Қоғам • 13 Қараша, 2023

Параойын жүлдегерлерімен кездесті

124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов 22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия параойындарының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті.

Параойын жүлдегерлерімен кездесті

Жарыста Қазақстан атынан парапауэрлифтинг, бочча, паражеңіл атлетика, паравелоспорт, академиялық ескек есу, парадзюдо, отырып ойнайтын волейбол, параүстел теннисі, шахмат, параоқ ату, парасадақ ату, паратаэквондо, паражүзу және параканоэ сияқты 14 спорт түрінен 131 спортшы қатысты. Нәтижесінде, ел құрамасы 41 медаль жеңіп алды, оның ішінде 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль иеленді. Медаль саны бойынша Қазақстан 44 қатысушы ел арасында 11-орынға көтерілді.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысхатын оқып, отандық паралимпиада ойыншыларын өткен Параойындарындағы жарқын жеңістерімен құттықтады.

«Сіздердің бойларыңыздағы жанқиярлық рух пен жеңіске деген құштарлық миллиондаған адам­дарды өмір­дегі қиындықтарды еңсеруге және та­быс­қа жете­лейді. Сіздердің керемет спорт­­тық өнер­­лері­ңіз адамның ерік-жігері­нің шек­сіз екенін паш етті. Сіздердің әрқайсылары­ңыз­­дың өмір жол­дарыңыз – өскелең ұрпақ үшін шебер­­ліктің, батыл­дық­тың, сондай-ақ табанды­лық­тың үлгісі. Он­сыз, әрине, жоғары спорттық нәти­же­лерге қол жет­кізу мүмкін емес», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, жетістікке жету жолында паралимпиадашыларға қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар да ерекше құрметке лайық.

«Сіздер табысқа жету жолында талмай күрестіңіздер. Азия параойындарындағы бүгінгі жеңістер – болашақ Паралимпиада жетістіктері үшін маңызды қадам», деді ол.

Үкімет басшысымен кездесуге құрлықтық жарыстардың жеңімпаздары Давид Дегтярев (парапауэрлифтинг), Нұрдәулет Жұмағали және Диас Кенжебек (паражүзу), Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей және Олжас Ораза­лы­ұлы (парадзюдо), Дастан Мұқашбеков (жеңіл атлетика) қатысты.

Азия рекордшысы Нұрдәулет Жұмағали мұн­­­дай ірі жарыс алаңында өнер көрсету әр­қа­шан үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

«Жаттығу барысында біз барлық тапсырманы бұлжытпай орындадық. Жарыс алдында дайындығымыз жоғары деңгейде өтті. Азия параойындарында бүкіл қазақ елінің қолдауын ерекше сезіндім. Барлық спортшының атынан, Қазақстан халқына зор алғысымды білдіремін. Алдағы Паралимпиада ойындарында еліміз Әнұранының шырқалуына бар күшімізді саламыз», деді ол.

Парадзюдошы Ақмарал Науатбек Азия параойындары Қазақстан спортшылары үшін Паралимпиада алдындағы үлкен сынақ бол­ғанын атап өтті.

«Біздің жетістігіміз – барлық жаттықтыру­шы мен медицина қызметкерінің бір­лес­кен еңбегінің нәтижесі. Барлық спорт­шы­ атынан алдағы Паралимпиада ойындары­на тыңғылықты дайындалып, елімізді жақсы жетістіктермен қуантамыз деп толық сеніммен айтамын»,  деді ол.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды даярлаған жаттықтырушыларға Мемлекет басшысының атынан алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Қазақстанның Паралимпиадалық дзюдо федерациясы да Президенттің алғыс­хатымен марапатталды.