерін жатқа білуге тиіс. Департамент жыл басынан бері алдын алу іс-шарасы бойынша көптеген кездесу өткізді. Онда халыққа қауіпсіздік шарасын сақтау туралы ережелер барынша түсіндірілді», деді Еркін Отарғалымұлы.
Департамент әлеуметтік жағдайы төмен 2 005 отбасын өз бақылауына алған. Себебі оларда кейде жөндеу жұмыстарына, қондырғыларды сапалы орнатуға, басқа да қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге қаражаттары жетпей қалуы мүмкін. Осы орайда төтенше жағдайлар қызметі 80 үйге улы газды анықтайтын арнайы датчикті тегін орнатып берді.
Маманның айтуынша, әсіресе газ қазандықтарын өз бетімен қоятындар бар. Қазандықтан тарайтын улы газды сыртқа шығаратын құбырларға мән бермейді. Көмірмен жағылатын пештің де мұржасын, құдықтарын жыл сайын күйеден тазалап тұру қажеттігін ескертті. Шымкент қаласында елді мекендерді түгел газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен 10 мыңнан аса үй әлі де қыста көмір жағады. Сондықтан көмірқышқыл газына уланып қалу қаупі жылыту маусымында еселене түседі. Ал қайғылы жағдайды болдырмаудың жалғыз жолы – қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау. Әсіресе ер кісілер үйдің отағасы болғандықтан, отбасының қауіпсіздігіне бірінші кезекте солар жауапты. Сондықтан газ қондырғысы мен пештердің дұрыс жұмыс істеуіне, құбырларының тазалығына, желдеткіштер мен дабыл қаққыш датчиктердің болуына баса мән беруі қажет.
Сондай-ақ төтенше жағдай қызметі өкілінің айтуынша, қала әкімдігінің қолдауымен департаменттің материалдық-техникалық базасы 90% жаңартылған. 2021-2025 жылдарға арналған мегаполисті дамыту жоспарына сәйкес қосымша 14 техниканы сатып алу көзделіп отыр. Сонда 2025 жылға қарай департаменттің қажетті техникамен жабдықталуы 100%-ды құрайды. Департамент келесі жылы дрондар сатып алуды жоспарына енгізген. Төтеншеліктерге мегаполисте құрылған 21 азаматтық қорғау қызметі көмек көрсетеді.
«Бүгінгі таңда құрылыс нысанын саларда жобалық-сметалық құжаттамасын төтенше жағдайлар департаментімен алдын ала келіспейді. Сонымен бірге департамент өкілдері құрылысы біткен нысанды қабылдап алатын комиссия құрамынан да шығарылған. Осының барлығы жаңа ғимараттарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауына кері әсерін тигізіп жатқаны рас. Мәселен, биыл 550 нысан тексерілді. Ешқайсысының да өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап бермейтіні анықталған. Департамент орын алған кемшіліктерді жоюға нұсқама береді, талап орындалмаса, сотқа арыз түсіреді. Дегенмен жүйедегі кемшіліктерді жоюға күш салынып жатыр. Соның бірі арнайы заң жобасы қаралу үстінде. Бұл бойынша әлеуметтік, халық көп шоғырланатын, 10 қабаттан жоғары үйлерді салуға байланысты жобалық-сметалық құжаттамалар бұдан былай департаментпен алдын ала мақұлданады. Көп қабатты үйлерге орнатылатын өрт қауіпсіздігі жабдықтарын күтіп-ұстау кондоминиум, яғни мүлік иелері бірлестігінің жауапкершілігіне жүктелуге тиіс», деді азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы.
Департамент өкілінің хабарлауынша, мегаполисте 9 өрт сөндіру бөлімі бар. Алайда қаланы өрт сөндіру бригадасымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін бөлім саны 22 болу керек. Бұл талап қала әкімдігі тарапынан біртіндеп орындалып келеді. Мәселен, биыл 2 өрт сөндіру бөлімі қолданысқа берілсе, келесі жылы тағы екеуінің құрылыс жобасы дайындалады. Жалпы, 2030 жылға дейін меже толық орындалып бітуге тиіс.
ШЫМКЕНТ